Әлеуметтік желі полицейлер туралы теріс пікір айтудан еш жалыққан емес. «Ит екеш ит те киімге қарап үреді». «Жуас мал қырыққанға жақсы», «Семіз қойдың ғұмыры қысқа» дейді қазақ. «Көнбіс қойды» сойып салатындар жетерлік. Білемін. Бірақ сын садағымен атқан сол «жаман» полицейлер, үйіңізде ұрлық болса, адам өлтірсе, үйіңізге жаппай шабуыл жасалса, жол көлік оқиғасы орын алса, зорлау фактілерімен педофилдік әрекеттері орын алса, тағы да басқа қоғамдық тәртіп бұзылып жатса, сол «жаман» полицейлерге жүгінетіміз рас қой. Осы «жаман» полицейлер қарапайым халықтың тыныштығын, қоғамдық тәртіптерді 7/24 қадағалап қорғап жүретін. Менің осы жазбама да сын садағын жаудырып қана қоймай, тіпті боқтау гранатасын лақтыратындар табылатындарын ішім сезіп отыр. Бірақ, айтуым керек боп тұр. «Істің ақыры жігіттің пақырына қалады» деген қанатты сөз бар. «Елді іс біріктіреді, сөз бұзады» деген байламның астарын да ұға отырайық. Бұл жазбам, өмірден қайтқан аға дос туралы еді. Қабыл алыңыздар.
Түйтебай Біләлұлымен өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басынан таныс болдым. Академияға қызметке келген тұстан бері. Ол ІІМ Қарағанды жоғары мектебінің жедел іздестіру қызметі кафедрасында оқытушы болатын. Байсалды, бидай түсті, бітімі ерек, зор тұлғалы, өлімді де, ерлікті де көзімен көрген, өн-бойымен сезінген адамдай көрінді. Осы сабырлы кейіп-келбеттің астарында тұтас бір дәуір жатыр деп ауыз толтырып айта аламын.
Әуелі ішкі істер органыдарының қызметкері, кейін қаламының желі бар журналист болған Сүйіндік Жанысбайдың мәліметі бойынша, Түйтебай Ахметов еңбек жолын 1978 жылы Қарағанды облыстық атқару комитеті ІІБ саяси-тәрбие жұмысы бөлімінің нұсқаушысы болып бастайды. Ал екі жылдан кейін нағыз қажет болған жерге – өзіне ыңғайлы, оң жамбасына келетін қылмыстық жедел-іздестіру бөліміне ауысты. Оның алғашқы тәлімгері «Қарағанды Шерлокы атанған» Ғазиз Қапенов болды. 70-80 жылдары қала мен облыста ол ашпай қалған қылмыс жоқ десе де болады. Қапеновтың өзгеден ерекшелігі, ол қылмыскердің психологиясына етене ден қоятын, алдымен адам психолгиясына жүгінетін. Қарамағындағыларға «қылмыскер әрқашан да ізін қалдырады, тек оны көре білу керек» деп ұдайы ескертіп отыратын. Түйтебай Біләлұлы осы қағиданы өмір бойы берік ұстанып өтті. Ғазиз Қапенов жас жедел уәкілдерді кабинетте емес, «территорияда» (орысша айтқанда «на земле») тәрбиелейтін. Түнде кезекшілік, ұсталған қылмыскермен алғашқы бетпе-бет жауап алу, із-түссіз жоғалған адамды іздеу – бәрі соның қолымен жүзеге асатын. Ғ.Қапенов Түйтебайдай шәкірттеріне екі нәрсені қатты талап ететін: сабыр және адамды түсіну қабілеті.
Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары Қарағандыда қарулы топты ұстау операциясында өзі алдыңғы қатарда жүріп, жас қызметкерлердің өмірін сақтап қалғаны бар. Бұл да өз алдына айтылатын тарих. Сол үшін медальмен марапатталған. Осы оқиғадан кейін оның сөзі ІІБ-де заңдай болған еді. Біз сөзбен айтқанда, Қарағандылық сақшылардың ел аузында аты аңызға айналған қызметкері болды Ғазиз Қапенов. Оның қол астында жүрген Түйтебай Біләлұлы одан көп нәрсе үйрене алды. Сабыр мен салмақтық Ғазиз ағадан жұққанын жасырмаған жөн шығар. Қапенов: «Түйтебай, жедел уәкіл айғайламайды. Ол тыңдайды. Күдіктінің өзі саған бәрін айтып береді. Сен тек уақытын күте біл» дейтін. Сондықтан 1980 жылы Қапеновтың қанатының астынан шыққан Түйтебай Біләлұлы екі жылда-ақ өзі дербес, мықты жедел уәкілге айналды.
ТАКСИСТЕР ІСІ
Кезінде осындай атышулы іс болған. 1984 жыл. Күзгі мезгіл. Кезекші бөлімнің телефоны түн ортасында жарылғандай шырылдады. Дауыс дірілдеп тұрды: «Қарағанды-Сұрыптау станциясының маңы… жолдың жиегінде… «Волга» тұр… ішінде бәрі қан…»
Жедел-тергеу тобы 7 минутта жетті.
Сары түсті «Волга» такси. Мемлекеттік нөмірі 14-26 КАР. Салоны – сұмдық. Алдыңғы орындық, руль, есік – барлығы қанға малынған. Жүргізуші жоқ. Бірақ рульде таксистікі болар бас киім қалған. Ғазиз Қапенов түнгі 2-де өзі жетті. Тек қарап шығып, бірауыз айтты: «Бұл сериялық қылмыс. Жол бойын жедел қарап шығыңдар!».
Таң бозарар кезде жолдың бойындағы қамыстың арасынан 34 жастағы таксист азамат Қ-ың денесі табылды. Кеудесінде және басында екі оқ жарақаты. Әмиян бос. Машинаның бардачогы ақтарылған.
ҮШ КҮНДІК ТЫҒЫРЫҚ
Ішкі істер басқармасы 2 аптада 3 осындай істі тіркеді. Қолтаңбасы бірдей: Кешкі 22:00-ден кейін такси ұстайды. Жалғыз әйел отырады. 2-3 км жүрген соң «жолдасым бар еді, жолдан ала кетейік» дейді, 2 еркек қол көтереді. Қала шетіне шығып, ақшасы бар болса – өлтіреді. Ұзын құлақтан құлақдар болған халық үрейленді. Таксистер түнде жұмысқа шығудан бас тартты.
ҚАПЕНОВТІҢ ЖОСПАРЫ
Сонда Ғазиз Қапенов үстелді жұдырығымен ұрып: «Егер қасқыр қой болып жүрсе, қой да қасқыр болуы керек!». Нұсқауы қатал болды: «Тірідей ұстаймыз!». Қарағанды криминалдық милицияның ең мықты 5 жедел уәкілі таңдалып алынды. Оның ішінде Түйтебай Біләлұлы Ахметов те бар еді. Оларға тапсырма: такси айдау. Форманы шешіп, азаматтық киім киіп, түнде қаланы аралау. Рация – бардачокта. Қару – белдікте. Артында 500 метрде 2 «ізді баққан» милиция көлігі. Түйтебай Біләлұлы кейін бұл оқиғаны былай деп еске алатын: «Үш түн ұйықтамадық. Әр тоқтатқан адамнан жүрегім тоқтап қалатын. Қорықпауға тырысамын.
ҰСТАУ
1984 ж. ҚАЗАН. 4-түні. «Оңтүстік-Шығыс» шағын ауданы. Уақыт – 23:40. Жол жиегінде жеңіл плащ киген әйел қол көтерді. 25-27 жас шамасы. «Аға, Сұрыптауға дейін апарып тастаңызшы» деді. Түйтебай Біләлұлы айнаға анда-санда көзін салып отырды. Екі шақырымдай жүрген соң жолдың бойынан тағы екі кісі қол көтеріп тұрды. Біреуінің қолында пакет. «Братан, бізді де ала кетіңіз, жол бір» деді. Такси қаладан шыға бастағанда артқы орындықтағы еркек: «Тоқтаңызшы, темекі түсіп кетті» деді. Сол сәтте Түйтебай Біләлұлының іші суып кетіп, бірдеме болатынын сезді. «Тоқтауға болмайды» деді ол байсалды дауыспен. Сөйтіп білдіртпей рацияның түймесін басты. Сол сәтте-ақ алдынан және артынан 2 машина кес-кестей тоқтады.
Ұсталғандар: Людмила С. – 24 жаста. Жем. Виктор К. және Николай П. – бұрын сотталғандар. Екі ТТ тапаншасы және таксисттің сағаты табылды…
Сотта олар 4 кісі өлтіргенін мойындады. Барлығы да таксист еді. Үштіктің басшысы – әйел екен. Сол арқылы таксистердің сеніміне кіретін болған. Осы істен кейін ІІМ бұйрығымен түнгі таксиге 2 жүргізуші шығу тәртібі енгізілді. Міне, сол кезден бастап Түйтебайдың жедел уәкілдің кәсіби қасиеті, кәсіби түйсігі қалыптаса бастады.
Осындай көзсіз ерлігі мен тапқырлығы үшін жас жедел уәкіл Түйтебай Біләлұлы «Қоғамдық тәртіпті сақтаудағы үздік қызметі үшін» медалімен марапатталды.
АУҒАН СОҒЫСЫ
1985 жылғы желтоқсаннан 1987 жылғы желтоқсан аралығында Түйтебай Біләлұлы Ахметов Ауғанстанда шектеулі әскери контингентте арнайы тапсырмалар орындады. Ауған милициясы қызметкерлерімен бірге бандиттік топтарды жою операцияларына қатысты. Бірақ бір күнді ол ешқашан ұмытпақ емес. «Есімнен әсте кетпеді» деп бізге әңгімелеп отыратын…
1986 жылғы 20 мамыр. Операциядан оралу сәті еді. Кеңес Армиясының 6 әскери қызметшісі мен 3 милиция қызметкерінен тұратын шағын топ шатқалда тұтқиылдан шабуылға ұшырап, оқ астында қалды. Шығатын жол – жалғыз-ақ шатқалдың арғы жағындағы жота. Осы екі аралықта душмандар қауіп төндіруде. Қалқалаған жерден бой көрсетсең болды, атып тастайды. Айнала қоршаған душмандар. Енді бұлардың қараңғыны күтпеске амалы қалмады. Жауынгерлер дөңгелене қорғанысқа көшті. Абзалы қарулары молынан, әсіресе гранаталар көп болды, Оларды осы гранаталар мен төзімділік құтқарды. Түн батты. Тірілей де, өлілей де ала алмайтынын түсінген жау кейін шегінді. Топ қоршаудан шықты.
Осы шайқас үшін Түйтебай Ахметов «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
БЕЙБІТ ӨМІР. «БАТЯ»
Ауғаннан оралған соң, ішкі істер органдарында қызметін жалғастырды. Ал 1992 жылғы қарашадан бастап оның екінші өмірі – ұстаздық ету жылдары басталды.
Қарағанды жоғары мектебі. Лауазымы кафедра оқытушысынан күндізгі оқыту факультеті бастығының орынбасарына дейін көтерілді. 13 жыл ішінде ол көптеген шәкірттерді тәрбиелеп шығарды. Ауғаннан өткен, майор, подполковник қаруластары оны үлкен құрметпен «Батя» деп атады. Өйткені Батя — бұл лауазым емес. Бұл – артыңды жаудан қалқалайтын, жақсыға баулитын толық мәндегі адам.
2005 жылы полиция полковнигі Түйтебай Біләлұлы еңбек өтілі бойынша зейнетке шықты. Бірақ бос отыра алмады. «Каспий» банкі директорының орынбасары, Қарағанды облысы бойынша көлік бақылауы инспекциясы бастығының орынбасары, ал 2012 жылғы қаңтардан өмірінің соңғы күніне дейін «Қорғау қызметі» ЖШС бас директорының орынбасары болып жұмыс істеді.
Ойымызды түйіндесек, адамның өмірі жылдармен емес, істерімен өлшенетіні кәдік. Түйтебай Біләлұлы Ахметов дегенде, ойымызға ашылған күрделі қылмыстар, Ауғандағы құтқарылған ғұмырлар, Отанға адал қызмет етіп жүрген офицерлер мен оны мақтан тұтатын шәкірттері келеді.
Түйтебай Біләлұлы Ахметов арамызда жоқ қазір. Бірақ ол сүйікті жары Гүлнараның, ұлдары Әлімжан мен Айбектің, немерелерінің, көз көрген достары мен шәкірттерінің жадында мәңгі қалатыны анық.
Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын!
P.S: Түйтебай Ахметұлы – 1978 жылдан бастап ІІО-да қызмет етіп, көптеген қылмыстың бетін ашқан кәсіби қызметкер. 1985-1987 жылдары Ауғанстанда интернационалдық борышын өтеп, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. 1992-2005 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Қарағанды жоғары мектебінде мыңдаған офицер тәрбиелеп, ауған соғысына қатысқандар арасында «Батя» деген құрметті атқа ие болды. Оның есімін ұрпақ жадында қалдыру – біздің азаматтық борышымыз. Түйтебай Біләлұлы АХМЕТОВТІҢ есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында өзі тұрған үйіне тақта орнату туралы ұсыныс жасаймыз.
Елеужан СЕРІМОВ, з.ғ.к.,
қауымдастырылған профессор,
отставкадағы полиция полковнигі

