Баршаға үлгі кәсіпкер

Ұнаған кәсібіңмен шұғылдансаң – еліңнің туын көкке көтере аласың, қажеттілігіңді өтей аласың. Ең бастысы – тыным таппай еңбек еткеніңнің жемісін көресің, сүйікті кәсібіңнен рахат аласың. Ал мұндай жандар біздің де арамызда бар. Солардың бірі кентімізде кулинария өнімін шығаруды дұрыс жолға қойған, «Caramel» кешенін басқарып отырған Кемалова Әсел Ерболқызы.

Әсел қарындасымыз 1980 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Үміткер ауылында дүниеге келген. Әкесі Ербол Қалкенұлы ауылшаруашылық саласында еңбек еткен. «Победа» (қазіргі Доскей ауылы) кеңшарының бас инженері қызметін атқарған. Алайда, ауыр науқастан ерте дүние салады. Анасы Көкен Сағымбекқызы (Киікті станциясының тумасы) балаларымен бірге төркін ауылы Ақадырға қоныс аударады. Жастайынан қолына домбыра ұстап, дәстүрлі әндерді шебер орындайтын болған. Сол өнерімен бірнеше жыл бойы мәдениет бөлімінде жұмыс атқарады. Әсел небәрі 21 жаста болғанда анасы да өмірмен қош айтысады.

1997 жылы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейін аяқтаған соң Балқаш қаласының медколледжіне оқуға түседі. Өйткені бала кезінен медицина саласының маманы, дәрігер болу басты арманы болған. Колледжді тәмамдаған соң Балқаш қалалық Қан орталығында эксфузианист, экспедитор болып қызмет етеді.

2008 жылы Ақадыр кентіне қайтып, кенттік аурухананың эдістемелік бөліміне медстатист болып жұмысқа орналасады және күні бүгінге дейін бір жерде, бір мамандығымен қызмет атқарып келеді.

Әсел жас кезінен қолы қалт еткенде түрлі ас дайындаумен сүйсіне, қызыға айналысып жүрген. Оған әрине, марқұм анасының асқан аспаздығы, балаларына үйреткендері себеп болғаны анық. Бара-бара кулинария өнімдерін шығара бастайды. Ең алдымен сіңлісі Самал оған бал (медовый) және «ханымның саусақтары» (дамские пальчики) торттарын жасауды үйретеді. Ол кездерде тәтті тағамдарды дайындайтын арнайы цехтар болмаған соң, қолынан іс келетіндер үйлеріне тапсырыс алып жасайтын.

Қазақта не көп – той, қонақ шақыру көп. Үйге тапсырыс алған Әселдің өнімдері ұнаған болуы керек, халық тарапынан жеке тапсырыстар беру көбейе бастайды. Пісірген торттары елге ұнаған сайын, жас қызды жігерлендіре түседі. Енді қалай тағамдарымды көбірек шығарсам деген ой оның көкейінен кетпей қояды. Орыс тілінде шығатын «Люблю готовить» («Тағамды дайындауды ұнатамын») деген брошюраларды іздеп жүріп сатып алып жүрген. Айына бір рет шығатын кітапшаны таба алмай қалса, осы кәсіппен айналысатын қыздармен байланыс ұстап, айырбастасып отырған. Ол уақытта қазіргідей әлеуметтік желісі жоқтың қасы, сондықтан осы брошюралардан көп мағлұмат, кеңестер алып жүрген.

Кейін интернет пайда болғанда ас пісіру, нан өнімдерін дайындау жөнінде ғаламтордан пайдалы кеңестерді, керекті ақпараттарды теріп алып, ақ қағазға шығарып, қиықтарға (вырезка) айналдырып, жұмысында пайдаланып отырған.

Кәсібінің бастапқы кезеңі туралы Әсел қарындасымыз:

– Кішкентайым туған соң декреттік демалыста отырдым. Жұмыстан қолым бос. Жұбайым күзетші болып істеді, айлығы 90 мың теңге ғана. Қалай тартсаң да, күнделікті тіршілікке жетпейді. Пісірген торттарым сұранысқа ие болған соң, күйеуіме көмектесіп, отбасылық бюджетімізге тиын-тебен түсіре берейін деп жайлап тапсырыстарды ала бастадым.

Басында бір ескі пешім болды, оның өзі сына беретін. Бір күні бір таныстарымның балконында пайдаланбай жатқан пешті байқап қалдым. Сатыңыз деп сұрап едім, сол кездегі қымбат 30 мың теңгеге бағалады. Екеуара келісіп, екі айда 15 мың теңгеден бөліп төлеп меншігіме түсірдім. Осыдан кейін менің кәсібім өрге домалады десем, артық айтқаным емес. Тапсырыстар бірінен соң бірі беріле бастады. Одан кейін талай пеш ауысып бақты, бірақ маған ең алғашқы табыс әкелген, ісмер ретінде атымды шығарған осы пештен айрылғым келмейді. Әлі күнге дейін жеке талисманым іспетті жанымда, – деп жымия айтып шықты.

Одан қалды кулинарлардың басты құралдарының бірі миксер болады. Жұмыс барысында жұмыртқаны араластыру, крем, соус, қамыр, езбе, тағы басқа дайындау үшін өте керекті құрал. Қолданыстағы ескі миксерлер қайта-қайта сына берген. Жаңасын алайын десе – ол да қымбат. Сол жаңа миксерді алуға армандап бір шыны банкаға ұсақ ақшаны салып жүрген. Анда-санда банкаға қарап, көңілі марқайып қалады екен. Бір күндері қалада миксер іздеп көрсе, 23 мың теңге тұратын болып шықты. Үйге келіп банкадағы ақшаны санап қалса, тура 21 мың жиналыпты. Үстінен екі мың теңге қосып жіберіп, жаңа миксерге де қолы жетеді. Әрине, іс білетін маман үшін бұл дегенің нағыз сый, үлкен қуаныш!

Бір қызығы, осыдан кейін банкаға ақша жинау Әсел үшін өмірлік әдет болып кеткен. Тек қазіргі уақытта ұсақ ақша емес, аяғына тік тұрған кәсіп иесі ірі теңгелерді салып отырады.

Әсел Ерболқызы жылдар өте кәсібін ширата бастайды. Мұндай кәсіпті жүргізуде бірқатар қабілет керек. Соның бірі – ұйымдастыру, іздену. Ол үшін біліміңді жетілдіру қажет екені айдан анық. Білімді маман болу үшін үлкен қалаларда ұйымдастырылатын курстарда оқып шығу, одан соң алған біліміңді іске асыру әр кәсіпкердің міндеті.

Әсел осы тұрғыда Қарағанды, Алматы қалаларындағы белгілі шеберлер Мөлдірова Ақбала Төлегенқызының, Мұқанова Шолпанның, Аймағанбетова Айнұрдың, Тезекбаева Әселдің, Атшабарова Мәдинаның мастер – класс оқу курстарын тәмамдап, арнайы сертификаттарына ие болды.

Ал енді, қазіргі уақытта республикамызға белгілі, Алматы қаласында тұратын, ақтөбелік Асанова Самалдың үшайлық «Бизнес – тәлімгерлік» курсында жаңа білім алуда. Еліміз бойынша кондитерлік жүйесі нығыз қалыптасқан, бір меншік зауыты, бүкіл облыстарда 33 дүкені бар шеберден үйренетін де, түйсінетін де амалдары жетерлік.

Әйгілі шебердің курсына адамдар конкурстық негізінде кіреді екен. 90 адамның ішінен 9 адам ғана таңдалған. Солардың бірі біздің Әсел! Ай сайын курстағылар сынақтардан өтіп, үлкен қалаларда оларға бизнес – кездесулер ұйымдастырылып отырады. Бірінші кездесу Алматы қаласында өтсе, екінші-үшінші кездесулер Астана, Ақтөбе қалаларында өткізу жоспарланған. Бірінші айдың қорытындысымен өзін дұрыс көрсете алмаған екі адам курстан аластатылған. Бұл жерде біз жеті адамның құрамында қалып отырған Әсел қызымызға әрі қарай да сәттілік тілеуіміз керек.

Бүгінгі таңда Әсел Ерболқызының қарамағында 24 адам жұмыс атқарады. Яғни кәсіпкеріміз өзінің шебер ұйымдастырушылығының арқасында соншама жұмыс орнын ашып отыр. Олардың арасында сатылым ұйымдастыратын менеджерлер, аспазшылар, кондитерлер, дүкенші-кассирлер, салат, нан қамырларын дайындаушылар, бәліш, печенье пісірушілер, әлеуметтік желіге жауап беретін маман, мобилограф та бар. Екі адам жеңіл автокөліктерімен тағамдарға тапсырыс берген клиенттерге заттарын тегін жеткізіп берумен айналысады.

Кондитерлік цехы мен Фаст Фуд (Тез тамақтану) бөлімінде торттардың 35 түрі, пирогтардың 25 түрі, рулеттердің 9 түрі, чизкейктердің 10 түрі, пирожныйлардың 35 түрі, пиццалардың 6 түрі шығарылады. Онымен қоса бургер, кекс, хот-дог, самса, чебурек, бәліш, беляш, тоқаш, тағамдардан манты, тұшпара, вареник, лағман, дымляма, қазан-кебаб, фри, картоп шарлары, тағы басқалары дайындалады.

Бас кезінде ісінің алға басу мақсатында Абай даңғылындағы үйлерден пәтер сатып алынған. Ол бірден кондитерлік цехына арналады. Уақыт өте келе сол үйдің ішінен жұмыс жасап тұрған дүкенді де сатып алудың сәті түседі. Дегенмен, қазіргі уақытта жұмысқа арналған бөлмелер тарлық етеді.

Жұмысын әрі қарай дамыту жөнінде Әсел кәсіпкер:

– Жұмыс жасап тұрған бизнесімді ұлғайту мақсатында осы екі нысандарымның ортасынан тағы бір пәтерді қайта өңдеуден өткізіп, екі бөлімге бөліп беремін бе деген жоспарым бар. Кулинариялық тағамдарға, ас мәзірлеріне тапсырыстар өте көп, ұлдарым мен қыздарым үлгермей жатады. Тіпті кейбір тапсырыстардан бас тартуға мәжбүр боламыз. Сонымен бірге, бір үлкендеу бөлмеге кофейня жасасам ба деймін. Өйткені көп тұрғындар сондай жердің болғанын қалайды. Отбасымен, балаларымен келіп, тәтті тағамдардың, дайындалған астың дәмін татып, кофе, шай ішкілері келеді. Біреулердің туған күні, басқа да мереке күндер болатыны белгілі, – деп өзінің алдағы жоспарымен бөлісті.

Кулинария саласының іскер маманы шәкірттерін тәрбиелеумен де айналысады. Қазіргі уақытта қарамағында істеп жүрген ұл-қыздардан басқа арнайы курс ашып, кенттің жастарына оқу сабақтарын жүргізді. Одан дәріс алған 20-ға тарта жастар үйлеріне кент тұрғындарынан жеке тапсырыстар алып, кәсіптерін жалғастыруда.

Жеке кәсіпкер табысы молайған сайын қайырымдылық шараларын да назардан тыс қалдырған емес. Кез келген қоғамда әлеуметтік көмекке мұқтаж адамдар болатыны белгілі. Әсіресе нарық заманында біреу ілгері, біреу кем тұрмыс кешіп жатады. Осындай жайттарды ескере келе, кәсіпкер жағдайы төмен отбасыларына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қаржылай көмектерін көрсетіп келеді. Кент ішінде өткізілетін мәдени және спорттық шараларға да демеушілік жасайды.

Кәсібі алға басқан Әсел Ерболқызы ауруханадағы қызметін де қатар жүргізіп отыр. Сол әдістемелік бөлімінде медицина маманы. Қызметіне ешкім пәк келтіре алмайды. Екі жақты да бірге алып жүр. Еңбектегі жетістіктері үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудандық аурухана басшылығының, аудан және кент әкімдерінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталған. Білімін жетілдіру үшін Орынбор қаласындағы мемлекеттік медициналық университетіне оқуға түскен. ІІ-курс студенті оқуды тәмамдағанда бакалавр дәрежесіне қол жеткізеді.

Жолдасы Кемалов Александр Артурович Ақадыр кентінің тумасы. «Қазақстан – Қытай мұнай құбыры» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде автокөлік жүргізушісі. Ерлі-зайыптылар 4 баланы тәрбиелеп өсіріп отыр.

Үлкен қыз балалары Аружан 23 жаста, Астана қаласындағы Еуразиялық Үлттық университетінің аспирантурасына өзінің білімінің арқасында мемлекеттік грантпен түскен. Алдында Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов атындағы мемлекеттік университетін биолог мамандығы бойынша бітірген.

Екінші баласы Манас 18 жаста, Қарағанды қаласының студенті. Спортпен белсенді түрде айналысады. Самбо, дзюдо күресінен Қазақстан Республикасының спорт шеберлігіне үміткер. 2023 жылдың қорытындысы бойынша кент көлемінде өткізілген «Үздік спортшы» аталымын жеңіп алған.

Кіші балалары Сардар мен Эмир кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің оқушылары.

Кәсібін де, мемлекеттік жұмысын да қатар жүргізіп, елдің алғысына бөленіп, ойға алған ісін дөңгелетіп жүрген жерлесіміз Кемалова Әсел Ерболқызы осындай адам. Ең бастысы адал еңбегімен, таза маңдай терімен табыс тауып келеді. Бұл қатарластарының біршамасына үлгі, кәсіп бастауға бата алмай жүргендерге жақсы мысал. Мемлекетіміз де шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша басымдық беретіні баршамызға белгілі. Ауданымыздың, оның ішінде кентіміздің экономикасының өркендеуіне үлес қосып жүрген Әсел қарындасымызға және оның командасы – «Caramel» кешенінің ұл — қыздарына сәттілік тілейік.

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *