Екі жыл ішінде Тікенекті ауылында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Ауылда бар-жоғы 226 адам тұрады. Ауылда қылмыстың болмауы жергілікті тұрғындар алкоголь сусындар сатудан бас тартумен байланысты. «Тыйым салудың» бастамашылары ауыл әкімі Еран Оспанов пен учаскелік полиция инспекторы Әлібек Оспанов.
– Бұл бірлескен шешім. Әкім екеуміз бастама ұсынып, Қоғамдық кеңестің төрағасы бізді қолдады. Енді осы бағытта бірлесіп жұмыс істейміз. Жастарымыздың қылмысқа бармауын, дұрыс және салауатты өмір салтын ұстанғанын қалаймыз, – дейді Әлібек Оспанов.
Ауыл әкімі жақсы көрсеткіштері үшін «Тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Марапатты ІІМ басшысы Марат Ахметжанов табыс етті. Бас полицейдің айтуынша, Тікенекті өзге ауылдарға үлгі бола алады.
Тікенектіде тұрғындарының жағдайы барынша жасалуда.
– Биыл ауылдағы үш көшенің жолдары орташа жөндеуден өтпек. Мұнда орталық су құбыры 2016 жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша өткізілді. Интернет және ұялы байланыс бар. Көшелерде 21 жарықтандыру тірегі орнатылған. Биыл тағы 14 жаңа жарық бағана жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ мамыр айында заманауи балалар ойын кешені орнатылады, – деді Нұра ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұржан Оралбаев.