Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машанов бұрын McDonald’s брендімен жұмыс істеген фастфуд мейрамханалары желісінің жаңа атауына қатысты пікір білдірді.
«Біз қазір жергілікті брендті дамытып жатырмыз. Ендігі міндетіміз – мейрамханалардың жұмысын жаңа брендпен қалпына келтіру. Мүмкін, қазір брендсіз, кейінірек жаңа брендпен жұмыс істемекпіз. Өйткені біз екі мыңға жуық жұмыс орнын қамтамасыз етеміз. Біз қызметкерлерімізге бұдан ары да жалақы төлей береміз, барлық еңбек шартын орындаймыз. Жұмыс жалғаса беруі үшін бәрін қайта жаңғыртуымыз керек. Бұл — басты міндет», — деді Қайрат Боранбаевқа қатысты сот отырысында Food Solutions KZ бас директоры Әсет Машанов.
Оның айтуынша, компания ұжымы қазір желідегі сауда нүктелерінің жұмысын қалпына келтіру үшін жаңа атау таңдап жатыр. Сонымен қатар, Food Solutions KZ жеткізудің барлық шарты орындалған жағдайда McDonald’s брендін қайтару мүмкіндігін жоққа шығармайды.
Сондай-ақ Әсет Машанов мейрамханалардың жаңа брендінің ресейлік «Вкусно и точка» компанияларымен еш байланысы болмайтынын айтты.
«Оның бізге қатысы жоқ. «Вкусно и точка» — ресейлік желі. Егер ол ресейлік желі болмаса, бізде олай аталуы мүмкін емес. Және ол ресейлік желі болады деген мәселені қарастырмаймыз», — деді бас директор.