Ардақты ағайын, қадірлі жамағат, 20 жыл бұрын дүниеден озған асқар тау әкеміз – ЖАҚИЯ немересі СЕЙФОЛЛА ұлы СОВЕТ пен 14 жыл бұрын дүниеден озған аяулы анамыз ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ КӨКЕННІҢ өмірдегі жарқын бейнесін еске алып, руһтарына құран, дұға, тілегімізді бағыштау үшін тек ас беріп қана қоймай, олардың жүріп өткен өмір жолынан ұрпағына қандай мұра қалғанын, үлгі-өнегесін ой елегінен өткізіп отыру кейінгі біздердің парызымыз деп түсініп, соның нәтижесін оқырман қауымға да ұсынуды жөн көрдім.
Әкеміздің арғы тегіне, өз жұртына келсек – Сарым ішінде Қоңырбай, одан Қойайдар-Бұлғақ-Тәсібек-Жақсыбай-Жиренбай деп келеді. Қоңырбай – Тәуке хан, Қойайдар – Абылай хан заманындағы жаугершілікте ел қорғаған батырлар ретінде белгілі болса, Бұлғақ – Қасымтөре, Тәсібек – Саржан-Кенесары хан кезіндегі ұлт-азаттық күрес заманының қайраткерлері ретінде, Жақсыбай, Жиренбай, ел отарлауға тап болып, хандық жойылып, тәуелсіздігінен айырылған кездегі аға сұлтандар билігі тұсында, Құнанбай, Жақсы Жанғұтты, одан кейінгі Қасқар би сынды тарихи тұлғалармен замандас болып, зар-заманның қасіретін бастан кешіп, елді тығырықтан алып шығуда елге ақылшы, кеңесші би ретінде, Жақия аласапыран төңкерістер кезінде, Сейфолла Кеңес үкіметі орнағаннан кейін ауыл іші, ағайын арасындағы шаруа басқару тізгінін қолға ала бастаған тұлғалар ретінде белгілі болған.
Әкеміздің нағашы атасы – Керней ішіндегі Балта руынан Мейрам, оның қызы Күләй – анасы.
Ал түп нағашысы туралы әкем есінде еміс-еміс қалғанын – Шаншар Қаз дауысты Қазыбек бидің ұрпағы екенін, би болғанын айтып отырушы еді. «Сол бидің қызы Мәлике әжем болып келеді» – деуші еді әкем.

Сейфолла атамыз 1907 жылы дүниеге келіп, Кеңес үкіметі орнаған жылдары есейіп, ел басқаруға да араласа бастаған. Сталин колхозы тұсында құрылысшылар бригадасын басқарған. Сол кезде орын алған кей елеулі оқиғалар ақындардың да аузына ілінген екен. Соның бір қызық оқиғасын әкем өзінен атамыз Сейфолла туралы сұрағанда алғаш рет ашылып, кең отырып, әңгімелеп беріп еді. Бұл сұхбат 1998 жылы «Шет өңірінің тарихы» атты зерттеуіміз (1-ші тарау (Шет өңірі – көне шежіренің бастауы) авторы – Ж.О. Артықбаев; 2-ші тарау (Шет өңірі – ХХ ғасырда) авторы — Жакин М.С.) жарыққа шыққан соң, 1999 жылдың жаз айының бір күні әкем қаладағы үйіме келгенде жасалған еді. Сол әңгіменің мазмұнын бірден сол сәтте қағаз бетіне жазып отырғам, дәл күні мен сағатын жазу есте болмапты.
Сонда әкем, ел ішіндегі айтып жүретін ауылдың аузы дуалы адамдарынан қалған деп, еске алып, төмендегі әңгімені өрбітті.
Баласы көшіп келіп, біздің үйге көрші болған табын Еркебай үйінде бірде әкем Совет қонақта отырғанда сөзден сөз шығып, Әуесханның әйелі Мәкен:
– Інісі ауданға прокурор болып келгеннен кейін (бұл жерде ағайынымыз Құсайынұлы Мұхтар Хамзинді айтып отыр – М.Ж.) бу біткен ғой мынаған, жаман қоңырбайға (деп шыққан тегімізді қозғап – М.Ж.), білім қайдан келсін – дейді, ойынды-шыны аралас әзілді тілімен қағытып.
Сонда оны қостап Еркебай:
– Қоңырбайдан оқыған ешкім жоқ қой – дейді, басын изей түсіп. Осы кезде бұл сөздер шымбайына батқан әкем:
– Ей, табын, сенде оқыған қайдан шықты? Білесің ба, Қапатай, Демесін, Шылмағамбет біздің әкейдің қол астында Қарасай қорасын тастан қалап, құлап қалғанда Шегеннің әйелі Дина:
«Табыннан шыққан тәйпағым,
Басыңды неге шайқадың,
Прорабың келгенде,
Көрсетейін деп мақтанып,
Қалап қойған тас қораң,
Іргесі құлап қалғанда,
Басыңды неге шайқадың» – дегені, қай білгенің мен біліміңді айтасың? Сен Қасқатайдың (қоңырбайдан шыққан, аудан құрылуына елеулі үлесін қосқан, басшылық қызметтерде болған, колхоз басқарған беделді тұлға – М.Ж.) қол астында жүріп, білім алып, өсиетті нәрін алып, мал жинап алып, осы сөзді айтасың – дегенде Еркебай екі қолын көтеріп:
– Кешір, көңіліңе неге алып қалдың? Енді бұл сөз басқа жерде айтылып жүрмесін, – деп, артын жуып-шаймақ болады.
Бұл отырыста сөз болып отырған қора оқиғасы 1939 жылдар кезінде Қарғалыда Қарасай (ешкі фермесі) жерінде болған. Ол кезде Қарғалы Балхаштың продснабына қараған подхоз болатын. Оның бөлімшелері: Қарасай, Мәнет, Сарыөзек, Қорғантас, Қушоқы, Жартас. Ел бұрынғыдай малын қыста Сырға, не Шуға, Бетпаққа айдайтын заман жоқ. Отырықшылыққа көшкен соң қатты қыстан малды аман алып шығудың жолы тастан салынған қорада ұстау деп көздеген ел адамдары тастан қора салдыра бастаған. Қарасайдағы қораны салушылар жоғарыда аталған табындар. Олардың бригадирі қоңырбай Сейфолла болған. Қора салуға зор күш жігер жұмсалған. Құрылысқа қажетті тасты 4-5 шақырым жердегі Қарасай, Жаналы, Айдаһарлы деген таулардан өгіз арбамен тасылады. Оған жұмыс күші ретінде маңайдағы (Спасск, Бұрма, Дубовка, Красная поляна, Просторныйдан) лагер тұтқындары жұмылдырылған. Тасты солар дайындаған. Төбесіне керекті талды Қарасайдан 50-60 шақырым жердегі Қаратоғанбай, Сарытоғанбай деген жерден тасып әкелген. Қораны салу кезінде талай қиыншылықпен бірге езу тартқызатын күлкілі жайттар да болған. Мысалы, әкеп, үйіп қойған талды күзетуге жас келіншектер Күнсұлу мен Айсұлуды қояды. Ауылдың бойдақ жігіттері қырындайтын болған соң бұл келіншектердің үстінен қосымша күзет қояды. Осының бәрі ақын келіншек Динаның бірнеше шумақ өлеңіне арқау болған – деп бір қайырды әңгімесін. Әкемнің Еркебайға айтқаны сол ақын әйел Динаның шумағынан тек есте қалған тұсы ғана.
Әкем есінде қалған тағы бір жолдарды:
«Қаратоғанбай, Сартоғанбай,
Ырғайдай боп біткен талды құрай,
Жас желеңі қиылып,
Үйілді ғой тау болып, Қарасайда-ай» – деп жалғастырды.
Одан әрі: «Бұл қораны 1940 жылы бітіреді. Оған 1941 жылы 1700 қой қамалады. Бұл қойды қареке соқыр Біләл бақты. Декабрьдің орта кезінде қойдың тең жартысын қасқыр қырды. Шал 77-78 жастың шамасында еді. Қарасайда қалған ылғи әйелдер. Қарғалыда директор Коваленко, Филатов дегендер болады» – деп сол кездегі қиыншылықтарды есіне түсірді.
Ал атамыз Сейфолланың одан кейінгі тағдырын: «Қарғалыдан соғысқа кетіп, қайтпай қалған 33 адам аты есте, сақталмағаны қанша. Төлеубек -1939 жылы, Сейфолла – 1941 жылы Қарағандыдағы шахтаға, №18 «БИС» шахтадасында инженер болған шаншар нағашысы арқылы жұмысқа орналасады. Ауылда кенже Әсен ғана қалған.
Сейфолла 1942 жылы майдың 4 күні отпуск бітіп, қайта шахтаға кеткен. Оның бронын алып қойып, соғысқа жіберген, содан қайтпайды. Қасенбекті 1942 жылы әкетті.
Соғыс жылдары Қарасай қорасындағы 1700 қойдың күзеті шешей мен бірге төрт әйелге жүктелді. Мен шешеммен бірге сол қой күзетінде бірге болатынмын. Мұның бәрі есте қалғаны осыдан.
Соғыс жылдарында Қасқатай мен Есмақай ел алдында қадірлі болып, атақтары шыққан. Олардың кезінде қоңырбайдың алдына ешкім қарсы шықпайтын. Табындармен қоңырбай құдандалы, силас, тату-тәтті болған» — деп аяқтады әңгімесін әкем.
Міне, осылай, 1942 жылы мамыр айының басында атамыздың қолындағы бронын тартып алып, Сталинград майданына аттандырған. Соғыстағы соңғы шайқасқа Сталинградтың Городищенский ауданы аумағында 1943 жылдың 18 қарашасында кірісіп, сонда қаза тапса керек. Ал ресми құжатта «хабарсыз кетті» – деп жазған.
Ал әжеміз Мейрамқызы Күләй 1916 жылы дүниеге келіп, 17 жасында тұрмысқа шығып, жарынан 24 жасында жесір қалып, өмірдің тауқыметін көп көріп, соғыс және бейбіт жылдарында колхоз шаруашылығында еңбек етіп, 1963 жылы 4-ші мамырда дүниеден озған екен. Мүрдесі Ақшатау кенті қорымында жерленген.
Міне, әкеміз әкесінен 7 жасында, анасынан 28 жасында айырылып, жетімдіктің ащы дәмін ерте татқан. Әкеміздің туған жылын құжатта «1935 жылы сәуірде дүниеге келген» деп жазған. Ал өз естелігінде 1933 жылы болашақ анасы Балқаш жаққа көшіп кеткен бай ауылының жұртында аңырап қалып, кейінде, Сейфолламен кездесіп, екеуі отау құрып, үйленіп, әкеміз Қарғалы ауылында 1934 жылы дүниеге келгем дейтін. Құжатты кейін алған уақытымен туған жылын 1935 деп көрсеткен.
Жетім бала жастайынан анасымен бірге колхоздың қойын күзетіп, шаруаға ерте араласып, мектепке 1942 жылы барған екен, 2-ші класты 1944 жылы бітірген, бірақ содан кейін 3 жыл бойы Қарғалыда мектеп болмаған. Оқуды тек 1947 жылы мектеп ашылғанда қайта жалғастырып, 7 класты 1953 жылы сол Қарғалы подхозында тәмамдаған.
1953 жылы Қарғалы подхозына жұмысшы болып орналасып, 1 жыл жұмыс істеп, 1954 жылы 16 қазанда Кеңестік армия қатарына шақырылған. Әскери қызметін атқаруға Беларуссиядағы Гродненск облысы Слоним қаласына келгенде оған танкистер училищесіне оқуға жолдама берген. 1955 жылы училищені аяқтаған соң линейлі полкте танк командирі шенін алып, қызметін жалғастырған. Әскерден елге 1957 жылы желтоқсан айында келген.
1958 жылы Жусабай тау-кен өндірісіне дизелші болып жұмысқа тұрып, 1959 жылы Алайғыр тау-кен өндірісіне моторист ретінде ауыстырылған. Алайғырда 3 жыл моторист болып жұмыс істеп, ол тау-кен өндірісі 1962 жылы жабылғанда Ақшатау поселкесіне келіп, ОКССУ-1 комбинатына компрессоршы болып жұмысқа тұрған. 3 айдан кейін бұйрық бойынша эксковаторшы мамандығына ауыстырылған. Содан 1964 жылы кешкі шофер курсын оқып шығып, 3-ші кластық шофер мамандығын алып, Ақшатау техникалық орталық гаражына жүргізуші-шофер болып жұмысқа тұрған. Осы қысқа өмірбаянын ол өзін 1965 жылы 16 мамырда Кеңес Одағы коммунистік партиясы қатарындағы кандидат статусынан толық мүшелікке қабылдауға жазған өтінішінде баяндап берген.
Сол партия қатарына қабылдағанда Ақшатау автогаражында бірге істеген екі азамат әкейге, паритяға толық мүшелікке өтуге лайық деп, кепіл хат жазып берген. Соның бірі – Ахметжанов Серік, әкейді 1950 жылдан бері, екіншісі – Махметов Ахан 1960 жылдан бері білеміз, ол осы уақыт аралығында жұмыс барысында өзін адал, шыншыл, еңбекқорлық қырынан көрсетті, мойнына алған міндетін ылғи асыра орындайтын, қоғамдық өмірге белсенді араласатын, өзінің саяси білім деңгейін арттырып отыратын азамат екендігіне кепілдік береміз деген екен.
Содан 1968 жылы мамыр айында аудан орталығы Ақсу-Аюлыға келіп, тұтыну одағында автолавка жүргізушісі болып қызметін атқарып, 1995 жылы пенсияға шықты.
Тірлігінде әкеміз бала еркелету дегенге өте қатты қарайтын еді, оның орнына қатаң талап қойып, тәртіпке бағынып, қолыңа қандай істі алсаң да, оның мән-жайына үңіліп, ыждаһаттылықпен орындап, көңілге қонымды нәтиже шығаруды көздеуге баулитын.
Ағайын-туыстың ортасында беделді, бажаларымен сыйластықта, балдыздарымен ағалы-інілідей бауырмалдылық, сүйіспеншілік қарым-қатынаста болды. Балдыздарының ішінде Сейфолланы «Сепіш» деп ерекше жақсы көретін, себебі, ол да жездесі десе ішкен асын жерге қойып, қандай олжасы болса үйге келіп, жездесі мен апасын ырза қылып, әкеп тастаушы еді. Бала күннен есімде қалғаны, бір күні ұзындығы 1 метрдей кәританың ішіне шанышқымен ұстап алған шортанын сұлатып салғанда, құйрығы ернеуінен асып жатқанын көріп: «осындай да үлкен балық болады екен, ә» деп, таң қалып едім. Одан қалды шөп шапқанда, шөп тиейтіндерге ескертіп: «жездеме шөп керек, түнде келіп алып кетеді автолавкесімен, көпенені толық тиемей жездемнің қомақты үлісін қалдырып кетіп отырыңдар» – дейді екен жанындағыларға. Оған ырза болған әкеміз, рейстен келіп, тынығып алған соң қараңғы түскенде сол шөпті тиеп әкеп, шөпаранды сықитып, қысқы мал азығын қамдап алатын, балдыздарының арқасында. Осындай жолда келе жатқанда әкей тұсынан өтіп бара жатқан жерлердің атын айтып, ол жерлерде болған елеулі оқиға, ел, тарихи тұлғалардың аңыз ғып ел аузында айтып жүретін әңгімелерін жанындағы бізге білсін деп айтып отыратын әдеті еді. Соның бірінде «Айтқантау» деген жерден өтіп бара жатқанда: «міне, мына тау «Айтқантау» деп аталады, осыдан әрі «Әмірағашы», «Қосдоңғал» деген жерлер бар, осылардың бәрін балдызым, өздеріңе нағашы, Сепіш:
«Таң алдында туады Есекқырған,
Есепші еңбегімді есеп қылған,
Әмірағашы мен Қосдоңғалды өртеді» – деп,
Кім екен, Сейфолланы өсек қылған?!?» – деп, өлең шығарып, қазір біз соны аузымыздан тастамай айтып жүреміз» — деп балдызының өнеріне тамсанып отырушы еді. Шынында да Сепіш балдызы керемет ақын еді, әттең, осы күнге дейін бір жан қолға алып, оның ел аузында жүрген мұрасын хатқа түсірмеді.
Осындай балдызы бар әкем де ерекше бақытты еді, олардың сый-құрметіне бөленіп жүрген кезінде.
Әскерде болғанда командир болды демекші, әкемнің тағы бір біз білмейтін, жастық кезіндегі Ақшатауды шулатқан дәуренін бірде ауруханада жатқанда, кезінде әкейлермен жастығы Ақшатауда бірге өткен, жасы әкейден сәл кішілеу, Амангелді деген ақсақалдан естідім. Ол, маған әкей келгенде, жанымызға келіп, сәлем беріп: «Оу, Сәбке қайдан жүрсіз, мынау сіздің ұлыңыз ба?» – деп, біраз жастықтарын еске алып, әкей кеткен соң палатадағылардың бетін өзіне бұрып алып, әкеміздің жігіт кезіндегі ерліктерін жыр ғып айта бастады: «Сәбет өзіне бірнеше басқа ұлттан өшіккендері келіп жабылып кетсе де солармен жалғыз өзі тай салмай шайқасып, жаулары еңсере алмаған соң артынан тым-тырақай қашқанда, арттарынан қуалап жүріп, үйіне тығылып қалса, суырып алып шығып, сабап салатын. Содан кейін беттері қайтып: «құрысын, мынамен жауығу қауіпті екен, бетін аулақ» — деп, көшеде келе жатса, айналып өтетін жаулары» – деп қарқылдап күлген: «міне, осындай жау-жүрек болған сенің әкең» – деп. Сонда: «бәсе, ағам Талғат, әкеміздің жастық дәуренін айнытпай салып жүр екен ғой ауылда, «Соча атанып» — деп күлгем.
Кейін, ағам Талғаттың мерейтойына арнауда:
«Сен туғанда әкеміз қалай қуанды екен?!!,
Үш қыздан соң күн туғандай болдың жеке!
Әкемізге, тартып намыс, ер жүректі,
Атағың, жайылушы ед, дүйім елге!
Ер жеткен соң әкеңнің тонын кидің,
Атқа мініп, аң ауладың, сері болдың,
Ауылдың көшесінде өз арқаңда,
Талтаңдап жүруші едік, «батыр» болып!
Әкеміз де жасында Ақшатауда,
Жалғыз шығып қарсы келген топ «жауына»,
Жайпап салып, шулатып баққан екен,
Соны айтып беріп еді Амангелді,
Деген ақсақал, аузынан суы құрып.
Әкеге тартып ұл туса дәл өзіңдей,
Елге қорған болатын ер боп тусын!
Жасыңнан, шаруаға мығым болдың.
Мал жағын, бағып-қағып, жиюшы едің.
«Ат» – десе, «тазы» – десе ішкен асыңды,
Қоя салып, далаға атып шығушы едің.
Бауырға қамқор болып, қалқан болдың.
Атыңнан, ығып бізге ешкім тимеуші еді.
Арқаланып өзіңді алшаң басып,
Көшеде, талтаң басып жүруші едік. – деп өлеңдетіп едім.
Талғаттың «Соча» атану себебін де сол арнауда:
«Соча» деген атағың жер жаратын.
Неге «Соча» – деп кейінгі таң қалатын?!!
Әкеміз, курорт барып келгеннен соң,
Бүкіл ауыл ағамнан сұрай қалғанда:
«Сочи» ғой — деп, барғаны, мақтанатын.
Содан бері ағама «Соча» деген,
Лақап аты даңқ болып тағылған-тын.
…
Жақсы көріп: «өзіме тартқан ұл» – деп,
Әкей, білдіртпей, өзіңмен мақтанатын.
Талай шулатып жүрсең де дымын білдірмей,
Не жақсысын өз иғыңа әкеп жабатын.
Қара тон мен унтиін киіп алып,
Көшелерде жүрдің ғой алшаң басып» – деп жырладым.
Әкеміз әріптестерінің арасында да, сый-құрметке ие болды. Бірде, пенсияға шығар алдында болу керек, үйге қонаққа гаражда бірге істейтін Тельман, Қайсар, т.б. жолдастары қонаққа келіп, жайғасып отырып, ет желініп болғанда, отырыстың сондай мәнді де мағыналы өткеніне, талай әңгіменің басы қозғалып, рахаттанып қалғандарына ырза болып, әкейге: «енді үй иесі ретінде осы майлы дастарханға өзің бата берші, біз жолымызды өзіңе берейік, қонақ болсақ та» – деген соң, әкеміз батаны шер тарқатқандай қылып, әріден бастап, тереңнен толқытып әкеп, мақалдатып, мәтелдетіп, өлең жолдарынан тақпақтатып, даналық шиырларымен қайырып келіп: «әумин» – дегенде, бір демде тынып қалған жолдастары: «Әй, Сәбке, оқымағанда былай толғайсың, оқысаң ғұлама болар ма едің, әттең, жасыңнан ерте жетім қалып, таршылықтан, жоқшылықтан оқымай қор болғасың ғой, әйтпесе, мына қасиетіңмен талай жерге барар ма ең. Бар ғұмырың рөлде өтті, біз де мән бермей келіппіз ғой өзіңінің бойыңда тұнып тұрған мына қасиетіңе» – деген сарында ырзалықтарын да, таңданыстарын да жасырмай айтып қалып жатты.
Шынында да, әкей, кешкілікте алқа қотан отырғызып қойып, біздің шалалығымызға наразы болғанда әңгімесін: «ТЕГІС-КҮЛЛІ-НЕДЕН» – деп бастаушы еді. Оны біз лекциясы басталды дейтінбіз, жақтырмай. Кейінде, өмірден озған соң, соны сағынғанда:
«Әкетай-ау, енді ғана жеткендейін,
Балалықпен кетіппіз ғой, шығып шектен!
Өсиеттің мәні неде екеніне,
Түйсігіміз жеткендей енді ептеп!
«Тегіс» – дегенің «Кеңістік, Жердің беті!»
«Күллі» – дегенің «Барша Әлем, Жаһан жұрты!»
«Неден» – дегенің «Бәрінің себебі бар!»
«Ойлан!», «сонда табарсың өмір КІЛТІН»!
Дегеніңнің бәрі де келіп жатыр,
Еңбек пенен тәртіптің біліп парқын.
Бәріне де мән беріп, түсінуге,
Талпынумен сырларын адам жанын.
Отау тігіп, үй болып, емен жарқын,
Кәсіп қылып, қарбанып, жөнін біліп.
Бәрі тапты өмірден орнын алтын.
Өсиеттің арқасында АДАМ болдық,
Естір құлақ, түйер түйсікті оятып – деп еске алып ем.
***

Анамыз Жұмабайқызы Көкенмен әкей әскерден келген бетте танысып, көңілдері жарасып, 1958 жылдың 11 қаңтарында отау құрып, кішігірім тойын тойлаған. Ауызға алып, айтып жүретін оның да жыры біздерге аңыз болып айтылатын.
Анамызды алып қашқандағы қызық оқиға қыстың күні 1958 жылдың қаңтар айында орын алған. Әкесі Жұмабай ол кезде Қарғалыда дүкенде істеген. Анамыз әкесіне көмекші болып, есеп-қисабын жүргізіп, дүкеннен шыққанда, жанындағы құрбысымен үйдің жанына келгенде «туған күнге барамыз» деп сылтауратып, алып қашқан. Артынан қуғыншы болса қарауыл болып, ескерту үшін, әкем, бауыры Амантайды, көмір қораның ішіне отырғызып қойған. Оны сол беті ұмытып, өздері анамызды алып қашып, үйге келгенде тойлау басталып кетіп, артынан бірақ естеріне түсіп, барса Амантай әбден жаурап, аяғы тоңып қалған екен. Соны айтып, күліп отыратын Амантай ағамыз: «әкелерің мен аналарың қосылсын» деп, жанымды салып жүріп, аяғымды үсіріп алдым» – деп.

Ал нағашы атамыз Төкен ұлы Жұмабайдың бейнесі ел есінде от ауызды, орақ тілді, сөзге шешен, ойы жүрік, тілі өткір, айтары нық, дала данасы, шежіреші қариясы ретінде сақталған. Шығу тегіне келсек – Қояншы-Тағайдың Дәулетінен тарайтын Берлібай руынан, одан Жарылғас-Бек-Анықбай-Төкен деп келеді. Берлібай – жоңғар шыпқыншылығы заманындағы батыр, Жарылғас – тәуіп, емші, көріпкел, Бек – Кенесарыға ерген, Анықбай, Төкендер – зар-заманның өкілдері.
Өз ата-әжеміз дүниеден ерте кетіп, немерелері, біздер оларды көрмей өссек те, олардың орнын жоқтатпай бауырына басып, еркелетіп өсірген нағашы ата-әжеміздің бізге деген көңілдері ерекше еді. Біз ғана емес, әкемізді де, «күйеу баласын пайғамбар да сыйлаған» деп, анамызды алып қашқаннан кейін салт бойынша аяққа жығылып, алдына келгенде астындағы қара атының тізгінін қолына ұстатып, үстіндегі қара тонын шешіп, әкемнің иығына жапқан екен. Әкем де өзінің қайын атасын өмір бойы құрмет тұтып, ол отырған жерде қас-қабағына қарап, алдына келіп көрмеп еді, ерекше құрметтеп, ұлындай алдында ізетпен бас иіп, құрақ ұшып жүрді.

Нағашы әжеміз – Жұмаділқызы Дариға 1918 жылы 12-ші қазанда туып, 1995 жылы 4-ші тамызда дүниеден өтті. Руы қырғыз. Яғни, біздің ұлы нағашымыз Бұғылыны мекендеген Бегалы-Жанәлі төрелердің төңірегіндегі төлеңгіт қызғыз руынан болуы әбден мүмкін. Әжеміздің көз алдымдағы бейнесін қазір еске алсам, таң қалып, тебіренбеске шара жоқ. Себебі, ол бізге бала күніміздің өзінде соншалықты мейірімен еміреніп, маңдайымыздан сүйіп, алақанымен аймалап, тіпті боқмұрын бала біздерге «сіз» – деп сөйлейтін. Сондықтан да тете өскен Дәулен, Дулат, үшеуміз, кейінде кенже Дәулет қосылып, нағашы атамыздың қой бағу кезегіне таласатынбыз. Сондағы әжеміздің бізді күткенін көрсеңіздер сөзсіз қызығар едіңіз. Шыжып тұрған тал түсте қойды ауылға әкеліп, иіріп қойып, үйге қарай беттегенде нағашы әжеміз салқын қымыз құйылған екі тостағанды алып, шарбақтан қырық қадамдай шығып, тосып тұрушы еді. Қаталап, шөлдеп келген біз қымызды бір демде сіміріп алып, саман кірпіштен салынған жер үй терезесінің пердесін жауып, көлеңкелеген, шыбынын қуып, тынығуға дайындап қойған салқын бөлмедегі қалың құрақ көрпеге сұлай кеткенде, рахаттана керіліп жатып, ұйықтап кететінбіз. Тұяқ серппей, қалың ұйқыдан 2 сағаттан соң, 3-тің кезінде тынығып оянғанда бізді әжеміздің осы күнге дейін ешкім дайындай алмай келе жатқан нан-қуырдағы, балқаймағы, дүкендегі тәтті тоқаш-пірәндіктерге бергісіз, ұйыған айранға илеген, жесең аузыңды үйіріп тұратын ашымаған наны дастарханда самсап тұратын. Сылқия тойып алып, ауызды жеңмен бір сүртіп, өмірге дән ырза болып, ышқырды тартып қойып: «өріс қайдасың» – деп, қойды өргізіп, әндетіп кете баратынбыз. Кешке келгенде нағашы атамыз әрқайсымызға жеке 1 сомнан қалтамызға салып беруші еді. Ол дегенің үлкен байлық, келесі кезек келгенше клубтағы 10 мультфильм, 5 кино көруге жететін еді.
Нағашы атамыз апам Света екеумізді бала күннен қолына алып, еркелетіп, Светаны – қараторы болса да «ақ лаққа» теңеп, әуендетіп: «Ағләңке» деп, кешке өрістен қайтқан қойлар үйге келмей, бөлініп кеткенде мені қолымнан жетектеп алып, «жоқ іздеп шыққанда», ылғи жолы болып, іздегені тез табылатындықтан, ырза болып, содан мені: «Қойтабылған» – деп атаушы еді. Мектепке барғанша сол нағашы атамыздың қолында болдық. Ұйықтар алдында маған небір қиял-ғажайып ертегі, аңыз, жыр-дастан айтып, таң қылаң бергенде талықсып, ұйқыға кетуші еді.
Осының бәріне дер кезінде балалықпен мән бермей, кейін студент болғанда да жөн сұрап, білмей, дәл елдің тарихын жазу керек болғанда ғана есіме алып, қалжырап қалған шағында алдына барғанда кеш қалғанымды түсініп, өзекті өртеген өкініштен:
Қиналдым көріп атамды,
Қатары сиреп қартайған.
Жасаурап қалған жанарың,
Жан сырын маған айта алмай?
Қалыңды сұрап барғанда,
Жайыңды да айта алмай.
Қарлыға шыққан дауысың,
Қайғыны еске салғандай.
Балажанды атам – Жұмабай,
Барыңды бізге салмап па ең?!
Елжанды атам — Жұмабай,
Еліңе еңбегің сіңбеп пе ед?!
Шежіреші атам – Жұмабай,
Тарихтан шерткен сырыңды,
Ес білер елдің адамы,
Санасына құймап па ед?!
Күйзелген елді жасыңда,
Етекпен тасып талшықты.
Аштықтан алып қалғаның,
Қазірде оны кім білед?!
Ағайын-туыс алысқа,
Панасы жоқ орысқа,
Қамқор жүрек елжіреп,
Көмек берген кезіңді,
Есіне алып кім айтар ед?!
Жылы менен жұмсақты,
Алдына сап ұлыңның,
Маңдайынан сипаушы ең,
Өтеуі соның болар ма ед?!
Жырлап берген тарихты,
Жазып жүрген азамат,
Алдыңа кеп, бас иіп,
Бағаңды дұрыс берер ме ед?!
Қатарың ғана түсінген,
Қадіріңді қазіргі ел,
Жасқа үлгі етердей,
Жырлап айтып берер ме ед?!
Қатары сиреп қартайған,
Ауылымның қарттары,
Күйінен елдің күйзеліп,
Бозғыл тартты-ау шаштарың.
Еңкіш тартып өр тұлғаң,
Жасаурап қалған жанарың,
Осыны көрген азамат,
Үлгі-өнеге ретінде,
Баласына не дер ед?!
Аласыпыран кезеңде,
Алысып өтті-ау бұл ұрпақ.
Зобалаңды кезеңде,
Зардап шекі-ау бұл ұрпақ.
Қасіретті кезеңде,
Қайыспады-ау бұл ұрпақ.
Бейбітшілік кезеңде,
Гүлдей жайнап өссін деп,
Дегеніне жетсін деп,
Барын салып біздерге,
Еңбек етті-ау бұл ұрпақ.
Бәрін де көрген бұл ұрпақ,
Бәріне төзген бұл ұрпақ,
Біздерге үлгі болардай,
Текті елде туған ұлы ұрпақ!!! – деп сыр шертіп ем.
Міне, осындай текті тұлғадан туған анамызды қыз бала болса да асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы десем, артық болмас еді. Себебі, нағашы атамыз бен әжеміз бірінің артынан бірі қыздар туып жатқанда ұлға зар болған. Анамнан кейін бір ұл туса да, көп тұрмай шетінеп кетіп, кейін, нағашы атамыз 1946 жылдан бастап, он жылдай істі болып, өкімет қызметінен босатып, партиядан шығарып, тіпті өзі 1941-1949 жылдар аралығында председателі болған аудан басындағы Ордженикидзе колхозынан 1955 жыл шамасында Қарғалы жаққа кетуге мәжбүр болғанда, ұнжырғасы түсіп, «елім-жерім» деп жүріп сіңірген еңбегі зая кеткендей болғанда, анамыз 7 жасынан 16 жасына дейін әкесінің қас-қабағына қарап, ер азаматша атын ерттеп, аттандырып, шалдығып келсе, аттан сүйеп түсіріп, атын жемге қойып, қалт етсе дем беруге дайын тұруды өзінің әдетіне айналдырғаны жөнінде тебіреніп айтып отырушы еді. Сондағы күйзелістен өзі де оңбай ауырып, апиынмен емдеп, бетін зорға бері қаратып алған екен. Мектептегі оқуын да аяқтай алмай, 7-ші сыныптан кейін: «әкеме қолғабыс боламын» деп, үйдің бар шаруасының тізгінін өз қолына алуға тырысқан. Міне, қыз бала болып туса да, ер азаматқа бергісіз ерік-жігермен, намыспен әкесіне сүйенерге арқа болғаны біздерді ерекше тебіреніп, ырза қылдырып, құрмет тұтуға, үлгі тұтуға жетелейді.
Анамыз онүш құрсақ көтерген. Содан ортамыздан ең ерте екі нәресте (1-ұл бала – 1960/61ж., 2-қыз бала, аты Нұргүл – 1970/71 жылдар тұсында), дүниеге келген соң, шетінеп кеткен екен.
Одан кейінгі жанұямызда орын алған үлкен қайғы 1982 жылы 4-ші маусымда – Күлпаштан айырылып қалдық. 21 жасында басынан минингит болып ауырып, дәрігерлер ажалдан арашалап ала алмай қалды. Апатайларымның арасында өз орны бөлек, ерекше жан еді. Бауырмал еді. Алдындағы «хан қаһарлы» Гүлбара мен өзінен кейінгі «Жолбарысша» атылып тұратын, шапшаң, қайсар Гүлнарға қарағанда Күлпаш жуастау, бір тоға, жымиып қана күліп отыратын. Үйде бұйығы болғанымен құрбы-құрдастарының ортасында ол да құлпырып кететін, әсіресе, ағайынымыз Тұрсын қыздары: Салтанат, Ләззат, Венера, Рымқұлқызы Гүлмира, бөлелері Сапарқыздары: Әлия, Күлзия, Сапарұлы Қанат, анамыздың кенже бауыры, нағашымыз Шиқо, құдашамыз, жездеміз Мерекенің қарындасы Зейнептер келгенде солардың ортасында ерекше гүл-гүл жайнап, ойнап-күліп, гитарамен өлең айтып, би билеп, бір жасап қалатын. Көз алдымызда осы жарқын бейнесі қалыпты.
Одан кейін, Ағам Талғат пен жеңгем Нәскеннің 1991 жылы 1 наурызда дүниеге келген егіз ұлы мен қызы: Қанат пен Жанат шиеттей күнінде 1991 жылы 4-ші сәуірде шетінеп кетті.
Одан кейін, қарындасымыз Айманның 1992 жылы 2-ші қыркүйекте дүниеге келген кішкентайы, Ерланқызы Жанна бес айдан кейін, 1993 жылы 22-ші ақпанда шетінеп кетті.
Одан кейін, қабырғамызды қайыстырып, бірінің артынан бірін, нағыз деген шағында қос жиенімізді: 2016 жылы Мейрамұлы Сұлтанды, 2017 жылы Маратұлы Қуанышты бір күнде, 7-ші шілде күні ортамыздан сұм ажал алып кетті.
Екеуі де ата-анасының тұңғыштары, үміт артары, артында келе жатқан бауыр-қарындастарына қамқор қалқаны еді, өмір көгіне жарқ етіп самғап шықты да, құлдилап аққан жұлдыздай көзден ғайып болды. Қайғысы әлі күнге дейін тарқамай, егілтіп, жылатып кетті, қимайтын қыршын жастарында. Тек,
«Ұлды берді ақиық лашын құстай,
Қысқа болса да ғұмыры, жарық жұлдызы-ай!
Артта қалған жақсы аты, ұрпағымен!
Мәңгілікке жарқырап, үлгі болар!» – деп,
Немесе,
Арманыңды іліп-ап, Қуанышың,
Көкке самғап кеткенмен жұбанышың!!!
Рухы демеп біздерді әрбір сәтте!!!
Өмірі оның үлгі болды мәңгілік!!! – деп еске аламыз, көңіл айтамыз.
Одан кейін 2015 жылы, тура туған күнінде, 2 желтоқсанда, тете өскен бауырымыз Дәуленнен айырылып қалдық.
Кейінде, тура осы туған күні келгенде: «Иә, «Дәукілбас» – деп шақырушы еді анамыз оны. Туған туыстың қамқоры, жанашыр еді, бәрінің қамын өзі жалғыз жасап жүретін, ешқайссымызға міндетсінбей-ақ… Ол қиналып жүргенін ешкімге мұң шағып айтпаушы еді… Жезделерімен қалжыңдасып, құдалармен тең-құрбыдай шүйіркелесіп, сырласып, ойнап-күліп жүруші еді… Бауырларына жанын салып, қол ұшын беруге асығып тұрушы еді… О дүниеде де, «әй, ағаларым-ай», «бауырларым-ай» деп, біздің тышқан тірлігімізге қарны ашып жатқан шығар… Жаның жәннатта, тәнің рахатта болсын! Құлыншақтарың Диана мен Асхаттың, ұлыңдай болған Тимурдың, немерелеріңнің, «Боташым» деп отыратын жан-жарың Гуляның бар армандары орындалып, уайым-қайғысыз Бақытты ғұмыр кешсін деп тілейміз. Алла тілегімізді қабыл етсін» — деп бауырымды егіліп отырып, еске алып:
«Желтоқсанның мына күні ашық қандай?!
Жадыратып, көңілді тасытқандай!
Аумалы-төкпелі еді ауа-райы,
Дәл бүгін, қуантуға, асыққандай.
Тән кеткенмен, Жан мәңгі өлмейтінін,
Дәукең бізге, жымиып, танытқандай!
«Қараңдаршы», – дейді ол, «күнім қандай!»
«Ойнап-күліп, асыр сал, тұрып қалмай,
Алаң болма, туғаным, бауырларым,
Мен бәріңнен биікте, ұшам самғай!
Қу тірліктің біткен бе қарбаласы,
Әбден шаршап болдыңдар, бір дем алшы,
Мен туған күн мұңаймай, қайғы ойламай,
Серпіліп бір, мен құсап, әнге салшы.
Ортаңда мен жүргендегі думан қайда?!
Дүние үшін уайымнан не бар пайда?!
Қолды сілтеп күйбеңіне қу тірліктің,
Бірге болып, Бірге жүрші, Бірге тойла!
Мен туған күні өздеріңе БАҚ-ҚҰТ келсін!
Дастарқанға БЕРЕКЕ-ЫРЫС толсын!
Бала-шағам, жан-жарым, туғандарым,
Мәңгілікке ортаңда БІРЛІК БОЛСЫН!» –
деп тұрғандай Дәукең бізге, сонау көктен,
Күн нұрымен, шуағын, бізге төккен,
Қабыл алып, тілеуін, ЖАН-БАУЫРДЫҢ!
Тәңір жар боп, жарылқасын бізді көктен! – деп толғамасқа шара жоқ.
Ең соңында, алтын жездемізді, Гүлбара апытайымыздың жан-жары, әкеміз бен анамыздың қолғанаты болған Мерекені сұм ажал 2019 жылы 10 қазанда ортамыздан алып кетті.
Әкенің жақсысы жездедей-ақ дегендей, Мереке жездемізді әкеміз бен анамыз да, бәріміз ерекше жақсы көретін едік. Олай болатын себебі, оның жаны ізгі, иман жүзді, қашан көрсең жымиып, ортамызға келе қалса, небір қызық әңгіме, хикаяны айтып, қыран-топан күлкіге батырып жататын. Өмір бойғы жүріс-тұрысы, қылығы аңызға бергісіз, қызықты-күлкілі оқиғаларға толы, тіпті, құдаларымыздың өзі оның әңгімесін дастархан басында тыңдап отырып, күлкіден шек-сілесі қатып, бастарын шайқап, қолдарын көтеріп: «ойбай болды, қарғам, әрі жалғастырсаң өлтіресің, күлуге шамамыз жоқ, ішіміз түйіліп қалды, қоя тұршы осы жерде, бір демімізді алып алайық, ішті босатайық» – деп жалынатын. Артынан: «мынаның бәрін кітап қылып, жазып шығару керек қой» — деп отыратын.
Ал, шаңырағы көтерілгенде, осы апамыз бен жездемізді арқаланып, Света, Дулат, Дәулен төртеумізді ата-анамыз қалаға интернатқа оқуға әкелген. Кейін, жездеміздің бізге жасаған осы қамқорлығын, жақсылығының бәрін Гүлбара апытайымның мерейтойына арнауда:
«…Кейінде қала келдік, білім іздеп,
Өзімізге пана болдың бауырым деп,
Ата-Енең, қайын жұртың, жездемізбен
Құшақ жайып, қарсы алды «құлыным» деп!
Сенбі мен жексенбіде ауылды аңсап,
Көңіл түсіп, сағынып жүрген бір шақ,
Үйге ап кеп, тойдырған соң небір дәмге,
Ойнаушы едік, ес қалмастай асырға сап.
Кейін құрып алғанмен жеке отау,
Бәрі-бір қиындық пен жоқшылық бар,
Ең ақыры таусылғанда тамағымыз,
Дорба арқалап, кеп тұрушы-ек көмек сұрап.
Анамыз да жетпегенді жамауменен,
Өзің мен Жездемізге арқа сүйеп,
Шешуші еді мәселенің бәрін тегін,
Жомарттығын жездеміздің арқалан-еп!» – деп өлең жолына салып, шексіз алғысымызды білдірген едік.
Иә, осындай сәтте осы марқұмдардың жарқын бейнесін көз алдымызға елестетіп, руһтарына дұға бағыштаймыз, жатқан жерлері жайлы, топырағы торқа болсын, қабірлері нұрға толсын, жандары жәннәтта, тәндері рахатта болсын.
***
Ал тірліктегі қалғанымызды анамыз, өмір бойы жеткіземін деп, әкеміздің табысы жетпей жатқанда екі жұмысты қатар алып жүрді. Бала күнімізде қалада интернатта оқып жүргенде, каникулға қарай ауылға алып кетуге келгенде төртеумізді ертіп алып, дүкен базар аралап, бір жерден оймақ, бір жерден жіп, бір жерден розетке, лампы, бір жерден ыдыс-аяқ, стақан, қасық алып жүргенде біз таң қалып:
– Көке, мынаның бәрін кімге алып жатсыз, неге керек соншама зат? – дегенде.
– Әй, құлындарым-ай, мынаны көрші Ағлипа апаң, мынаны — Қамила апаң, мынаны Бижамал апаң, мынаны Бикен тәтең, мынаны үйдің алдындағы Ешкілібайдың кемпірі тапсырған, мына ыдстарды, стақан, қасықтарды бәлен ұлына той жасайын деп жатыр, соған алдым, – дейтін.
Сонда анамызға ренжіп:
– Біз тәтті балмұздақ, тәтті тоқаш жегіміз келеді, неге бізге соларды әпермейсіз?, сіз елдің жоғын түгендегенде біздің керегімізді кім әпереді? – деуші едік.
Сонда анамыз сабырмен:
– Құлындарым, өздерің қараңдаршы, әкең де, мен де таңның атысы, күннің батысы бірнеше жұмыс істегенмен тапқан табысымыз барлығыңа бәрі-бір жетпейді. Сол жетпегенді ылғи да, ағайын-туыс, көрші-қолаң, қызметтес-әріптестерден қарызға алып жатамыз, бәрі бізге көмектеседі, сөзімізді жерге тастамайды. Ал түптеп келсек, адам болған соң адамға жақсылық жасау, қызмет ету керек, тілеуді Алладан тілейміз. Мен жақсылық жасаған адамдар менің ғана емес, менің балаларымның да тілеуін сыртынан тілеп отырады, көп түкірсе көл болады. Сондықтан да, әкең мен менің жеткізе алмағанымды елдің тілеуі арқылы Алла өзі ретін келтіріп, береді, қиналғанда Құдай қолдайды, мұқтаж болғанда Тәңір жарылқайды, – деуші еді.
Сол кезде оған онша сеніңкіремегенімізбен, кейін бәрі анамыз айтқандай орнына келіп жатқанына біртіндеп көзіміз жетіп келеді.
Онымен қоймай анамыз қай үйде той болып жатса, не бір қонақ күтіп, кісі жөнелтіп жатса, бірде есік алдындағы пештің алдына отыра қалып, бауырсақ пісіріп, бірде үйіліп жатқан ыдыс-аяғын жуып, үй салып жатса, пешін қалап, лаймен іргесін сылап, күңше қызмет етіп жатқанда біз намыстанып: «Көке, елдің өз қыздары, келіндері, жақын туыстары бар емес пе, сізге қарап қалып па, неге бәрінің жұмысын істейсіз» дегенде де: «Әй, құлындарым-ай, іс қыз-қыз қайнап жатқанда қалай ғана бүйір таянып тұрамын, бәрі осы елдің ауыз біршілігінің, бір-бірімен санаспай, қол ұшын беріп тұратын ақ көңіл, ақ пейілінің арқасы емес пе еді, ол елдің құтын құрайды, сендердің уайым-қайғысыз, алаңсыз бақытты өмір сүріп жатқандарың, осының арқасында. Мен де елден бөлек қалмай, адам болған соң адамға жақсылық жасауға тырысамын, тілеуді құдайдан тілеймін дедім ғой, шарапаты өздеріңе тиеді» – деуден танбаушы еді.
Әкеймен автолавкесіне бірге мініп алып, кімнің қызы -тұрмысқа шықса соның жасауын сатып әкелу, апару; той-домалақ болса, керек-жарағын сатып әкелу; шопандардың жайлауына азық-түлік, керек жарақ т.б. толып жатқан қажеттіліктерін өтеу; ағайын-туыс, тамыр-таныстың қуаныш-қызығында бел шешіп кірісіп, қолдарынан келген бар көмегін жасап жүруді өздерінің ең маңызды парызы деп есептейтін.
Үй болған соң ыдыс-аяқ шылдырамай тұрмайды, өзара ренжісіп, ұрысып қалса да, сәлден кейін бәрін ұмытып, дүние шыр-көбелек айналып, думанды өмірге араласып кете беретін еді.
Жүрген жерінің, жора жолдастың, туған-туыстың ортасындағы көңілді ойын-сауық, той-думанда анамыз да, әкеміз де «жиынның жаны» еді, қызбай жатса анамыз ортаға шығып, үнді биін билеп, төңірегі шыр-көбелек айналып, биге қосылып кетіп, біраз серпіліп алған соң, әкеміз: «Ах, Самара қаласын» әуендете, қалқыта шырқағанда көңілді қуаныш пен әсем сезімдер кернеп тойдың көркі кіріп, құлпырып кете беретін.
Жаз күндері сенбі-жексенбіде гаражда, тұтыну одағында және анамызбен «Шәйханада» («Чайный» дейтін ол кезде – М.Ж.) бірге жұмыс істейтін құрбы-құрдас, замандастары: Мильда, Алтынбас, Күлғайша, Гильда, Римма, Марина, Қаршыға т.б. бірге бала-шағаны автолавкеге тиеп алып, бірде ылғи туған-туыс, бажа-балдыздарын жинап алып, өзенге барып шомылып, таза ауада дәмді тағамдарын дайындап, ойын-күлкі мен думанға ұласып жатушы еді.
Осы жарқын өмір белестерін ой елегінен өткізе отырып, 1998 жылы 17 қаңтарда Дәулен мен Гуляның шаңырағында әкеміз бен анамыздың қосылғанына 40 жыл толғанын тойлап жатқанда кенеттен шабыт келіп, жыр арнап:
«Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Үбірлі-шүбірлі боп 10 баласы,
Ойын-тойда әрқашан бірге жүред.
Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Қиындықта, қыспақта, таршылықта,
Әрқашан бірін-бірі демеп жүред.
Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Жетіспей жатса дағы жан-жағында,
Ортасынан өзді-өзі шыға беред.
Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Туған-туыс әрқашан бір болғасын,
Өмірдің қыспағына шыдай беред.
Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Анам асыл болған соң әкемнің де,
Асығы алшысынан түсе беред.
Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Әкем қамқор болмаса бәрімізге,
Күніміз не боларын Құдай білед.
Мақтамаймын ата-анамды әсірелеп.
Ісінің ақ-қарасын Құдай білед.
Алыс пенен жақынды табыстырған,
Риза шығар Тәңір де, Құдай білед.
***
Хан болғанда Сәбекең,
Ханша емес пе Көкібас.
Туған-туыс бір болса,
Бізді ешқашан жау алмас.
Той-думанда бас қосқан,
Туған-туыс әрқашан.
Тірлігі бір туыстың,
Тілегі бір о бастан
Сәбекеңнің бажасы,
Ағадырдан Сәпекең.
Әр жағында бой сұнад,
Ұзын бойлы Егекең.
Осында отыр ер тұлға,
Егеменді Қалекең.
Балдыз мұнда Қайрекең.
Күлеке, Жәкі, Назекең,
Ортасында бажаның
Мәз-мәйрам боп Сәбекең,
Арман бар ма, шын айтшы,
Көкібас пен Сәбеке!
– деп әкеміз бен анамызға, сол сәтте бойды баурап алған сезімнің буымен әзілдеп, шабыттың сауырына қамшы салып, төгілтіп-ем.
Бүгін, міне, өзіміз балалы, немерелі болғанда осының бәрі әкеміз бен анамыздың бізге мұра ғып қалдырған қазақ халқының ғасырлар бойы жинаған игілік пен ізгілікке, адамгершілікке баулитын сарқылмас қазына байлығы екенін түйсінеміз, одан қол үзіп, айырылып бара жатқанымызды да өкінішпен мойындаймыз. Әке мен ананы, ата мен әжені еске алғанда осы ғибратты өмірі сабағын ұрпақ есінде сақтап, болашағына дара жол салатынын түсінсе абзал болар еді.
Қорыта келгенде, әкеміз бен анамызды еске ала отырып:
«Асқар тау, пана болған әкешім-ай,
Мөлдір бұлақ, мейір төккен анашым-ай,
Мынау жалған дүние мың құбылғанда,
Еске алып, сағынып жылап алам…
Күн жылуы жетпейді екен АНАНЫҢ ЫСТЫҚ АЛАҚАНЫНА!
Жер байлығы жетпейді екен ӘКЕНІҢ ЖАСАҒАН ҚАМЫНА!
Жандарыңыз ЖӘННАТТА, Тәндеріңіз РАХАТТА болсын, АНАШЫМ-ӘКЕТАЙЫМ!!!
Жакин Мәулен Советұлы,
Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті,
Тарих факультеті, «Археология, этнология және Отан тарихы» кафедрасының профессор ассистенті,
«Этномәдени және тарихи-антропологиялық зерттеулер Орталығының» аға ғылыми қызметкері,
тарих ғылымдарының кандидаты
