Толғау
1 БӨЛІМ
Біз қазақ – Турлардың жалғасымыз,
Сақ, Ғұнның, Көктүркінің баласымыз.
Ұлан-ғайыр далада ат ойнатқан,
Көшпенді жұрттың ізін басқан ұрпағымыз.
«Қазақ» деген ежелгі сөз, мәнін ұқсаң
Еркін, азат деген сөздің астары бар.
Кең даланың еркесі — көшпенділер,
Көз жетер жердің бәрін қоныс қылған.
Бабасы сақ жерінде өсіп-өнген,
Нағыз Сақ аталғанбыз елден ерек.
Хас батыр, хас шебер дейтін қазақ
Аталыпты тарихта болып Хас+Сақ
Хас+Сақ, Қазақ болыпты заман өте.
«Қазақ қандай?» десеңіз түбін ізде.
Еркін, азат, айбынды көшпенділер,
Ержүрек, батыр болған біле білсең.
«Ұлы арман» елдік жырын мен айтайын,
Уа, балалар, жыр бастайын тыңда бері,
Тарихын бабалардың зерделеңдер,
Өсер елдің баласы болар есті!
ҰЛЫ ТҰРАН
Ұлы Тұран бабалардың мекені.
Мұнда Турлар ғұмыр кешкен ежелгі.
Тұран дейміз,
Бұл — Турлардың Отаны!
Ан дегені – Отан деген ұлы сөз,
Тур дегенің бабалардың атауы!
Заманынан бұрынғы 2000 жыл.
Алғашқы жартысында кешкен ғұмыр,
Халық болып көшпелі өмір сүрген,
Атты қолға үйреткен, баптап мінген.
Алыс көшсе, күймелі арбасы бар,
Ағаш иіп, киіз үй жасай білген.
Түсті металл өндіріп, қару соққан.
(Туған жерін жауларға бермеймін деп,)
Әскери өнерге де машықтанған.
Турлар елі сыйлаған батырларды,
Сарбаздары көзге атқан құралайды.
Ұрыс болса, айбалта мен қылыш сілтеп,
Ат ойнатып, әскери арба мінген.
Қол құрап, жауға шапқан «Әруақ!» деп.
Сапқа тұрған, бабалар жолыменен!
Ұмытпаған қашанда ел қорғауды.
Отан деген – Аманат! соны білген.
Еңбекке жақын болған Арий, Турлар,
Металл өңдеп, құрал жасап, кәсіп қылған.
Зергерлері алтын, күміс бұйым жасап,
Қыздары сыңғырлатып, шолпы таққан.
Көшпелілер табынған Күнге, Отқа.
Тазалықты ту еткен қашаннан да,
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп ырым қылған.
(Отан деген отбасыдан басталар деп.)
Үлкендерін сыйлаған, құрмет тұтқан.
Бірінші мыңжылдыққа жалғасыпты,
(Бас кезеңі айтар болсам егер нақты)
Бұл кезең осылай аталыпты.
Қазақтың жерінде ғұмыр кешкен
Ең ежелгі тайпалар Турлар болып,
Жеріміз Ұлы Тұран аталыпты.
Нұржан СҰРШАҰЛЫ