Құрметті депутаттар!
Баршаңызды кезекті сессияның ашылуымен құттықтаймын! Ел игілігі үшін жасап жатқан қызметтеріңізге табыс тілеймін.
Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді.
Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатаңдады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды.
Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды.
Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар.
Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Табанды еңбектеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Дегенмен арқаны кеңге салуға болмайды. Әлі де атқаратын шаруа көп.
Қазақстан халқы қазір мүлде жаңа саяси жағдайда өмір сүруде. Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.
Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады.
Бір сөзбен айтсақ, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қалауымен жасалуда. Сондықтан біз алған бетімізден қайтпаймыз, бағытымыздан таймаймыз. Бүгін біз алға қойған жоспарымызды пысықтап, мақсаттарымызды айқындаймыз.
Қазір жер жүзінде геосаяси текетірестер белең алып тұр. Соған қарамастан Қазақстан бейбіт әрі эволюциялық жолмен дамып келе жатыр.
Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр.
Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз қажет.
Үкімет және әкімдер экономиканың құрылымын өзгертуге баса назар аударуға тиіс. Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа.
Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет.
Енді алдағы жұмыстың нақты бағыттарына тоқталайын.
БІРІНШІ. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет.
Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет.
Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным.
Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды.
Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды.
Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр. Бұл – бұрынғы және қазіргі Үкімет жұмысындағы үлкен олқылық. Мұндай жағдай жиі қайталанса, түптеп келгенде, еліміздің дамуын тежейді. Сондықтан оған жол бермеу қажет. Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс.
Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек.
Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады.
Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет.
Енді Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталайын. Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет.
Экономиканы қарқынды дамыту үшін тек мемлекет қаржысына сүйену жеткіліксіз екені анық. Жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаған жөн. Ол үшін, ең алдымен, салық саясаты тұрақты болуға тиіс. Сонда бизнес те сапалы дамуға ынталы болады және жауапкершілікпен жұмыс істейді.
Жаңа салық кодексі қазіргі жүйені қайта жаңғыртуға арналған. Бұл құжат салықтық әкімшілендіру ісінің салық төлеушілерге деген сенімге негізделген мүлде жаңа жүйесін қалыптастыруға тиіс. Кодекстің ережелерін әркім әрқалай қабылдамауы үшін оны жеңілдетіп, экономикалық тұрғыдан белсенді азаматтың бәріне бірдей түсінікті ету өте маңызды.
Салық режимдерін кәсіпкерлерге жасалған қолайлы жағдайдың нашарлап кетпеуін ескере отырып, оңтайландырған жөн. Бөлшек салықтың енгізілуін мысал ретінде айтуға болады. Осы нормаға сенім артқан кәсіпкерлер қызметін ашық жүргізе бастады, кәсіптерін бөлшектеуді азайтты.
Алайда бұл режим негізінен халықпен тікелей жұмыс істейтін кәсіпкерлерге қатысты болуға тиіс.
Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді.
Фискалды реформа табысты болсын десек, салықтық әкімшілендіру ісін жаппай цифрландыру керек. Сыбайлас жемқорлыққа қатысты сын-қатерлерді барынша азайтып, салық саласындағы үдерістердің ашық болуын қамтамасыз ету үшін оны тезірек электронды форматқа көшірген абзал.
Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн.
Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр.
Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есеп-шоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн.
Жоспарға сай тексеру тәсілінен біржола бас тартуға тырысу керек. Ол үшін қатерлердің алдын алу жүйесін жетілдіру қажет.
Салық жеңілдіктерінің тиімділігін арттыру өзекті мәселеге айналды. Кәсіпкерлер өздері пайдаланатын салық жеңілдіктері бойынша есеп беруге тиіс. Бизнесті дамытуға нақты септігі тиетін жеңілдіктерді ғана қалдырған абзал. Мысалы, өндірісті өркендетеміз деген инвесторларға артықшылық беруге болады. Яғни, құрылыс салуға, активтерді сатып алуға, жаңғыртуға және қайта құруға бір реттік салық жеңілдігін берген жөн. Терең өңделген өнімді экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге жеңілдіктер беру маңызды. Олар өзге бизнеске қарағанда көбірек қолдауға ие болуы керек.
Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын.
Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын.
Көлеңкелі экономика үлесінің жоғары деңгейде қалуы қаржы саласындағы ахуалды ушықтырып тұр. Оны айтарлықтай төмендету үшін мұқият ойластырылған жан-жақты шаралар қабылдаған жөн. Атап айтқанда, шекарадағы кеден бекеттеріне қатысты барлық жұмысты тез арада аяқтау қажет. Сондай-ақ сыртқы сауда операцияларынан түсетін кірістің басқа елдерге заңсыз өтіп кетуіне жол бермеу керек.
ЕКІНШІ. Инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту жолында үздіксіз жұмыс істеу маңызды.
Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ-көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты.
Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс.
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік арқылы іске асырылатын жобаларды сапалы әзірлеу қажет. Әсіресе, халықаралық қаржы институттары қатысатын жобаларға баса назар аудару керек. Үкіметке халықаралық қаржы ұйымдары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілімен қаржыландырып, толық жүзеге асыратын ауқымды жобалардың тізімін жасауды тапсырамын.
Мен биыл мамыр айында «Экономиканы ырықтандыру шаралары туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжатта көрсетілген талаптар мүлтіксіз орындалуға тиіс.
Мемлекеттің экономикадағы тікелей үлесі әлі де жоғары деңгейде қалып отыр. Мұндай ахуал нарықтағы теңдік шарттарын бұзады, жеке бастамаларға тосқауыл болады.
Елімізде мемлекеттік кәсіпорындарды басқару саясаты әлі де тиімсіз екенін мойындаған жөн. Олардың мақсат-міндетін, қызмет аясын, қаржыландыру тәсілдерін және жұмысының басқа да тұстарын тиісті заңдармен реттеу қажет. Сонымен бірге холдингтер мен Үкіметтің арасындағы қаржы мәселелеріне қатысты ұстаным тұрақты әрі жүйелі болуға тиіс.
Мен 2022 жылғы Жолдауымда бәрін басынан бастап реттеуді тапсырған едім. Реформаның бірінші кезеңінің өзінде орынсыз әрі қажетсіз 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды. Оның бәрі кезінде кәсіпкерлерге кедергі келтірген еді.
Бас прокуратура ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсете бастады. Инвесторларға «жасыл дәліз» қағидасы бойынша жеңілдіктер берілді. Экономикалық қылмыстардың біразы қылмыс деп танылмайтын болды.
Алайда кәсіпкерлерден мемлекеттік органдардың шектен тыс қадағалап, бақылайтыны туралы шағымдар әлі де түсіп жатыр. Үкімет Бас прокуратурамен бірлесіп, инвестициялық ахуалға әсерін тигізетін жағымсыз үрдістерді жоюы керек.
Былтыр бизнес өкілдерімен өткен кездесуде бұл мәселе бойынша мен нақты ұстанымды айттым. Біз кәсіп иелерімен өзара келісімге келдік, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болады.
Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет.
Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ, кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас Прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз. Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал, одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады.
2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім. Яғни, жан-жақты шаралар қолға алынуы керек еді. Алайда, іс жүзінде әлі дайын емес.
Әр кәсіпкер қолдаудың қандай түрі бар екенін және оған қалай қол жеткізе алатынын еш қиындықсыз біліп отыруы қажет. Сонда шағын бизнес орта бизнес санатына өтуге мүдделі болады. Бізде қазір қолдау шараларының 100-ден астам түрі бар. Бұдан білікті маманның өзі шатасуы мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қолдау шараларының қаншалықты тиімді екенін мұқият тексеріп шығу керек.
Ұсынылатын жеңілдіктердің бизнес өкілдеріне түсінікті бірыңғай тізімін әзірлеу қажет. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін финтех тәсілдерін пайдалануға болады, бұл мәселе бойынша тиісті ұсыныстар бар.
Агроөнеркәсіп кешеніне инвестиция тарту – өте маңызды міндет. Тасқын судан болған қиыншылықтарға қарамастан, диқандарымыз егін егу жұмысын дер кезінде аяқтады. Оларға зор ризашылығымды білдіремін.
Биыл егіс науқанына екі есе көп қаражат бөлінді. Алайда агроөнеркәсіпке бөлінетін бүкіл ақшаның 70 пайызы – мемлекет қаржысы. Бұл салаға коммерциялық банктердің қаражатын да тарту қажет. Диқандарға өсімі аз несие беру үшін мемлекеттік қаржы институттарын субсидиялау шаралары қолға алынды. Банктерге қатысты осындай тәжірибені қолдану керек.
Мұның бәрі шаруаларды айналымға қажетті қаражатпен шұғыл қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық қатерін азайтуға және несие алуды оңтайландыруға жол ашады.
Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет.
Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр.
Арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтады. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал, мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек.
Жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі.
Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтады. Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет.
Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн.
Көптеген меншік иесі өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс.
Азаматтар, әсіресе, ауыл тұрғындары заңды түрде табысты жұмыс істеп, болашағының қамын өзі ойлауы керек. Оларды осыған ынталандыру – мемлекеттің басты міндетінің бірі.
Былтыр «Ауыл аманаты» жобасы басталды. Жалпы нәтижесі жаман емес. Енді осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.
Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды.
Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек.
Жалпы, отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін.
Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек.
ҮШІНШІ. Еліміздің өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану үшін жан-жақты шаралар қабылдау қажет.
Үкімет 17 ірі жобаның тізімін жасады.
Онда терең өңдеу тәсілін меңгеруге басымдық берілген.
Өз шикізатымыз бен құрал-жабдықтарымызды барынша пайдалану, ірі кәсіпорындарға жапсарлас өндірістер ашу маңызды.
Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс.
Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет.
Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек.
Биыл арнайы Жарлықпен Алатау қаласы құрылғанын білесіздер. Бұл қала қарқынды дамитын, инновация кеңінен қолданылатын әрі білікті мамандар жұмыс істейтін орынға айналуы қажет. Үкімет онда жайлы өмір сүріп, табысты еңбек етуге, инвестиция салуға қолайлы жағдай жасауға тиіс.
Автокөлік құрастыру ісінде оң нәтижелер бар. Осы қарқынды сақтап, жергілікті өндіріс көлемін ұдайы арттыру керек. Мемлекеттің автокөлік өнеркәсібіне көрсетіп жатқан жан-жақты қолдауы түптің түбінде толыққанды автокөлік құрастыру кластері ретінде елдің игілігіне айналуы қажет.
Мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту – маңызды міндет.
Біз полипропилен және полиэтилен шығаратын ірі өндірістік жобаларды жүзеге асыра бастадық. Бутадиен, карбамид, терефтал қышқылын өндіруге арналған басқа да болашағы зор жобалар қолға алынып жатыр.
«Орта Азия – Орталық» магистральді газ құбырының елімізге тиесілі 800 шақырымнан астам бөлігін жаңғырту жұмысы өте қысқа мерзімде аяқталды. Газ тасымалдау бағдарларын әртараптандыру және оның қуатын арттыру қажет. Тұрғ