Әйелдер форумы: Respublica әйел көшбасшыларды қолдайды

Қарағандыда Respublica партиясының облыстық филиалы ұйымдастырған әйелдер форумы өтті. Шарада белсенді кәсіпкер әйелдер, қоғам қайраткерлері және пікір көшбасшылары бірігіп, әйелдердің аймақ пен елдің дамуындағы рөлін талқылады.

Форумды Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров ашып, әйелдер кәсіпкерлігі мен көшбасшылығын қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

«Әйелдер – қоғамның қозғаушы күші. Олардың экономикаға, білімге және мәдениетке қосқан үлесін асыра бағалау мүмкін емес. Respublica партиясы әйелдерге өз әлеуетін жүзеге асыруға көмектесетін бастамаларды қолдауды жалғастырады», – деді партия төрағасы.

Сондай-ақ партияның тең төрағасы, кәсіпкер Динара Шүкіжанова сөз сөйледі. Ол әйелдер кәсіпкерлігін дамыту тек әлеуметтік жауапкершілік қана емес, сонымен қатар экономикалық өсудің маңызды факторы екенін атап өтті.

«Бұл форумға нәзік болса да табандылығы арқасында бизнес, экономика саласын дамытып жүрген, жұмыс орындарын ашқан мықты әйелдер жиналған», – деді кәсіпкер.

Форум аясында партияның жаңа мүшелеріне партиялық билеттер мен төсбелгілерді табыстаудың салтанатты рәсімі өтті. Олардың ішінде табысты кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері және көпбалалы аналар бар, олар бүгінде өңірдің дамуына елеулі үлес қосып жатыр.

Форумға партияның орталық аппаратының басшысы Жанат Ысқақов, басшының орынбасары Әлібек Ашметов және кеңесшісі Айдана Тоғызбаева қатысты.

Шараның модераторы – «PODONAIL.KZ» жүйесінің басшысы Дәурия Байғонова: «Біріксек, алып күш екенімізді еске түсірдік. Бұл форум – тек кездесу емес, Қазақстандағы әйелдер кәсіпкерлігін күшейту үшін тағы бір қадам. Өзгерістерді күтпейміз, керісінше оны жасаймыз», – дейді.

Спикерлер ретінде Қарағанды облысының әйелдер қоғамдастығының танымал өкілдері Жібек Камали, әйелдер қоғамдастығының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты және «Персона» фитнес-клубының негізін қалаушысы Дана Ерәлиева, «ЛУЧ» нейрореабилитациялық орталығының меңгерушісі Иримжан Батырханова, «Қарағанды терезелері» ЖШС директоры Айнұр Жұмақаева, оқытушылар, блогерлер және көпбалалы аналар сөз сөйледі.

Олар өз тәжірибелерімен бөлісіп, әйелдердің бизнесте және қоғамдық өмірде кездесетін қиындықтары туралы айтты және оларды шешу жолдарын ұсынды.

Форум Re.Women әйелдер қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырылған екінші (Көкшетауда өткізілгеннен кейін) шара болды. Respublica әйелдердің бизнестегі, саясаттағы және қоғамдық өмірдегі әлеуетін іске асыру үшін жағдай жасау бойынша жұмысты жалғастырады.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *