Патриотизм мен спорттың ұштасқан мерекесі

Қарағанды гарнизонында ел қорғаны – әскери қызметкерлердің құрметіне ұйымдастырылған маңызды спорттық шара өтті. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Қарағанды республикалық «Жас ұлан» мектебінің спорт кешенінде орталық аймақтың әскери прокуратурасының бастамасымен әділет полковнигі Арман Капезовты еске алу турнирі ұйымдастырылды. 

Қызметіне адал, елге құрметті тұлға. Әділет полковнигі Арман Капезов – ел қауіпсіздігін қорғауға жан-тәнімен берілген азаматтардың бірі болды. Өкініштісі, ол Отан алдындағы міндетін орындау барысында қаза тауып, ерлігі мен адалдығы үшін I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған. Оның есімін ұлықтау, кейінгі ұрпаққа өнеге ету мақсатында ұйымдастырылған бұл турнир патриоттық рух пен әскери достықтың символына айналды.

Турнирге Қарағанды гарнизонының Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдері мен мекемелерінің командалары қатысты. Волейбол, үстел теннисі, шахмат сынды спорт түрінен өткен жарыстарға әскери қызметкерлер белсенді түрде қатысып, өз шеберліктерін көрсетті. Олардың тек спорттық қабілеттері ғана емес, командалық бірлігі мен патриоттық рухы да ерекше байқалды.

– Әскери ортада тәртіп пен жауапкершілік қашанда жоғары бағаланады. Ал спорт – рухтың мықтылығын шыңдайтын, бірлікті арттыратын құрал. Сондықтан бұл турнир тек жарыс емес, әскери қызметкерлер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға арналған маңызды шара болды, тек мықтылар жеңіске жетсін, – деді  «Астана» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары  Аслан Кітапбаев.

Бұл тек спорттық сайыс емес, Отан қорғаушылардың бірлігін, рухын, батырларға деген құрметін көрсететін маңызы зор шара. Осындай бастамалар болашақ ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятуға және батырлар жолын жалғастыруға септігін тигізері сөзсіз. Жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан командалар арнайы кубоктармен, Алғысхаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылар бұл турнир жыл сайын дәстүрлі түрде өтетінін атап өтті.

Әділ БЕК

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *