Көшбасшы компания

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді» деп нығыздап айтты. Бұл бәсекелестікті арттыруға бағытталған, отандық өнім өндірушілерге негізгі тапсырма десек те болады. Қарағанды қаласында жұмыс істеп тұрған «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС-да нарықта өз бәсекелестерінен биік тұрған кәсіпорын.

«Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС 2014 жылдан бастап қайта құрылды. Бұған дейін жұмыс істеп тұрған акционерлік қоғам таратылып, одан қалған зауытқа осы кәсіпорын заңды түрде ие болды. Бүгінгі күні  Қазақстанның нарығында электр техникалық өнімінің отандық тауар өндірушісі, әрі энергетикалық нарықтағы көшбасшы компаниялардың бірі.

– Бүгінгі күні зауыт дамудың жаңа сатысына көтерілді, технологиялық құрал-жабдықтың 70% артығы бағдарламалық қамтамасыз етуі бар заманауи технологиялық құрал-жабдыққа алмастырылды, бұл өнім дайындаудың прогресвиті технологияларын қолдануға, өнімнің үш жүзден артық жаңа түрін игеруге мүмкіндік берді.

Жылдар бойындағы жұмыс нәтижесінде біз орнатқан электр тіректер мен флагшток тұғырлары барлық ірі қала мен барлық облыс орталығында орнатылды, біздің өнімдермен Қазақстан мен ТМД елдерінің мыңдаған энергетикалық нысаны жабдықталды, – дейді «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС бас директоры Александр Ларионов.

Қазіргі кезде зауыт өнімнің 400-ге жуық түрін шығарады.

Жыл бойы күніне 24 сағат жұмыс істеп тұрған зауытта 3 цех бар. Кронштейнге арналған тұрба, 3-6 миллиметрлік қалындықтағы металл негізінен «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамынан алынады.

– Ал, зауытта дайындалған тірек пен тұғырларды тат баспас үшін ыстық мырыш тотығымен қаптауға Ресейге жіберуімізге тура келеді. Бізде, Талдықорған қаласында бұл іспен шұғылданатын компания бар. Бірақ, шындықты айтуымыз керек, олардың өнімінің сапасы сын көтермейді және бағасы да қымбат. Астанада да осындай бір кәсіпорын болды, мұнда да сол жағдай қайталанғаннан кейін, Новосибирск қаласына жүгінуге тура келді. Әзірге сол жаққа өнімдерімізді тасудамыз. Онсыз болмайды, өйткені, мырышпен қапталған темір жылдар бойы тат баспайды. Жарты ғасырға дейін кепілдігі тағы бар, ол дегеніміз сонша уақытқа дейін сырламайсыз, әрі шірімейді дегенді білдіреді, – дейді зауыт басшысы.

Зауыт Қазақстандағы 3 ірі «Kcell», «Билайн», «Теле 2» ұялы байланыс операторларымен тығыз байланыста. Оларды арнайы тірек жабдықтарымен қамтамасыз етіп отыр.

Саран қаласында РТИ аумағында «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС тағы бір  зауыт салуда. Ол жерде мырыштау жұмыстары жүргізіледі. Сол уақытта дайын өнімді Ресейге тасымайтын болады.

– Саранда өндіріске арналған алаң бөлінген болатын. Ол арнайы экономикалық аймаққа жатпайтындықтан, индустриалдық орын болғандықтан мемлекет бізге газ, жарық, коммуникацияны тартып беруде. «Бәйтерек» холдингімен қаржылай келісімге отырғаннан кейін зауыт салу басталады. Осы айдың аяғында құрылыс бастаймыз деп отырмыз. Келесі жылдың ортасында өзіміздің ыстық мырыштау орталығымыз болады деген ниеттеміз. Мырышты біз қазақстандық өнім өндіруші «КазЦинктен» алатын боламыз.

Соның арқасында келесі жылы 100 пайыз өз еліміздің шикізатымен өзіміздің өндірісті қамтимыз, – дегенді қосты Александр Викторович.

Қалаларда, аудан орталықтарында халықтың рухын асқақтатып тұрған, мемлекетіміздің басты рәміздерінің бірі ту желбіреп тұр. Осы флагштоктардың тұғыры осы зауыттың өнімі. Бүгінгі күні 30-ға тарта елді мекенде орнатылған.

Сонымен қатар, Астана, Бурабай, Шортандыдағы тас жол бойындағы жарықтандыру бағандарының тіректері зауыттың алғашқы ірі жобасы болатын. Қарағанды қаласындағы орталық баққа жарық шашып тұрған шамдардың 70 пайызы осы серіктестікке тиесілі.

– Біздің зауытта 120 адам жұмыс істейді. Дегенмен, басқа кәсіпорындардағыдай бізде де кадр жетіспеушілігі бар. Әрдайым мемлекеттік «Еңбек» сайтына бос орындарды ұсынып келеміз. Иә, жұмыс істеймін деп келушілер көп, орнығып қалушы жоқ десек те болады. Мысалы, соңғы екі-үш жылда еңбекке аралассам деген ниетпен 100-ге тарта адам келді. Оның 2-уі бізде қалды. Қалғанына жұмыс ұнамады немесе айлық аз дейді. Негізі біз статистикаға қарап отырып, орташа жалақыны қоямыз. Қанша техникум бітіріп келдім деген маманның өзі бірден өз ісін алып кете алмайды. Сондықтан оқытамыз, үйретеміз. Жастар бірден креслоға жайғасып, бастық болсам дейді. Олай болмайды ғой, – Александр Ларионов.

Өнімдерінің сапалылығы арқасында энергетикалық нарықтағы көшбасшы компаниялардың біріне айналған «Энергосистемы ЭЛТО» ЖШС-ның басшысы Александр Викторович бәсекелестік біздің нарық үшін өте керек екенін айтады. «Бәсеке бар жерде бизнес те жүреді. Өйткені, сен, олардан оза шабуын үшін сапаға да, санға да мән бересін. Тұтынушының үдесінен шығу үшін жарысқа түсесін. Кім алда, сол қашанда биікте болады», – дейді ол.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *