Балқаш – жазғы туризм қаласы

Экономика дамуының негізгі драйвері – туризм. Осы саланы дамыту мақсатында Қарағанды облысында бірнеше жоба қолға алынған. Бүгінде меймандарды қарсы алу үшін Қарқаралы, Балқаш қаласы және Ақтоғай ауданына қарасты Шабанбай би ауылдарына басымдық берілуде. 

Жақында Қарағандыға келіп тұрғындармен кездескен Туризм және спорт министрі  Ербол Мырзабосынов еліміздің бірегей табиғаты мен бай мәдени мұрасы бар екенін, туристік мүмкіндіктерін толық пайдалану керектігіне ерекше тоқталды.

2024 жылдың алғашқы 9 айындағы мәліметтерге сәйкес, өңірде саланың негізгі көрсеткіштерінде қалыпты өсім байқалады. Былтырғы 9 айда Қарағанды облысында 306,3 мың адамға, оның ішінде 16 мың шетелдік қонаққа қызмет көрсетілді. Туристерге көрсетілген қызметтер көлемі 42%-ға артқан. 2024 жылы өңірде 13 жеке жоба іске қосылды.

– Маусым айында Мемлекет басшысы туризм саласын дамытуға арналған үлкен жиналыс өткізгенін білесіздер. Осыған орай, тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуы ерекше бақылауда болуға тиіс. Қазіргі таңда Балқаш қаласының қалалық жағалауын абаттандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл өңірге келетін туристердің бос уақытын тиімді өткізуге, қаланың орталығын тамашалауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар қала маңындағы туризмге, атап айтқанда Абай ауданындағы Шерубай-Нұра (Топар) су қоймасының жағалауын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Балқаш қаласы әуежайының перроны мен жермен жүру жолдарын қайта жаңарту жұмыстары басталды, – деп атап өтті Туризм және спорт министрі.

Бүгінгі сөз еткелі отырған Балқаш курорттық аймағына Балқаш қаласының, Тораңғалық және Шұбартүбек кенттерінің көл жағалаулары кіреді. Қазақстан Республикасының 2019-2025 жылдарға арналған туризм саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Балқаш курорттық аймағы туристификация картасының «ТОП-10» тізіміне енді.

Балқаш көлі аумағы жөнінен Каспий, Арал теңіздерінен кейінгі еліміздегі ең ірі су айдыны. Балқаш Қазақстанның оңтүстік-шығысына қарай Қарағанды, Алматы және Жамбыл облыстарының аумағында, географиялық тұрғыдан демалушылар үшін қолайлы жерде орналасқан.

Айта кетейік, өткен жылы 3 жаңа демалыс аймағы салынды. Биыл тағы  6 нысан іске қосылмақшы.

– 2024 жылы Балқаш курорттық аймағында демалушылар саны 30 пайызға жуық өсіп, 121 мың адамды құрады. Туристерді 99 нысан қабылдады. Биыл жалпы инвестиция сомасы 2,4 миллиард теңгені құрайтын 6 туризм нысанын іске қосу жоспарланып отыр. Тораңғалық және Шұбартүбек курорттық ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы басталады. Демалыс аймақтары орталық сумен жабдықталады. Сонымен қатар, биыл жағажай мен қала жағалауын қайта жөндеу жұмыстары аяқталуы тиіс. Туризм аясында өткізілетін «Балқаш Tourfest» фестивалі дәстүрге айналды. Өткен жылы оған 30 мыңнан астам адам жиналды. Биыл одан да көп болады деп күтілуде, – дейді Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Сонымен қатар, қаланың туристік әлеуетін одан әр дамытып, тиімді пайдалану да жолға қойылған. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер оң нәтиже көрсеткен. Тұрғын үй құрылысында қарқынды да даму бар. Атап айтқанда, мемлекеттік тұрғын үй саясатын жүзеге асыру  мақсатымен  өткен  жылы 17 146 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға тапсырылған. Осы жылдың соңына дейін бюджет есебінен 45 пәтерлі 4 үйдің құрылысын аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 17 317 шаршы метр тұрғын үй тапсырылмақшы. Сонымен қатар, қалада 2 және 3 кезектегі су құбырларын реконстукциялау жұмыстары бойынша екі жылда 44 шақырым су құбырлары ауыстырылып, апаттық жағдайлар азайған. Биылғы жылы 23 шақырым су құбырлары ауыстырылады. Аталған жобаны 2026 жылы аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар, Тоқырау-Саяқ су жүйесінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. 2021-2024 жылдары 163 шақырымның 78 шақырымы ауыстырылған. Бұл жұмыстар Саяқ кенті тұрғындарын сапалы ауызсумен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызған. Биыл апатты учаскелердің 16 шақырымына жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында, өткен жылы жалпы ұзындығы 6,4 шақырым 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілген.

Негізінен Балқашқа қарай туристер жаз уақытында баруға құштар. Көлдің суы ерекше көгілдір түсте болғандықтан ел арасында «көк теңіз» деп те аталады. Табиғаттың ерекше туындысы саналатын су айдынының тағы бір ерекшелігі көлдің шығыс жақ бөлігінің суы тұщы болса, батыс бөлігі ащы сулы. Балқаш жағажай туризмін ұнататындар үшін таптырмас орын. Мұнда жазғы демалу кезеңі маусым айында басталып қыркүйекке дейін созылады. Жаз бойы ауа температурасы 28-30 градус шамасында болады.

Балқаш көлінің Қарағанды облысының аумағындағы жағалауы шартты түрде үш аймаққа бөлінеді. Оның алғашқысы, қаланың іргесіндегі жағалау. Мұнда «Самал», «Фламинго», «Барковское», «Аква», «Оазис», «ИРС», «Рыбачий берег» демалыс орындары, «Жемчужина» қонақүй кешені, «Нұр-Бахыт» денешынықтыру-сауықтыру кешені орналасқан.

Тораңғылық елдімекені қаладан оңтүстікке қарай 16 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл жерде «Тұлпар», «Сказка», «Айгерим», «Релакс», «Найзатас», «Океан» және тағы да басқа демалыс орындары бар.

Қаладан 30 шақырым қашықтықтағы Шұбартүбек демалыс аймағы халық арасында сұранысқа ие. Себебі мұнда көл жағалауы ұсақ құмды әрі көл суы тұнық болады. Бұл жерде «Голубая лагуна», «Аквамарин», «Досжан», «Гольфстрим», «Балқаш» демалыс аймақтарымен қатар жекеменшік кішігірім үйлер де туристерге қызмет көрсетеді.

Айта кету керек, былтыр Қарағанды облысында республикалық маңызы бар Қарағанды-Балқаш автомобиль жолының учаскесін қайта жаңарту аяқталды. Сонымен қатар Балқаш әуежайын қайта жаңарту жалғасуда. Қазір арнайы көлік қызметі ғимаратының құрылысы және аэровокзалды қайта жаңарту жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Мұның барлығы қалаға туристерді көптеп тартуға ықпал етеді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *