Демалыс күндері бос орындар жәрмеңкесінде Теміртау тұрғындары жұмыс тапты. Оған 200-ге жуық жұмыс іздеуші қатысып, олардың 70-і жұмысқа орналасуға жолдама алды.
Түрлі қызмет саласындағы 30 кәсіпорын бос жұмыс орындарын ұсынды, оның ішінде Qarmet және Qarmet Service, «ҚазАрматура» зауыты, «ҚазЭнергоМаш» корпорациясы бар.
Сондай-ақ, прокуратура өкілдері мен пробация қызметінің инспекторларынан кеңес алуға болады.
– Бізде халықтың түрлі санаты үшін жұмыс орындары бар. Біз ЖОО түлектері мен NEET жастарына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан оралғандарға бос жұмыс орындарын ұсынамыз. Сонымен қатар, қалада «Алтын жас» бағдарламасы да сәтті жұмыс істеуде, зейнеткерлер бұл жобаға үлкен қызығушылық танытуда. Бос жұмыс орындары баршаға жеткілікті, – дейді Теміртау қаласының Мансап орталығының директоры Мақсат Төлеутаев.
Мансап орталығы өкілдерінің айтуынша, мұндай жәрмеңкелер ай сайын өткізіледі.
Сонымен қатар, Теміртау тұрғындарының жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен жұмыссыздарға арналған бағдарламалар туралы көбірек білуі үшін ашық есік күндерін ұйымдастыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда enbek.kz Электрондық еңбек биржасында қала бойынша 1 400-ге жуық бос жұмыс орны қолжетімді.
Өмір БАЙБОСЫН