«Ғасыр адамы» құрметтелген күн

Қарағандыда физика пәні бойынша алғашқы рет оқушылар арасында  «Ғасыр адамы» атындағы олимпиада өтті. Бұдан үш жыл бұрын «Әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясы» ХХ ғасырдың ғұламасы Темірғали Көкетай Әбілдаұлының атына кабинет ашқан болатын. Оқушылардың басын қосқан бұл жиынға аймақтағы жүздеген мектептен өкілдер келді.

– Биыл төрт жыл болады, «Ғасыр адамы» атындағы кабинетті ашқанымызға. Соның арқасында жылына бірнеше мәрте Темірғали Көкетай ағамызбен кездесу, оқушылар арасында сайыстар өткізіп тұрамыз. Балалардың құлшынысы керемет. Біздің мектепте Қарағандының ғана емес жалпы Қазақстанның мақтанышы атындағы кабинет барына қуаныштымыз. Олимпиадаға қатысамын деген оқушылар саны көп болды. Әр қала, аудан, ауылдан бір мектептен 3-4 оқушыға дейін өтініш берді, – дейді мектеп директоры Қымбат Оспанова.

Сонымен қатар осы кабинетті ашуға мол еңбегі сіңген математика пәні мұғалімі Мархабат Нарованың атын ерекше атап өтуіміз керек.

Темірғали Көкетай ағамыз 1964 жылы Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік педагогика институты­ның физика-математика факультетін тәмамдап, Эстонияның Тарту мемле­кет­тік университетінде оқиды.. Эстония сол кездегі Кеңес Ода­­ғы­ның құрамындағы Балтық жа­ға­лауы елдерінің бірі еді. Университетте екі жарым мыңнан астам студент оқиды, 92 кафедрасы бар.

Темірғали Әбілдаұлы сол жерде жүріп 1970 жылы докторлық диссертациялар қорғайтын маманданған ғылыми кеңесте «Мыс және күміс иондарының сіл­тілі-галоидтік кристалдардағы люминесценция орталық­тарының табиғаты» туралы кандидаттық диссертациясын қорғады.

Физиканың заңы бойынша 180 градусқа дейін қыз­дырылған қандай болсын қатты дене сыртқа жарық бермей қоймайды екен. Ғалым суық жарықты ойлап тапқан. Дене қызбай-ақ сыртқа жарық шығарады. Сонымен, әлемде бұрын-соңды болмаған жаңалық ашқан ғұлама – қазақтан шыққан мақтан тұтар физик Темірғали Көкетай Әбілдаұлы.

Бүгінгі күні  физика-математика ғылымдарының докторы, профессор атанған ғалым әлем назарында. Физика ғылымына сіңірген еңбегі үшін «Ғасыр адамы» атағы беріліп, өзі 25 жыл айналысқан «Қатты дененің абсолюттік спектроскопиясы» еңбегін Халықаралық биографиялық орталық тізімге алған.

Аталмыш олимпиаданың басты мақсаты бар саналы ғұмырын білім мен ғылымға, тіл мен рухқа, руханиятқа арнаған Темірғали Әбілдаұлы Көкетайдың өмір жолын өскелең жас ұрпаққа насихаттау әрі жас буынды ғылымға тарту.

– Бұл олимпиаданың берері мол. Мектеп басшылығына, ұжымына рақмет. Оқушылар осы арқылы ғылымға бет бұрады. Қазіргі уақытта бізге білім мен ғылым ауадай қажет. Осындай сайыс, жарыс, олимпиада арқылы балалардың бойындағы таланты ашылады. Өйткені, әр адамның бойында бір қасиет болады. Ол – дарын. Соны таба білуіміз керек, – дейді Темірғали ағамыз.

Сонымен, олимпиада да өз мәресіне жетті. 11 сынып арасында І-орынды «Дарын» мектебінің оқушысы Ерсұлтан Төлеу ұтып алса, ІІ-орынды Н.Нұрмақов атындағы мектептен қатысқан Мәдина Имашева мен Балқаш қаласынан келген №7 мектеп гимназияның биылғы жылдың түлегі атанатын Әлия Сабыржан бөлісті. ІІІ-орынға Балқаш қаласының Әлихан атындағы мектептің оқушысы Сәбина Төкен, №2 лицейден Нияз Бекетаев, Қаныш Сәтбаев атындағы гимназиядан Святослав Воробьев лайықты деп танылды.

Ал 9 сынып физиктері түскен сайыста І-орынды Ә. Ермеков атындағы мектеп-лицей оқушысы Ксения Вакуленко алса, екі ІІ-орынға «Дарын» мектебінен Әлихан Тіріболсын мен №62 мектептен қатысқан Вероника Максимова лайықты деп танылды. ІІІ-орынға «Мұрагер» мектебінен келген Адиля Дарданбаева тұрақтады.

Жиында, келесі жылы оқушылар ғана емес ұстаздар да олимпиадада бақ сынайды деген келісімге келді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *