Қазақ бұлбұлы – Арқада

Қазақ ән өнерінің аңызы, КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенованың 95 жылдық мерейтойы Қарағанды өңірінде салтанатты түрде тойланды. Кеншілер мәдениет сарайында өткен бұл шара Арқа жұртының ән өнеріне деген құрметін көрсетті.

Зал толы халық сүйікті бұлбұлының жүзін көріп, әуезді дауысын тыңдау үшін жиналды. Бибігүл Ахметқызы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен бірге залға кіргенде, көпшілік орнынан тік тұрып қошемет көрсетті. Аңыз тұлғаны құрметтеген қауымның ықыласы ерекше еді.

Кеште қазақ ән өнерінің жарық жұлдыздары сахнаға шығып, Бибігүл Төлегенова шырқаған туындыларды орындады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова Тәттімбет атындағы халық аспаптары академиялық оркестрінің сүйемелдеуімен «Гауһартасты» және Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін әуелетті. Ол сахна төрінде ұстазына деген құрметін жеткізіп, Мұқағали Мақатаевтың Бибігүл Төлегеноваға арнаған өлеңін оқыды.

Талғат Ыдырысов Ескендір Хасанғалиевтің «Анаға сәлем» әнін орындаса, Рысты Рақымжан Евгений Брусиловскийдің «Қос қарлығаш» туындысын көрермен назарына ұсынды. Нұрғиса Тілендиевтің «Кел, еркем, Алатауыма!» әні де әсем дауысымен көпшілікті тәнті етті. Концерт барысында тек классикалық әндер орындалып, талантты әншілер өнерін паш етті.

Кештің соңында сахнаға көтерілген Бибігүл Төлегенова Қарағанды жұртына алғысын білдіріп, өзінің сахнаға деген сүйіспеншілігін жеткізді. Ол Александр Зацепиннің «Песня о весне» әнін орындап, зал толы көрерменді ерекше әсерге бөледі.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әншіге құндыз жағалы камзол жауып, ықылас гүлін тарту етті. Өз сөзінде ол Бибігүл Төлегенованың қазақ өнеріндегі орны мен Қарағанды өңірімен байланысын ерекше атап өтті.

Қазақ бұлбұлының мерейтойлық кеші елге деген махаббат пен өнерге адалдықтың символына айналды. 95 жасында сахна төрінде өнер көрсетуі оның ерекше дарыны мен халқына деген шексіз құрметінің көрінісі болды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *