«Enbek.Bolashaq.Damu»

«AMANAT»  партиясының Қарағанды облыстық бөлімшесі және «Жастар Рухы»  жастар қанатының ұйымдастыруымен «Enbek.Bolashaq.Damu»  атты жастар слеті өтті.  Өңірдегі  қалалар  мен аудандардан 600-ден астам қатысушы-делегат келген жиында мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау мен жұмысшы мамандарына қандай мүмкіндіктер бары туралы талқыланып, айтылды. Сонымен қатар, жастар Саран индустриалды аймағына барып, сол жерде орналасқан зауыттардың жұмысымен танысты.

– Келесі жыл Қазақстанда жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланды және бұл біздің слетіміздің негізгі жолдауы болды. Жастарға біздің облыста көптеген жұмыс орнын ұсынатын ірі кәсіпорындар бар екенін көрсеткіміз келді. Ол үшін оқу, еңбекқорлық және өзіне сену қажет. Біз мұндай шараларды жыл сайын жастарға пайда әкеліп, кері байланыс алуға мүмкіндік беретіндей етіп жасауды жоспарлап отырмыз, – дейді Қарағанды облысындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Ержан Хамитов.

Слет аясында жастар Саран индустриалды аймағына барып КamaТyreskz, Silk Road Electronics, QazTehna зауыттарымен танысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ жастар кәсіптік бағдар беру бойынша кеңестер алды.

Слеттің маңызды бөлігі форсайт-сессия болды, онда: киберқылмыс, синтетикалық есірткі, лудомания  сынды өзекті тақырыптар талқыланды .

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірдегі жастарды қолдау мен дамытуға бағытталған елеулі күш-жігерді атап өтіп, оқу орындарының материалдық-техникалық базасын жақсартудың, сондай-ақ кәсіптік бағдарлау бағдарламаларын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Тұрғын үй мәселелерін шешуге көмектесетін жас мамандарға арналған жеңілдікті ипотекаға ерекше назар аударылды.

– Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан – талантты жастар елі. Ертең сіздер мемлекетіміздің абыройын асқақтатасыздар. Ал бүгін біз сіздердің дамуларыңызға барлық жағдай жасауымыз керек» деді. Бұл жай сөздер емес, бірлесіп жүзеге асыратын іс-қимыл жоспары.

Бүгін мұнда өңіріміздің ең жігерлі, бастамашыл және креативті өкілдері жиналып отыр.

Құрметті жастар, әлем жылдам қарқынмен өзгеруде. Ертеңгі күннің қалай болатыны сіздерге байланысты. Сіздердің идеяларыңыз, энергияларыңыз және өз күштеріңізге деген сенімдеріңіз – өз болашақтарыңыздың ғана емес, бүкіл елдің табысқа жетуінің кілті.

Бүгінде жастар үшін елімізде орасан зор мүмкіндіктерге жол ашық – оқыту бағдарламалары, кәсіпкерлік гранттар, шығармашылық бастамаларды қолдау, қолжетімді баспана және жұмысқа орналастыру.

Сіздердің әрқайсыңыздың таңдауыңыз бар: өмірде ағыс бойынша жүзу немесе өз тағдырыңызды өз қолыңызға алу. Табысты адам – әрқашан екіншісін таңдайды! Бәрін сынап көріңіздер: үйреніңіздер, жасаңыздар, жобаларға қатысыңыздар. Бұл сіздердің дамуыңыздың және табысты болуыңыздың кілті.

Біздің облыс жұмыс күшін белсенді түрде жұмылдыруда, бізге басқа өңірлерден мамандар келеді. Бізде Саран қаласында ірі индустриялық аймақ және Қарағандыда «Сарыарқа» аймағы бар. Жұмыстан қорықпаңыздар! Ең бастысы – ниет, ал бос орындар бізде жеткілікті, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

Отырысқа жұмысшы мамандықтарын таңдаған жастар да қатысты. Олар студенттермен өз тәжірибелерімен бөлісті және еңбек нарығының нақты қажеттіліктеріне назар аударудың қаншалықты маңызды екенін айтты.

– Мен ірі кәсіпорындар туралы көп нәрсе білемін деп күткен жоқпын. Біздің облыста мұндай зауыттар бар деп ешқашан ойлаған емеспін. Мен сондай-ақ көптеген қызықты адамдармен таныстым. Мұндай слеттер жастардың қолдауын сезінуі және даму мүмкіндіктерін көруі үшін өте маңызды, – деп атап өтті слетке қатысушы Е.Бөкетов атындағы Карағанды зерттеу университетінің төртінші курс студенті Диана Мұстафина.

Келесі болып сөз алған «Qarmet» комбинатының инженері Садықжан  Жасыұзақов өз жұмысының неге қажет екендігін жеткізді.

– Инженер ретінде жұмысымның ең қызықты сәті – жобалаған немесе жөндеген құрылғының жұмыс істеп тұрғанын көру. Бұл сәт мен үшін өнер туындысын жасаумен бірдей.

Зауыттағы инженерлерді оркестрдің дирижері деп қарастыруға болады. Біз машиналардың бір ырғақпен жұмыс істеуін қадағалаймыз.

Инженерлерді байқамаймыз, бірақ олардың еңбегі – біздің күнделікті өмірімізді жеңілдететін барлық нәрсенің негізі. Мысалы, сіз қазір отырған орындықтан бастап, пайдаланып отырған смартфонға дейін инженерлердің еңбегі.

Бүгінде еліміздің жетекші металлургиялық кәсіпорындарының бірі «Qarmet» АҚ металлургиядық комбинаты, жөндеу-монтаждау зауытының техникалық диагностика бөлімінің инженері болып жұмыс істеймін.

Инженер болу – үнемі жауапкершілікпен жүру деген сөз. Біздің жұмыста «Жай ғана қосып көрейік» деген сөз жұмыс істемейді, өйткені бір ғана қате – үлкен шығын әкелуі мүмкін!

Елімізде цифрлық технологиялар, жасыл экономика, жасанды интеллект сияқты жаңа бағыттарды дамыту біздің болашағымызға әсер етеді. Осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, тек маман ретінде ғана емес, көшбасшы ретінде де өсуіміз керек. Біз еңбек адамының беделін көтеріп, әрбір жастың өз үлесін қосуы үшін шабыттандырушы болуымыз қажет, – деп  жастарды зауытқа жұмысқа келуге шақырды.

Шахтинск қаласы мәслихат депутаты, НОММ зауытының транспорттық бөлім басшысы Мақсат Тоханов болса жастарды жігерлендіре түсті. Ол өз сөзінде:

–  Менің еңбек жолым тау-кен жабдықтарын жөндеу слесарі ретінде басталды. Осы жылдар ішінде мен бір нәрсені жақсы түсіндім: менің жеке жетістігім – менің еңбегіме, ал бүкіл мемлекеттің жетістігі – барша халықтың еңбегіне байланысты.

Егер мемлекетімізді үлкен және үздіксіз жұмыс істейтін механизм деп алсақ, онда әрбір адам сол механизмнің маңызды бір бөлшегі іспеттес. Бұл бөлшектердің әрқайсысы өз міндетін адал орындағанда ғана механизм тоқтаусыз жұмыс істейді. Сондықтан еңбек әрқайсымыз үшін басты құндылық болуы тиіс.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Азаматтардың адал өнімді еңбегі құрметтеледі, қорғалады және оған лайықты еңбекақы төленеді» деп атап өтті. Бұл сөздер мемлекеттік деңгейде еңбек адамының маңыздылығын ерекше айқындайды.

Өндіріс саласының адамы ретінде мен бос сөз бен уәделердің уақыты өтті деп айта аламын. Қазіргі таңда елімізге нақты әрекет ете алатын кәсіби мамандар мен шынайы патриоттар ауадай қажет. Біз тек сөзбен емес, нақты іспен өз еліміздің болашағын құруымыз керек.

Еңбек – әділетті Қазақстанның негізі. Еңбек адамның өзін ғана емес, бүкіл қоғамды өзгертеді. Адал еңбек арқылы біз қоғамымыздың барлық саласын жақсарта аламыз: білім де, ғылым да, өндіріс те еңбекпен дамиды. Әрбір жас азамат елдің болашағын өз еңбегімен қалыптастыруға үлес қосуы тиіс, – деді.

Слет соңында әртүрлі салада өзін танытқан бес белсенді қатысушы меценат – Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты, Жастар кеңесінің төрағасы Асқар Оразбековтен 100 мың теңгеге ақшалай сертификат алды.

– Біз жыл сайын жастарға осындай сертификат береміз. Бұл үрдіс жалғасын таба береді. Мысалы, бізге қамқорлық пен көмек сұрап баскетбол командасы келді. Біз оларға қол ұшын созып, үстіге киетін форма, аяқкиім сатып алып бердік. Олар да алғыс ретінде өз командаларының атын «Аманат» деп атады. Бізге келген немесе көмек сұрап қолдау сұраған жастарға өз тарапымыздан жағдайына қарай қаржылай көмек беруге әзірміз, –дейді Асқар Оразбеков.

Слет қорытындысы бойынша Қарар қабылданды, онда өңірдегі жастар саясатын одан әрі дамытудың негізгі бағыттары белгіленді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *