Құралайдың салқыны

Серғазы Қабылдаұлы 

«Жезкиік, біздің жаққа қалай келдің ?

Жолымды тіке кесіп

жанай бердің…»

(Кəкімбек Салықов ).

 

Таң қалдырар табиғаттың тәртібі,

Жаратқанның есебінде əр күні.

Ортасынан ауған шақта мамырдың,

Басталады «Құралайдың салқыны».

Кей жылдары жапалақтап

қар жауып ,

Кейде суық жел тұрады сарнауық .

Аяқ асты түскен тұман далаға,

Тау бөктерлеп құлап кетер жарға ауып .

Көп екен — ау табиғатта күй қызық ,

Лағына жұмсақ ернін тигізіп .

Жезкиіктер жүреді екен бір ізбен ,

Жарты əлемді жанарына сыйғызып .

Тал — тіректің мұздай болып бар тіні ,

Суық желден дірілдейді алқымы .

Оятуға ұйықтап жатқан лақты ,

Соғады екен «Құралайдың салқыны».

Бөрілердің түнде жорту əдеті ,

Бəрі жолда – «ужыны» мен «əбеті».

О, құдірет ,құралайда қасқырдың ,

Етке мүлдем шаппайды екен тəбеті !.

 

Қысқы түн

Қарауытқан қарлы шың

Алақанат,

Аяз буған айлы түн,

Дала ғажап.

Төгілген сүт сəуленің

Кілегейі,

Бозаның көбігіндей

Алабажақ.

Тарқамаған той сынды

Базары əлі,

Қысқы түннің басталды

Ғазал-əні.

Ай нұрына малынған

Ақ кіреуке,

Ақ раушан сияқты

Вазадағы…

Жаңбырдан соң

Жауынның суы іркіліп,

Жол үстіне қақ тұрды.

Жабағы бұлты жыртылып,

Күн сəулесін лақтырды.

Желөкпе жел жұлқынып,

Тал-теректі жасқады.

Жапырақ көкке ұмтылып,

Тамшысын жерге тастады.

Қайыңды қырдың етегі,

Қырмызы гүлге тұр тұнып.

Ақ дала жалт-жұлт етеді,

Бойжеткен қыздай құлпырып!.

Əппақ гүлі ағаштың

Ай нұрымен таластың,

Айдай болып жол аштың.

Сен сияқты екен ғой,

Əппақ гүлі ағаштың!.

Нұры қандай көзіңнің,

Сыры балдай сөзіңнің.

Əппақ гүлі ағаштың,

Сезіміңдей өзіңнің!.

Баяулатып əн салдың,

Қуанышпен қарсы алдың.

Ақ гүліндей ағаштың,

Ай жүзіңе тамсандым!.

Алатаудан əрі астым,

Өзіңменен жарастым.

Сен сияқты екен ғой,

Əппақ гүлі ағаштың!.

Р.S.

Ой келеді оғаш тым —

Ақ гүліндей ағаштың.

Сен жамылған көрпені,

Келіп отыр тағы ашқым!..

….Əппақ гүлі ағаштың….

Таңғы шық

Таң атты арайланып,

Қып-қызыл күн ұстаған.

Сүт сəуле тарай қалып,

Ақ дала тыныстаған.

Күн көкке өрмеледі,

Жап-жасыл бояу дала.

Самалмен тербеледі,

Гүлдері баяу ғана.

Шың етті күміс таған —

Жартасқа соғылды үнім.

Жұпар ғой, күбі ыстаған

Түтіні тобылғының!.

Жібектей желбіреген,

Сырғыды сонар сағым.

Шығынан мөлдіреген,

Су болды толарсағым…

Соны аңсадым…

Кемпірқосақ

Жапырағын ағаштың желбіретіп,

Ə дегенше желік-жел келді жетіп.

Қол созымда қалқыған шөкімдей бұлт,

Төге салды тамшысын мөлдіретіп.

Көз ұшында екеу боп көрініп қыр,

Өркештеніп мұнармен бөлініп тұр.

Қаңтарда жауған аппақ қардай болып,

Ақ гүлі шие ағаштың төгіліп тұр.

Көшкен бұлттың жел ойнап сауырында,

Тамшы кетіп барады бауырында.

Шөккен мұнар ішінен көрінеді,

Қыры анда болғанда,тауы мұнда.

Желік-желдің желігі басылмады,

Көк аспанның қабағы ашылмады.

Шудаланған шөкім бұлт бара жатыр,

Иығына таулардың асылғалы.

Аяқ асты күн көзі шыға салды,

Желпінген желік жел де тына салды.

Қызықтырып бояуы қызыл-жасыл,

Кемпірқосақ керіліп тұра салды.

Сыйлаймын кімге …

Мамырда маңай түрленді,

Масаты кілем түрге енді.

Тал-терек желек жамылып,

Тобылғы-торы бүрленді.

Гүлдері қырдың жайқалып,

Майсасы желмен шайқалып.

Айнала жұпар аңқыды,

Көзінен күннің май тамып.

Сылдырап бұлақ күлген-ді,

Күлкіге құлақ түргем-ді.

…Саған деп жылда теруші ем,

Сыйлаймын кімге гүлді енді…

Бір кем дүние…

Сəуірде жаңбыр жаумады,

(Жақсы-ақ еді жауғаны).

Түйіліп келіп түк тамбай,

Қалың бұлт қырға аунады.

Үкілі үмітті мұң қылып,

Жігерін жұрттың құм қылып.

Сыпыра соққан суық жел,

Түтті бұлтты жүн қылып..

Қуырып жердің апшысын,

Ыстығы көкке шапшысын!

Жаз тумай жатып күн күйіп,

Суырды сордың ащысын..

Қыста қарды қасат қып,

Қаланы зорға босаттық.

..Жауын тілеп жұрт енді,

Беріп жатыр «тасаттық»…

Көз көргендер…

Өзгерген бе адамдар, өзгерген бе ел,

Бөтен жандар – бетпе бет кез келгендер.

Жолыққанда жататын жағдай сұрап,

Азайыпты ауылда көз көргендер.

Кездескенде қалатын шұрқырасып,

Көк шалғынға алатын бір құласып.

Құрдастар да көз көрген некен-саяқ,

Тай-құлындай бірге өскен жұлқыласып.

Жылжып жылдар, тоқтаусыз ағыпты айлар,

Өткен күннен өрнекті қалыпты ойлар.

Дос таппайсың ауылдан сырласатын,

Белдеуіне атыңды барып байлар…

Р.S.

Өзгерген бе адамдар, өзгерген бе ел,

Азайыпты ауылда көз көргендер…

Сенсіз өткен əрбір күнім ғасырдай

Өзің барда өзгелермен тең едім,

Еңсем биік, тынысым да кең еді.

Қиын кезде батпан жүгін өмірдің,

Қара нардай көтерген де сен едің.

Не десем де бетіме тік кемедің,

Сүрінгенде қолтығымнан демедің.

Бұл өмірде жоқ дегенге өзіңді,

Бақытым-ау, əлі сенбей келемін.

Теңіз қылып көз жасыңды төк мейлі,

Ешқашанда енді қолым жетпейді.

Басың сүйеп бола алмадым жаныңда,

Сол өкініш көңілден бір кетпейді.

Сенсіз өткен əрбір күнім ғасырдай,

Өкінішім отыр əлі басылмай.

Қас-қағымдай қысқа ғұмыр бес күндік,

Өте шықты-ау жарқ еткен бір жасындай….

Қоңыр

Қоңыр тірлік, қоңыр күн,

Қоңыр кеші өмірдің.

Әлдилейді жаныңды,

Қоңыр кеште қоңыр мұң.

Қоңыр аспан, қоңыр түн,

Қоңыр күйі көңілдің.

Қоңыр түнде келеді,

Қоңыр ойға шомылғың…

Төгіледі қоңыр үн,

Көрінеді қоңыр күн.

P.S. Қоңыр түстен тұрғандай,

Бүкіл сенің өмірің…

Бірінші май

Көксеп отыр деп ағайын, өткенін,

Сойыл алып ,сабаймын деп сөкпегін.

Өміріңнің бір кезеңі тұп-тұтас,

Соны оп-оңай өшірейін деп пе едің?!.

Баяғыда-а, қып-қызыл ғып ту алып,

Балаңды ертіп, лавкеден су алып,

Айхай дүние, уралатып ұрандап,

Шықпап па едің, сен көшеге қуанып.

Ол күндерің қалды болып ертегі,

Қызыл мата мерекенің көркі еді.

Өткен күннің бір белгісі сияқты,

Бірінші май көңіл күйін шертеді.

Саусағыңмен сол кездерді парақта,

Шықпап па едің көппен бірге парадқа.

«Бірінші май жасасын!» деп жазылған,

Лозунгілер тарих болып қалат та.

Парадтан соң кететінсің топ құрып,

Ду-ду қызып, маңайыңды от қылып.

Парктегі әр ағаштың түбінде,

Достарыңа тойдың дәмін таттырып.

Тойлайтынбыз баяғыда осылай,

Ала қашпай, лепірмей-ақ, тасымай.

Ұмытпасам, сол дүрмектің ішінде,

Сен де бірге жүрмеп пе едің, досым-ай!

P.S. Көксеп отыр деп ағайын, өткенін,

Сойыл алып ,сабаймын деп сөкпегін.

Өміріңнің бір кезеңі тұп-тұтас,

Соны оп-оңай өшірейін деп пе едің?!

Асық атқан «Ақ тақыр»

Асық атқан «ақ тақыр» кеше біздің,

Төріндей көрінетін көшеміздің.

Ойынның қызығына берілуші ек,

Тойып ап айранына шешеміздің.

Бәрі бірдей сұр мерген бола ала ма,

Келе сап ұтып алды қара бала!

Қос қалтасын толтырды кенейлерге,

Көрші ауылдан келіп ед жаңа ғана.

Ұтылғандар сақасын саудаға сап,

Бір тікші деп сақама саудаласад.

Шешелері тапсырған байқап жүр деп,

Бұзаулары бұл кезде таудан асад.

Айы туып оңынан келгендегі,

Көрші ауылдың ұтады мергендері.

Сақасын қоса ұттырған жер шұқиды,

Көп еді-ау асықтың да сергелдеңі.

Ұтқанның кекесін бар сөздерінде,

Ұтылғанның жас тұрды көздерінде.

Төбелесті бастауға шақ тұр еді,

Қолдайтын бала болса, сезбедің бе?!

P.S. Осы біздің асық атқан «ақ тақыр»,

Ол кездері болушы еді тап-тақыр.

..Қазір ғана ұтылғандай сақадан,

Көздегі жас мөлт-мөлт етіп шаққа тұр…

Осы жерде өтетін сауық-сайран,

Ойнаушы ек осы жерде салып майдан.

Ақ тақырға шөп басқан қарай бердім,

Жоқ па екен деп асығым қалып қойған…

Бұрынғы мен бүгінгі

немесе салыстыру

Бүгінгі бұрымдының,

Балағы жырым-жырым.

Түйенің бұйдасындай,

Тесілген мұрын бүгін.

Көрсеңіз «шіркін-ай»-ды,

Көк түтін бұрқырайды.

Шалбардың жыртығынан,

Тізесі жылтырайды.

Сөздері ырың-жырың,

Көздері бұлың-бұлың.

Үкідей үлбіреуші ед,

Қыздары бұрынғының.

Шолпысы сылдырайтын,

Сырғасы бір-бір Ай-тын!

Жымиып қарағанда,

Жүзінен нұр құлайтын.

Көздері қандай еді,

Арайлы таңдай еді.

Сезімі мөлдіреген,

Сөз-үні балдай еді!.

Р.S.

Бүгінгі бұрымдының,

Балағы жырым-жырым…

Үкідей үлбіреген,

Қыздары бұрынғының!..

Таң қалдым…

Қарасы мен ағы болған көзінің,

Ұрпағына арнап аппақ сезімін.

Басқа құстан Бұлбұл бөлек өсірген,

Балапанын естісін деп өз үнін.

Бөлектенген тірлігінің астары,

«Құс базардың» ортасынан қашқаны.

Дейді екен ғой: «есейгенше ұрпағым,

Естімесін өз даусымнан басқаны!»

Балапанын Бұлбұл құстай қамдар кім,

(Басқалардың қамдамасын аңғардым).

Жұдырықтай Бұлбұлда бар қасиет,

Пенделерде неге жоқ деп таң қалдым…

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *