Қарқаралы ауданында «Қолжетімді интернет» жобасы бойынша жеті антенна-діңгек құрылысын салу бойынша ЖСҚ әзірленуде. Олар жол бойында да, елдімекендерде де орнатылады.
Байланыс және интернет – облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде қарқаралылықтар көтерген мәселелердің бірі. Сондай-ақ, ауыл тұрғындарын жолдар мен әлеуметтік нысандарды, тұрғын үй-коммуналдық саланы жөндеу мәселелері толғандырды. Кездесу жаңадан жөнделген Ш.Жандарбекова атындағы Мәдениет үйінде өтті.
Қарқаралылықтардың көпшілігі жолдардың жөнделуіне қызығушылық танытты. Тұрғындар ауыл ішіндегі жолдарға шағымданды. Қарқаралыдан Егіндібұлақ бағытындағы жолды жөндеу қажет.
– Біз бұл мәселе туралы білеміз. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін оны толығымен республикалық деңгейге ауыстыру қажет. Қазір ол ішінара облыстық. Біз министрлікке хат жолдадық. Егер мақұлданса, қаражат бөлуді қарастырамыз, – деп түсіндірді Ермағанбет Бөлекпаев.
Абай ауылының тұрғыны ауызсу проблемалары туралы айтты. Мұндағы су құбыры 2005 жылы салынған. Оны ауыстыру керек. Аудан әкімі Әділжан Арғынов су құбырын қайта жаңартуға ЖСҚ әзірленгенін хабарлады.
– Біздің алдымызда барлық ауылды 100% ауызсумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Егер құжаттар дайын болса, мәселені тез арада шешу керек. Уақытты созбаңыздар, сумен жабдықтау басты мәселелердің бірі. Келесі жылы Қарқаралыны жаңа су құбырына қосамыз. Қалаішілік сумен жабдықтау желілерін жөндеуге қаражат бөлінді. Жұмыс қалай өтеді, алдымен қай көшеде, сонан соң қай көшеде барлық мәселені алдын ала реттеу қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Ауыл тұрғындарының Салық кодексіне енгізілетін бірқатар жаңалыққа қатысты сұрақтары болды. Ермағанбет Бөлекпаев жауапты тұлғаларға барлық ақпаратты беріп, қажет болған жағдайда жеке кездесу ұйымдастыруды тапсырды.
Кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке қабылдады.