Басқарма басшылары ауысты

Қарағанды облысының тілдерді дамыту басқармасын Алма Қабыкенқызы Шалабаева басқарды. Бұған дейін ол Қарағанды облысының білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеген.

Басқарманың бұрынғы басшысы Салтанат Әбеуова зейнеткерлік жасына жеткеннен кейін еңбек демалысына кетті.

Алма Шалабаеваның «қазақ тілі және әдебиеті», «құқықтану» мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар. Еңбек жолын Осакаров ауданы Николаевка ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады.

Мемлекеттік қызметте 25 жылдан астам уақыт – 1999 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осакаров ауданы әкімі аппаратының бас маманы, Осакаров кентінің әкімі, Осакаров ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметтерін атқарды. Осы ауданда ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерін басқарған, аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған.

2025 жылдың қаңтарынан бастап осы тағайындауға дейін Қарағанды облысы білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.

Ал Қарағанды облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып Әнуар Дулатұлы Тюлюбеков тағайындалды.

Әнуар Тюлюбековтың екі жоғары білімі бар. 2015 жылы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін «агроном» мамандығы бойынша және 2017 жылы академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университетін «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.

2015 жылдан бері мемлекеттік қызметте. Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасының жерді пайдалануды жоспарлау және болжау бөлімінің бас маманы болып жұмыс істеді.

2018-2021 жылдар аралығында Қарағанды облысының жер қатынастары басқармасында жер учаскелерін беру және алу бойынша ұсыныстарды дайындау бөлімін басқарды.

2021 жылдан бастап осы күнге дейін Қарағанды облысы ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Ведомствоның бұрынғы басшысы Саят Мусин басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босатылды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *