Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 2023 жылы шамамен 532,4 мың мүгедектігі бар адам оңалтудың техникалық құралдарын (ОТҚ), 8,2 мың – ымдау тілі қызметін, 26,4 мың – жеке көмекшінің, 84,5 мың – санаторлық-курорттық емдеу қызметін алды.
Портал мүгедектігі бар адамдарға оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін өндірушіні және жеткізушіні өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Көмек түріне тапсырыс беру көрсетілетін қызметті алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау арқылы жүзеге асырылады. Тапсырыс берілген оңалтудың техникалық құралдарын жеткізу немесе өз бетінше әкету арқылы алуға болады.
Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен қамтамасыз ету протездік-ортопедиялық, сурдотехникалық, тифлотехникалық және гигиеналық құралдар, сондай-ақ кресло-арбалар беруді қамтиды.
Бүгінгі күні Порталда 872 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін орталық (бөлімшелер), 542 ОТҚ жеткізуші, 28 мыңнан астам жеке көмекші, 716 ымдау тілі және 104 санаторлық-курорттық емдеу қызметтерін ұсынушы тіркелген.
Порталды пайдалану бойынша консультацияларды қолдау байланыс орталығынан, яғни 1414 бірыңғай нөмірі арқылы хабарласуға болады.