«Қара» тізімдегі 11 үй

Қарағанды қаласында салынып жатқан 11 көпқабатты тұрғын үй «қара» тізімге ілінді. Яғни 11 нысанда рұқсат құжаттарының толық пакеті жоқ. Дегенмен, олар құрылысты бастап кеткен немесе қандай да бір жолмен жалғастыруда. Мемлекеттік тіркеуі болмаса да пәтерге ақша салған үлескерлер жаңа үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп кіріп те алған.

Алдағы уақытта Қазақстанда баспана сатып алу бойынша алдын ала келісімшарт жасауға тыйым салынбақ. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мұндай шараға баруының басты себебі құрылыс компаниялары қолданыстағы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды айналып өтіп, нотариалдық куәландырусыз және әділет органдарында тіркелмей-ақ адамдармен келісімшартқа отыратындығында.

Иә, бұл мәселе Қарағанды қаласында былтырдан айтылып келеді. Сол уақытта Қарағанды облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы жосықсыз құрылыс салушылардың тізбесін жариялады. Онда 10 тұрғын үйдің құрылысы заңсыз деп танылғандығын айтқан болатын.

Дегенмен, құрылыс компанияларының жұмысын әрі қарай жалғастыра беруіне кедергі келтірмесе керек. Жаңа 2024 жыл басталмай жатып, Басқарма басшысы Сержан Аймақов «қара» тізімді қайтадан ортаға тастады. Бұл жолы 10 емес 11 тұрғын үй сапта тізілді.

Ал облыстың мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен осы тізімдегі «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендерін бұзуға шешім де шығарып қойған.

Үлескерлікпен пәтерге ие боламын деген осы кешендердің болашақ тұрғындары далада қала жаздады.

Дегенмен сот заңсыз салынған үйлерді бұзуға шешім шығарып, облыс әкімдігі тарапынан сынға ұшырағаннан кейін ғана басқарма ақпараттандыру саласына түбегейлі өзгерістер енгізбекші. Тіпті, тұрғындарға заңсыз құрылыстар туралы ақпаратты күнделікті беріп отыруға уәде етіп отыр. Себебі, «қара тізімге» іліккен үйлерді сатып алып, енді далада қалу қаупі туған пәтер иелері соңғы күндері аталған басқарманы «заңсыз салынып жатқан үйлер туралы ақпарат неліктен жеткіліксіз болды?» деген сұрақтың астында қалдырған еді.

Басқарма басшысы Сержан Аймақовтың өзі де тұрғындардың айтарын түбегейлі жоққа шығарып отырған жоқ.

Толық пакеті жоқ үйлердің сатып алушылары кейбірі пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп кіріп те алған. Оларды жұбату үшін Сержан Жаңабекұлы облыстың мамандандырылған ауданаралық сотының шешімі түпкілікті емес дегенді де айтып ақталуда. Себебі, апелляцияға бермекші. Болмаса, Жоғарғы Сотқа дейін баруға бейіл.

Басқарма басшысы соттың шешімі шығып қойған «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендеріне қатысты басқа ақпаратпен бөліскен жоқ. Себебі, сот процесі әлі де жүріп жатыр.

– «Қаншама компания тұрғын үй­лерді заңсыз салуда. Талайын үлескерлер­дің қаражатын заңсыз алғаны үшін жауапқа тарттық» деген ақпарат қашан да болсын беріліп отырды. Одан бөлек, басқарманың ресми сайты да бар. Бірақ, Instagram, Facebook-тегі жазылушыларымыз өте аз. Сайтқа да адамдар сирек кіреді. Биылдан ақпарат тарату жағынан жұмыс ұстанымызды түбегейлі өзгертеміз. Күн сайын нақты уақыт режимінде, заңды белден басып, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары туралы ақпаратты беріп отырамыз, – дейді Сержан Аймақов.

Мысалы,  құрылысы рұқсатсыз жүріп жатқан «Қарқаралы» тұрғын үй кешенінің мердігері «Buildary» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігі қолдарында құрылысты тоқтату туралы соттың шешімі болса да, жұмыстарын жалғастыруда.

– Жарнамаға сенбеңіздер. Егер осы үйге үлескер ретінде қаражат салып қойсаңыздар, қайтарып алуға тырысыңыздар. Себебі, бұл үй бұзу жөнінде сотқа баратындардың ішінде бірінші тұр, – дейді басқарма басшысы.

Сүрілуі тиіс үйлерді салып жатқан құрылыс компанияларының ешқайсысы үлескер тарта алмайды. Соттың үйлерді құлатуға шешім шығарғанда назарға алынған себептің бірі – осы.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 320-бабы бойынша заң бұзушылықтар орын алған. Яғни, үлес­керлердің қаражатын заңсыз тартқан. Құрылыс кезеңінде компания мұны тек «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» және «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңдарға сәйкес жасай алады. Пәтер сатып алушылардың қаражатын тартуға рұқсатты жергілікті атқарушы орган беруге тиіс. Үлескерлер ғимараттың шамамен 80-85%-ы тұрғызылғанда, болмаса, бірыңғай оператордың кепілдігі болған кезде немесе жобаға екінші деңгейдегі банк қатысқан кезде ғана қаражатын сала алады, – дейді Сержан Жаңабекұлы.

Ал «Хан», «Al-Farabi» және «Nura» тұрғын үй кешендеріне қатысты басқарма басшысы аталған нысандарды салып жатқан компанияларды бірінші 2022 жылғы мамырда әкімшілік шаралар қолданғанын айтады.

Енді ғана іргесі көтеріле бастағаннан-ақ, дабыл қағып, прокуратураның ұсынысы бойынша айыппұл салған. Ал тағы бір айдан соң құрылыс жұмыстарын тоқтату туралы шешім шық­қан. Бірақ, шешімді көзіне ілмеген компания жұмысын тоқтатпаған.

Бұл бірінші оқиға емес, құрылыс саласындағы былық бірнеше жылдан бері жалғасуда. Құлап қалған «Бесоба» құрылысынан кейін де осы салаға жауапты министрліктегілер «әр құрылыс сапалы салынады, құжаттары тексеріліп, халыққа да үлескер мен пәтер иелеріне ешқандай қауіп тудырмайтындай қыламыз» деген болатын. Әзірге, «баяғы жартас, сол жартас» дегендей, айтылғанның бәрі сөз жүзінде қалып тұр.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *