Мал ұрлығы тыйылмай тұр

Жыл сайын облыс аумағына қыс таянғанда жол бойына блок бекеттер қойып, қатаң бақылау жасалса да мал ұрлығы да азаяр емес. Жақында тағы бір осындай бекет  Қарағанды қаласындағы «Арай» базарына мал ұрлығының алдын алуға байланысты қойылды.

Әлбетте мал ұрлығы қысқы соғым уақытында өршиді. Қызылсыраған халық базарға қарай ағылатыны тағы бар. Міне, осы уақытты пайдаланып қалғысы келген ұрылар, біреудің соңғы малына да қарамай барымталауда.

Осы ұрлықтың алдын-алу үшін шаралар жасалып жатқанымен, шамамыз тек басқаның қанжығасында кеткен етті қайтарумен келеміз.

Осы бағытта жылда Қарағанды облысының жол бойларында блок бекеттер орнатылады.  Биыл да осы мақсатта 18 жылжымалы блок-бекет қойылды.

Тәртіп сақшылары аталған бекеттерде мал және ет өнімдерін тасымалдаушыларды тоқтатып, құжаттарының белгіленген талаптарға сай болуын тексереді.

– Жыл басынан бастап облыс аумағында 25 мал ұрлығы тіркеліп, оның 18-і ашылды. Мәселен, жақында  Бұқар жырау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аудан тұрғынының құны 1 миллион тұратын Голштейн асыл тұқымды ірі қарасын ұрлаған күдіктілерді ұстады. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу әрекеттері жүріп жатыр, – дейді Қарағанды облыстық полиция департаментінің Бақытжан Құдияров.

Сақшылардың айтуынша, аталған блок-бекеттер ерекше үкімге дейін жұмыс атқарады. Мал ұрлығының басым бөлігі еркін жайылымнан болса, кейбір жағдайда мал иесі төрт түлігінің қай уақытта жоғалғанын білмейтін кездер болады. Полицейлерге жайылымнан мал жоғалу бойынша 17 арыз түсіп, жүргізілген іздестіру шаралары барысында 106 мал, яғни 56 жылқы, 12 ірі қара мал, 38 ұсақ мал табылды.

Мал ұрлығының алдын алу және болдырмау мақсатында, Қарағанды қаласындағы ет өнімдерін сататын  «Арай» базарына Полиция департаменті басшылығының шешімімен блок бекет қойылды.

Айта кету керек, облыстың әр ауданы мен ауылынан осы базарға қарай мал етін өткіземіз деп ағылған көліктердің қарасы қалың. Делдалдар да осы жерде өз нәпақасын айырады.

Аталған бекетте тұратын полиция қызметкерлері ет өнімдерін тасымалдайтын көліктерді тексеретін болады. Сақшылар  ет өнімдерін тасымалдаушыларға еттің сапалы, ұрланбағанын және мал етінің таза болуын анықтайтын санитарлық дәрігерлерден #2 нұсқадағы анықтамасының болуы қажет екенін еске салады.

Бекетте жүргізілген жұмыс нәтижесінде бір түн ішінде 35 автокөлік тексеріліп, екі көліктен ет тасымалдау кезіндегі заң бұзушылық анықталды. Мәселен, 56 жастағы облыс тұрғыны ет өнімдерін тасымалдау кезінде тиісті құжаттары толық болмаса, 25 жастағы ауыл тұрғыны Фольксваген пассат автокөлігімен ешқандай құжатсыз ет өнімдерін сатуға әкелгені анықталды.

Өткен жылдың қыркүйек айының соңында әлеуметтік желіде асыл тұқымды жылқыны ұрлағандар туралы ақпарат тараған болатын. Міне осы ұрлық облыстың тас жолдарында блок-бекеттің арқасында ашылды.

«Ұрлық түбі қорлық» десек те, осы сөзді місе тұтпай малды өрістен де, қорадан да алып кетушілер азаймай тұр. Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданына қарасты Мұстафин кентінде мал ұрлығына қатысы бар деген күдікпен үш ер адам ұсталды.

Жергілікті полиция бөлімінің қызметкерлері 26-35 жас аралығындағы күдіктілердің шаруақожалықтарының бірінен «Гольштейн» тұқымды сиырды ұрлап кеткенін анықтады. Жәбірленуші келтірілген шығынды 1 млн теңге деп бағалады.

Ұсталғандар өз кінәсін мойындап, ұрланған мал табылды. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды, тергеу жұмыстары жалғасуда.

«Мал ұрлығы тыйылмай тұр» десек те, қолдағы малға ыждаһатпен қараған да дұрыс-ау.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *