Мерекелік кездесу

Әйелдердің халықаралық мейрамына орай Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев түрлі мамандық иелерін, еңбек ардагерлері мен көпбалалы аналарды 8 наурызбен құттықтады. Аймақ басшысы Президент атынан наградаларды табыс етті. Мереке қарсаңында аймақ тұрғындары «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері атанды.

– Сегізінші наурыз – бұл күнтізбедегі жай ғана күн емес, біздің өмірімізде әйелдердің құндылықтарын терең құрметтеудің, мойындаудың символы. Сіздер күнделікті еңбектеріңізбен қоғамымыздың, өңіріміздің және жалпы еліміздің дамуына баға жетпес үлес қосып келесіздер. Бүгінде өңіріміздің 52 мың бизнес-компаниясын әйелдер басқарады. Мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңестер мүшелерінің 40%-ы – нәзік жандылар. Олар біздің өңірдің өзекті мәселелерін шешуге қатысады, – деп атап өтті Ермағанбет Бөлекпаев.

ҚР Президентінің Жарлығымен мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, ел дамуына қосқан үлесі үшін азаматтардың бірқатар наградасына ие болды. Марапатталғандардың арасында қарағандылықтар да бар. Астанадағы салтанатты жиында жол қызметкері Маржан Жолдыбаева мен аға мейірбике Динара Әлімбаева Мемлекет басшысының қолынан марапаттарға ие болды.

Қабылдауда Ермағанбет Бөлекпаев ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденін Ақтоғай ауданының «Қуандық» шаруа қожалығының басшысы Панар Ертаубаева мен «Maker» ЖШС станоктарының операторы Жазира Қасымбековаға табыстады.

«Ерен еңбегі үшін» медалімен «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды аймақтық учаскесінің бастығы Назгүл Ғалиасқарова және Қарағанды қаласының «Кәусар» оқушылар сарайының директоры Әйгерім Исбекова марапатталды.

– Жұбайыммен 33 жыл бұрын шаруа қожалығын құрдық. 2004 жылы күйеуім қайтыс болды, маған істі өз қолыма алуға тура келді. Шаруашылық біртіндеп дамып келеді. Қазақтың ақ бас сиырларын өсіреміз. Менің алты балам – төрт ұл және екі қызым бар. Қазір мен 73 жастамын. Отбасылық істі балалар жалғастырады, – деді Панар Ертаубаева.

Шақырылғандардың арасында түрлі жастағы және мамандықтағы әйелдер де болды. Залда зауыттарда, шахталарда, химиялық зертханаларда жұмыс істейтіндер, тұрмыстық техниканы жинайтындар, кранды басқаратындар, трамвай жүргізушілері болды. Кездесуге қатысушылар Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылының маңыздылығы туралы айтты.

Маңызды мерейтойлық даталарға назар аударылды.

Қарағанды облысы жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына бастау берді. Өңірде 50-ден астам этномәдени бірлестік жұмыс істейді, олардың жартысына жуығын әйелдер басқарады.

Корейлердің облыстық бірлестігі өңірде алғашқылардың бірі болып құрылды. Оның тұрақты жетекшісі, ҚХА мүшесі Лилия Ким бір шаңырақ астында бейбітшілік пен келісімде өмір сүрудің қаншалықты маңызды екенін айтты.

Бұл тақырыпты қоршаудағы Ленинград қаласының тұрғыны Вера Волкова жалғастырды. Ол 42 жыл мұғалім болып жұмыс істеді және зейнеткерлікте жастарды патриоттыққа тәрбиелеуге қатысуды жалғастыруда.

Кездесуге сондай-ақ гендерлік теңдік мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесші Айжан Қиясова, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Ләззат Қожахметова қатысты.

Әйелдермен кездесу Кеншілер мәдениет сарайында мерекелік концертке ұласты.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *