«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Теміртауда сенбілікке металлургтер және индустриалды университеттің студенттері шықты. Олар өздеріне бекітілген аумақты қоқыстардан тазартып, қурап қалған бұтақтарды кесіп, ағаштарды әктеді.
Экологиялық акция екі ұрпақты – жұмыс істеп жүрген металлургтер мен металлургия өнеркәсібінің болашақ қызметкерлерінің басын біріктірді. Еңбек ұжымымен бірге бекітілген аумақты жинауға металлургия комбинатының басшылығы да шықты.
– «Таза өлке» акциясының бірінші аптасында зауытқа іргелес аумақ тазартылды. Бүгін біз ағаштарды кесу, әктеу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Біз үшін туған қаламыздың таза және жайлы болуы өте маңызды, – деді компанияның бас директорының орынбасары Евгений Хицко.
Акцияға қатысушылар қаланың ең үлкен екі көшесін – Республика даңғылы мен Қарағанды көшесін қамтыды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталғаннан бері сенбіліктермен компанияның зауыт басқармасына тиесілі аумақтар, Республика даңғылы, Теміртау қаласы Қарағанды көшесі қамтылды. Акцияға компанияның барлық бөлімшелері – 2000-нан астам қызметкер қатысты, 100-ден астам техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бері Теміртауда сенбіліктерге 3,5 мың адам қатысты. Олардың күшімен қала көшелерінен 5 мың тоннаға жуық қоқыс шығарылды.