ҚР Үкіметі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасына резервтен 40 млрд теңге бөлді. Оның ішінде қаражаттың бір бөлігі Қарағанды облысына, атап айтқанда Балқаштағы екі жобаға арналған.
«ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде медициналық мекемелерді салу және жаңғырту үшін Үкімет резервінен 39,9 млрд теңге бөлу туралы Қаулыға қол қойды. Шешім Үкімет отырысының 27 ақпандағы хаттамасын орындау шеңберінде қабылданды», – делінген Үкіметтің сайтында.
Ұлттық жоба Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырманы орындау шеңберінде ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін арттыру мақсатында жүзеге асырылады. Оның шеңберінде 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МСАК) нысандарын салу және орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту көзделеді.
Жобаларды қаржыландыру жобалық-сметалық құжаттаманың дайындығына қарай өңірлердің әкімдіктерінен берілген өтінімдерге сәйкес жүзеге асырылады. Ауылдық елді мекендерде 297 алғашқы медициналық көмек нысанын салуға Үкімет резервінен қаражат бөлінген. Олардың ішінде медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер және дәрігерлік амбулаториялар бар.
Сонымен қатар, елімізде бірқатар жоба қаржыландырылады. Олардың қатарында Балқаш қаласының орталық ауруханасына күрделі жөндеуден өткізу; ангиографиялық операция бөлмесінің бас ғимаратына қосымша салу және Балқаш қаласының көпсалалы ауруханасына ангиографиялық қондырғы құру қарастырылған.