РЕФОРМАТОР

(Президент жөнінде бірер сөз)

«Өзіңе қатысы жоқ іске араласпа» деген бар. Көзімнің жеткені, адамның араласпайтын бірден-бір нәрсесі болса, ол – саясат екен. Саясатпен айналысқан адам опа таппайды. Ашкөз саясатқа барам деп ел алдында жүрген талай ерке мен серкелердің сағы сынған. Саясаткер болу үшін де үлкен шеберлік керек.

Қазіргі ел Президенті сол шеберлікті бойына молынан жинаған бірегей тұлға. Әйгілі білім ордаларында білімін толтырған. Үлкен өмір мектебінен өткен. Әсілінде, бүгін еліміздің басшысы туралы барынша шындықты айтатындар аз. Тіпті жоқтың қасы десе де болады. Баяғы елбасына сын айтуға кезінде көптің дәрмені келмеп еді, қазіргі уақытта оны ағаш атқа теріс қаратып мінгізуде. Ал бүгінгі қызметтегі президентке де екінің бірі ғайбат сөйлеуге дайын. Ақ ит кіріп, көк ит шығады. Ал сол мүмкіндікті кім бергенінде көпшіліктің тіптен де ісі жоқ. Әдетте, өзгенің қателігін сынаған, өзінікін байқамайды да. Өзгені төмендеткеннен өзі биік боп қалмайтыны жетесіне бара бермейді.

«Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған?», – деп, аузы дуалы Ғафу Қайырбековтің сөзін мысалға алушылар көп. Осы ойтүрткі болып, «көріп тұрып айтпаған — көргенсіздік белгісі» дегенге жүгініп, билік басындағы басшымыздың шынайы бағасын беруге ұмтылдық…

Ақиқаты, ілкімді 4-5 жыл мұғдары – еліміздің құқықтық кеңістігі мен азаматтық тарихында «ТОҚАЕВ РЕФОРМАЛАРЫ» деген атпен қалатыны дау туғызбауы керек. Мен оған тіптен де шек келтірмеймін.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жүргізген реформаларының ерекшелігі – олардың нақтылығында. Бұрынғыдай алдағы 30 жылдық, 50 жылдық стратегия емес, күнделікті шешілуі керекті шаруа. Жұртшылықтың есінде болуы тиіс, Президент билікке келген бетте-ақ «Сындарлы қоғамдық диалог» деді. Билік пен қоғамның арасы тым алшақтанып кеткен соң, екі жақты диалог орнатты. Соны саналап берсек, ол былайша көрініс табады.

Біріншіден, Президент «Партиялық құрылыс» деді, осы күнгі сайлау науқандарында осы қағидат жүзеге асуда. Айта кетейік, «Қазақстандағы сайлау туралы» Конституциялық заңға түзетулер енгізді. Әкімдер белгілі бір саяси ұйымды басқара алмайтын болды, президент белгілі бір саяси партияда болмауы тиіс. Ал бұл өз белгілі бір мүдделі топтардың мүмкіндіктеріне шектеу қойылды деген сөз. Одан қалды үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін өзі ұсынуға мүмкіндік ашылды. Мажоритарлық моделін енгізді. Бұны мүдделі топтарға тойтарыс бере алатын тетіктің бірі, асқаралы күш деп түсінген жөн. Халықтың алуан бөліктері түгел қамтылудың бір көзі бұл. Өркениетті елдердегідей шынайы демократиялық қағидаттардың негізі қаланды деп сенгіміз келеді. Отан – біреу баолса да, партия біреу болмауы тиіс. Осылайша Президент ұсынысы бойынша Парламент депутаттары ел Конституциясына енгізілген түзетулерді қолдап шықты. Оның үстіне Президенттік мерзім жеті жылға дейін ұзартылды және президенттердің қайта сайлануына тыйым салынды. Қазақстанның елордасына Астана атауы қайтарылды: «Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымы, оның астанасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның астанасы – Астана қаласы».

Басты заңдағы Президент туралы. 41-баптың 1-тармағында қазір былай деп жазылған: «Қазақстан Республикасының Президентін конституциялық заңға сәйкес Республиканың кәмелетке толған азаматтары жалпыға бірдей, тең және тікелей сайлау құқығы негізінде жеті жыл мерзімге жасырын дауыс беру арқылы сайлайды».

Оның үстіне, Партиялардың Парламентке өтуі үшін белгіленген төменгі шегі 7 пайыздан 5 пайызға төмендетілді.

Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталды.

Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмады.

Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген графа енді.

Сайлауға 7 саяси партия қатысқаны есімізде.

Қарап отырсаңыз осының бәрі де Президент бастамашы болып түзетулер енгізген Конституциямыздың бізге беріп отырған мүмкіндіктері.

Екіншіден, «әкімшілік әділет» деді – бұл бағытта әкімшілік-процестік кодекс қабылданды. Қоғамның әрбір мүшелеріне қажетті жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу жөніндегі әкімшілік іс жүргізуге байланысты қоғамдық қатынастар реттелінді.

Үшіншіден, «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тезісін алға тартты. Суперпрезиденттік басқару формасынан президенттік республикаға түпкілікті көшуге бекіді. (Алайда, суперпрезиденттік белгілері әлі де сол күйінше қалып отыр. Мәселен, Конституциямыздың 40-бабының 3-тармағында: «Республика Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді» делінеді. Басқаша айтқанда, мемлекет басшысы үш билікке (заң шығарушы, атқарушы, сот билігі) де жауапты, оларды үйлестіретін болса, ендеше бұл олардан жоғары тұр деген сөзді айғақтайды. Ал бұл бұрынғы суперпрезиденттік белгі, негізінде Республика Президенті бір ғана атқарушы биліктің өкілі.

Төртіншіден, «Еститін — Үкімет» тезисін алға тартты. Бұл алшақ кеткен халық пен биліктің арасын жақындататудағы іргелі қадам болды. Қасым-Жомарт Кемелұлы соған барды. ҚР Президенті жанында Қоғамдық сенімге негізделген Ұлттық кеңесін құрды (Ұлттық кеңесті кезінде Алашорда Үкіметі алғаш құрған еді, мұны содан қалған дәстүр жалғастығы деп те ұққан ләзім), біздің көпсөзділігімізден, сынап жүріп, Ұлттық кеңесті Құрылтайға айналдырып тындық.

Бесіншіден, «Сот және құқық қорғау жүйесін реформалау» ісі ойдағыдай жүзеге асуда. Ішкі істер органдарындағы «сервистік полиция моделі», «жұртқа жақын полиция» қағидаты, сот жүйесіндегі «түнгі судья», Бешімбаевқа қатысты өткен «ашық сот» – соның дәлелі.

Алтыншыдан, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйені қалыптастырды. Дәл қазір жемқорлық жасағаны үшін бірінші басшысының тіртіптік жауапкершілігі, орнынан түсуі орын алуда.

Жетіншіден, «Этнотуризм мен экотуразим» қолға алынды. Ұлытау облысы ашылды, Жошы хан кешені салынды. Бірақ басқа төңіректегі – экотуризм саласындағы ісіміз мардымсыз болып тұр.

Түйіндей айтқанда, Президенттің саяси кеңістіктегі соңғы өзгерістері Ықпалды Парламент пен Есеп беретін Үкімет суперпрезиденттік басқару формасынан президенттік республикаға түпкілікті көшуді бекітуге арналған.

Сегізіншіден, саяси кеңістіктегі ендігі жаңалық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституциялық сот институтын жаңартуы. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір қазақстандық Конституциялық сотқа жүгінуге құқылы болуға мүмкіндік алды.

Конституциялық сот Конституциялық кеңестің базасында құрылды. Конституциялық сот биліктің сот тармағына жатпайды, бірақ негізгі заңның үстемдігін қамтамасыз ететін орган болады. Конституциялық соттың құзыретіне

— сайлау өткізудің дұрыстығы мәселелерін қарау,

— Парламент қабылдаған заңдар

— халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігі туралы

— Конституция нормаларына ресми түсініктеме беру жатады. Яғни, Конституциялық Кеңестің барлық қолданыстағы функциялары Конституциялық сотқа берілді.

— азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін айқындайды.

Конституциялық сот төрелігі соттық қорғалудың ең жоғары шыңы болып табылады, өйткені Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты бүкіл еліміздің аумағында Қазақстан Республикасы Конституциясының үстемдігін қамтамасыз етеді.

Қай кезде де заң үстемдік құратынның кепілі – Қазақстан Республикасының Конституциясы күні құтты болсын!

Елеужан СЕРІМОВ,

заң ғылымдарыныі кандидаты

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *