Қазіргі таңда «Қазақ жастары өз мәдениетін ұмытып бара жатыр ма?» деген сұрақ өте өзекті мәселелердің бірі деп санаймын.
Бүгінде көптеген жас әлеуметтік желілер арқылы шетел мәдениетіне қызығушылық танытып, соны үлгі тұтып келеді. Мұның айқын дәлелдерінің бірі – қазақ жастарының өзге тілде, әсіресе орыс тілінде жиі сөйлеуі. Өз елінде, өз жерінде жүріп, ана тілін екінші орынға қою – алаңдататын жайт.
Сонымен қатар, жастардың шетелдік бренд киімдерге әуестенуі де байқалады. Әрине, заман өзгеруде, дегенмен ұлттық мәдениетімізді дамыту мен сақтау орнына, басқа елдің мәдениетіне тым еліктеу қаншалықты дұрыс?
Қазақ жастары өз мәдениетін ұмытпауы үшін, ең алдымен, ана тілімізге деген құрметті арттыруымыз қажет.
Ана тілім – арым менің, асылым,
Сенен бастар тіршіліктің басы кім?
Сен арқылы түндерім де, таңдарым,
Сен арқылы сыр шертеді жандарым.
Ана тілі – ұлттың жаны мен рухының айнасы. Тілімізді құрметтеу – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа деген жауапкершілік. Егер біз тілімізді ұмытсақ, өз болмысымыздан айырыламыз. Сондықтан да, әрбір жас ұрпақ өз ана тілінде сөйлеп, оны мақтан тұтуы керек.
Сонымен бірге, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қазақи салт-дәстүр мен өнерді жаңғырту – әрбір азаматтың міндеті.
Ұлттық мәдениетімізді сақтау арқылы ғана біз өзіміздің ерекше болмысымызды жоғалтпай, болашақ ұрпаққа мұра етіп қалдыра аламыз.
Ол үшін әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек: қазақша сөйлеп, ұлттық өнерді қолдап, тарихымызды тануға ұмтылу – болашаққа жол ашатын асыл қадам.
Мәдениетіміз – біздің рухани қорғанымыз. Сол қорғанды берік ұстау – әр қазақ баласының қасиетті борышы.
Айым ЖҰМАЖАНОВА,
Қарағанды қаласы
Мағжан Жұмабаев атындағы
гимназияның 11 сынып оқушысы