90 жылдары жанкештілікпен орыс мектебінде қазақ сыныбын ашқан, кейін сол мектепті толық қазақ тіліндегі білім ошағы қылып қана қоймай Әлихан Бөкейхан атын алып беру үшін ерлікке папа-пар еңбек еткендердің бірі де бірегейі Светлана Шайменқызы болатын. Ұлт қайраткері атындағы білім ошағында бүгінде зейнеткерлікке шыққанымен мектептен әркез табылып, әріптестеріне білгенін үйретуден жалықпайтын қазақтың қайсар қызы атындағы арнайы кабинет салтанатты түрде ашылды.
1992 жылдың желтоқсанында Қарағандыдағы қазақ мектептерінің санын арттырып №76 мектеп Әлихан Бөкейхан есімін иеленген болатын.
Тәуелсіздікке жаңа ғана қол жеткізген уақытта тарту болған бұл білім ошағының толық қазақ мектебі болып есігі ашылғанша қаншама тер төгілді. Бүгінгі жастарға ол аңыз болса, Светлана Шайменқызының замандастары үшін айта салуға оңай болғанымен, ауыр жол болатын.
Салтанатты жиынға Светлана Шайменқызының құрбылары, шәкірттері, бауырлары келіп ізгі тілектерін арнады.
Сол уақытта мектеп директорының бастауыш сыныптар бойынша орынбасары болған Светлана Шайменқызы:
– Алғашқыда тек бастауыш сыныптар ғана болды. Аудандық білім бөлімі «әр сыныпта 20 баладан кем болмасын» деген талап қойып, жұмысымызды тығырыққа тірегені бар. Өйткені, қазақ балалары орыс мектебіне баратын. Үгіт-насихатты күндіз-түні жүргіздік. Бір сыныпқа 18 баланы әрең тауып, сынып ашайық десек, білім бөлімі келіспейді. Содан ата-анасымен келе жатқан екі баланы көшеден ұстап алып, жетектеп әкеліп, 20 балаға толтырып, сынып ашқан едік. Әр пәтердін есігін қағып жүрдік қой. Осында қатысып отырған сол балалардың ата-анасы куә, – деп өткенге жетеледі.
Ардагер ұстаз, Күліш (Күн апа) Төлеуханова,Ұлттық ғылым академиясының академигі, химия ғылымдарының докторы Бораш Игілікұлы, «Ыбырай Алтынсарин» медалінің иегері Дидар Қарсыбекқызы бүгінгі кеш иесі туралы жылы сөздер айтып, мерейін тасытты.
Сонымен қатар, алыс-жақыннан келген құрбылары, ата-аналар, бауырлары да өткен күндерді ықыласпен еске алысты.
Ұстаз Қорлан Молбасова болса Светлана Шайменқызының жастайынан ер мінезді, батыл болғанын алға тартты.
Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп директоры Айнұр Жаппарқұлова Светлана Шайменқызының білім ошағына жұмсаған қажыр-қайратына тоқтала келе, осы кешке жиналған қауымға алғыс білдірді.
Бастауыш сынып мұғалімдері өздеріңе үлгі болған ұстазға шын ниеттерін білдірді.
«Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» Күліш Төлеуханова мен Светлана Шайменқызы дәрісхананың лентасын қиып, жиналғандар шашу шашты.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ