Қарағанды облысында биыл егіс алқабы 1,2 млн гектарды құрайды. Майлы және жем-шөп дақылдарын егу, картоп пен көкөніс отырғызу ұлғайтылатын болады. Алқаптарға шығатын техника толығымен дайын. Тұқымдар сатып алынған, олардың көпшілігінің өнімділігі жоғары. Аграршылар минералдық тыңайтқыштарды белсенді пайдаланатын болады.
Мәселені пысықтау үшін облыста агрокеңес ұйымдастырылды, онда егіс науқанына дайындық пен мемлекеттік қолдау шаралары талқыланды. Бұқар жырау ауданында өткен кеңеске өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев, ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, ауылшаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, ғалымдар, қаржы институттарының өкілдері қатысты. Сондай-ақ, тыңайтқыштар мен техниканы жеткізушілер, аграрлық сақтандырушылар қатысты.
– Мемлекет басшысы нақты міндеттер қойды: аграрлық ғылымды дамыту, селекцияны жақсарту, заманауи технологияларды енгізу, техника мен қаржыландыруды қолжетімді ету, сондай-ақ экспортты арттыру. Осы бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілуде. Біз ауылшаруашылығы жерлерін пайдалануға бақылауды күшейтеміз, суармалы жерлерді айналымға қайтарамыз, жаңа нысандар салып, ескілерін жаңғыртамыз. Өнімділіктің өсуіне және дақылдардың алуан түрлілігіне көшуге ерекше назар аударылады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Айдарбек Сапаров мемлекеттік қолдау шараларына егжей-тегжейлі тоқталды. Атап айтқанда, жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділік 5%-ға кеңейтілді. Көктемгі егіс жұмыстарын несиелеу көлемі рекордтық 700 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Ауылшаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингіне биыл 200 млрд теңге бөлінді.
– Мемлекет басшысы ауылшаруашылығы саласын дамудың жаңа шебіне шығару және 5 жыл ішінде жалпы өнім көлемін екі есеге ұлғайту жөнінде нақты міндеттер қойды. АӨК-тің әрбір бағыты бойынша шараларды көздейтін Жол картасы әзірленді, – деп атап өтті министр.
Айдарбек Сапаров өсімдік өсірушілерді мал шаруашылығын дамытуға шақырды. Оның айтуынша, бұл ауыл тұрғындарын жыл бойы жұмыспен қамтуды, жемге сұранысты және сұранысқа ие өнім өндірісінің өсуін қамтамасыз етеді. Биыл мал шаруашылығы саласына жеңілдікпен несие беру кеңейтіледі.
Әріптестеріне «Шахтерское» ЖШС басшысы Георгий Прокоп та үндеу тастады. Ол мемлекеттік қолдау шараларының іс жүзінде қалай әрекет ететінін және алға жылжуға мүмкіндік беретінін айтып берді. Биыл озық кәсіпорын егіс алқабын 7 мың гектарға ұлғайтып, 42 мың гектарға жеткізеді. Алқаптарды әртараптандыру үшін майлы дақылдар: зығыр, мақсары мен рапс егіледі.
– Біз ақпан айында 5%-бен несие ала алдық. Тыңайтқыштарды желтоқсан айында сатып алдық. Ал техниканың лизингі кепілсіз жылдық 5% мөлшерлемемен. Бұрын-соңды мұндай болған ба еді?! Жаңарыңыздар, құрметті әріптестер! Біз түрлі қуаттылықтағы 24 трактор алдық. Тыңайтқыштар бойынша да солай: төрт мың тонна сатып алдық, жерді өңдеуге қажетті нәрсенің бәрін сатып алдық. Бұл біздің шаруашылығымыздың тарихында бұрын-соңды болмаған! Егістікті екі рет толық өңдейміз. Бұл біздің егініміздің болашағы, – деп атап өтті Георгий Прокоп.
Аграрлық кеңестен кейін Айдарбек Сапаров азаматтарға жеке қабылдау өткізді. Ауылшаруашылығы өндірушілері министрге асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, инвестициялық жобаларды іске асыру, ет кластерін құру және т.б. мәселелермен жүгінді.
Сондай-ақ, техника көрмесі ұйымдастырылып, онда егіншілерге жаңа өнімдер ұсынылды.
Ал ауылшаруашылығы өндірушілері өз өнімдерінің алуан түрлілігін көрсетті.
Өмір БАЙБОСЫН