Жыл басы Үкіметтегі ауыс-түйіспен басталды. Жаңа құрам бекітілді. Сонымен…
Мемлекет басшысының Жарлығымен Ғалымжан Телманұлы Қойшыбаев ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – үкімет аппаратының басшысы лауазымына тағайындалды.
Ол 1968 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университететін тәмамдаған.
2019 жылғы 26 наурызда Премьер-Министр кеңсесінің басшысы болды. 2019 жылғы 18 қыркүйекте, 2021 жылғы 18 қаңтарда және 2022 жылғы 11 қаңтарда Президент Жарлығымен осы қызметке бірнеше рет қайта тағайындалды.
Ғалымжан Телманұлы «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған.
Ал Ғани Бектайұлы Бейсембаев ҚР оқу-ағарту министрі лауазымына тағайындалды.
Ол 1969 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін тәмамдады. Еңбек жолын 1986 жылы Шиелі ауданындағы мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі қызметінен бастаған.
2020 жылғы желтоқсан айынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті қызметін атқарды.
Ғани Бектайұлы РһD докторы, халықаралық академияның педагогикалық білім бойынша корреспондент мүшесі (Ресей), халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі (Қазақстан).
Ең жас министрлердің бірі Зүлфия Болатқызы Сүлейменова ҚР экология және табиғи ресурстар министрі болып тағайындалды.
Ол 1990 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін бітірген. Президент жастар кадрлық резервінің мүшесі.
Еңбек жолын 2014 жылы жаһандық саясат және қауіпсіздік орталығының өңірлік және жаһандық қауіпсіздік бөлімінің ғылыми қызметкері болып бастады.
2021 жылғы қаңтардан бастап осы уақытқа дейін VII сайланған парламент мәжілісінің депутаты болды.
Осыдан бір жыл бұрын Зүлфия Сүлейменова «Хабар 24» арнасына берген сұқбатында аң терісінен жасалған тон кимейтінін, ет жемейтінін және жануарларға тексеріп көрген косметиканы қолданбайтынын айтқан еді. Сондай-ақ, ол су тапшылығына алаңдап, зообақ пен дельфинарийге бармайды.
Марат Кәрімжанұлы Қарабаев ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болып тағайындалды.
Ол 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Ташкент облысында туған. Ташкент автомобиль жолы институтын, Уорвик университетін (Ұлыбритания), М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.
2021 жылғы қаңтардан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ИИДМ индустриялық даму комитетінің төрағасы болып жұмыс істеді.
Тағы да бір жас министр – Асхат Оралов. Ол ҚР мәдениет және спорт министрі болып тағайындалды.
1990 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, РФ СІМ Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар университетінде оқыған.
2021-2022 жж. Астана қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.
Азамат Несіпбайұлы Есқараев ҚР әділет министрі болып тағайындалды.
Ол 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік заң академиясын тәмамдап, еңбек жолын 1996 жылы Алматы қаласындағы ДЭЗ-2 жұмысшысы болып бастады.
2019 жылғы маусымнан бастап Премьер-Министр кеңсесі заң бөлімінің меңгерушісі.