Жыл басталғалы Қарағанды облысында бірнеше өрт оқиғасы тіркелді. Қарқаралы ауданына ұарасты Томар ауылында мешіт жанып кетті.
Қарағандыда өрт салдарынан екі бала қайтыс болды, тағы екі бала және 60 жастағы әйел ауруханаға жеткізілді. Жалпы өткен 2024 жылы облыс аумағында 580 өрт тіркеліп, 33 адам қаза тапса, 28 адам жарақат алды.
Төтеншеліктер өрттің негізгі себебі – электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану ережелерін бұзу; автокөлік құралдарындағы сымдардың қысқа тұйықталуы; отпен абайсызда жұмыс істеу және пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу екендігін айтады.
Екі баланың өмірін жалмаған қайғылы оқиға 9 қаңтарға қараған түні Қарағанды қаласындағы Пришахтинская көшесінде, екі пәтерлі тұрғын үйде тіркелді. Өрт шатырды және үйдегі жиһаздарды шарпыған. Құтқарушылар келгенге дейін 2017 және 2015 жылдары туған екі бала өздігінен сыртқа шығып үлгерген, оларды Балалар клиникалық ауруханасына жеткізді.
Алдын ала диагноз бойынша зардап шеккендер көміртегі тотығымен уланған.
Өрттен кейін құтқарушылар 2020 және 2022 жылы туған екі баланың денесін тапты.
«Өрттің себебі – электр сымдарының қысқа тұйықталуы. Аталмыш дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды және сараптама тағайындалды. Жылыту кезеңінде тұрмыстағы өрттердің алдын-алу жұмыстары жалғасуда», деді төтеншеліктер.
Теміртауда бес қабатты тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден өрт шығып, пәтер иесі көмірқышқыл газынан уланып қайтыс болды. Майқұдықтың «Восток-3» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйдің бірінде орамал тұтанып, қалың түтін үйді алып кеткен. Оқиға орнына құтқарушылар дер кезінде жетіп, ес-түссіз күйде жатқан тұрғынды құтқарып қалды.
Негізінен өрт көбінесе жеке үйлердегі пештен де болып жатады. Сонымен қатар газға да мән берген жөн.
Өткен жылы облыс аумағында газ баллонымен байланысты сегіз жазатайым оқиға тіркеліп, төрт адам қаза тапты. Тоғыз адам зардап шекті.
Қарағанды облысы мемлекеттік өрт бақылау басқармасы басшысының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Құрмет Жұмекенов:
– Өрт пен көміртегі тотығымен уланудың алдын алу жұмыстары тұрғын үй секторында өрт профилактикасы жоспарына сәйкес тамыздан бастап жүргізілгеніне қарамастан, өрт шығу жағдайлары өткен жылмен салыстырғанда 36,7 пайызға өскен. Одан бөлек, пештен бөлінген улы газдан бес адам зардап шекті. Оның екеуі – бала. Өрттің алдын алу үшін жауапты қызметкерлер 24 мыңнан астам тұрғын үйді аралап, 49 мыңнан астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тұрғын үй секторында 6478 адамды қамтыған 337 жиналыс пен жиын өтті. «Оттан сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы», «Қауіпсіз пеш!», «Таза түтін мұржасы», сондай-ақ кең ауқымды «Сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі!» акцияларын өткіздік, – дейді.
Өрт жиілегенін байқаған төтеншеліктер халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде өткен жылы 3695 өрт хабарлағышы, ал, 2018 жылдан бері 7338 улы газ датчиктерін орнатқан.
– Бірақ, өрт әдетте ескі және тозығы жеткен, жанғыш құрылыс конструкциялары бар, пайдалану мерзімі 50-70 жылдан асқан жеке тұрғын үйлер мен құрылыстардан шығады. Өрт жағдайына халықтың әлеуметтік жағдайы үлкен әсер етеді. Яғни, бұл аз қамтылған немесе қоғамға жат өмір салтын ұстанатын халықтың топтары. Өрттің пайда болуының негізгі себептері – отты абайсыз пайдалану, пешті пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу. Төтенше жағдайлардың алдын алу, адамдардың жарақаттануын болдырмау мақсатында өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Барлық азаматтардан өз қауіпсіздігі мәселесіне мұқият және байыпты қарауды сұраймыз, – дейді Құрмет Жұмекенов.
Ал, газ баллондарының жарылу себептерінің бірі – автогаз құю станцияларында тұрмыстық газ баллондарды бақылаусыз толтыру екен. Станцияларда газ баллондарын толтыру кезінде норма, толтыру пайызы сақталмайды. Техникалық қызмет көрсетуді айтпағанда, оларға тексеру де жүргізілмейді. Баллондарға газды рұқсат етілген қысымнан артық толтырғанда, жылу әсерінен жарылыс пайда болады.
– Тұрмыстық газ баллондарын толтыру тиісті технологиялық регламентке сәйкес орындалады. Бұдан басқа, толтырар алдында жарамдылық мерзімі және келесі куәландыру тексеріледі. Қажет болған жағдайда жөндеу, өзекті ауыстыру, дәнекерлеу жұмыстары, қақпақтарға арналған сақиналарды қайта отырғызу, вентильдерді ауыстыру, куәландыру және басқа да жұмыс түрлері жүргізіледі. Ал, жарамсыз газ баллондары жоюға жіберіледі, – дейді Құрмет Рахметұлы.
Оның айтуынша екі қабаттан асатын көппәтерлі тұрғын үйлерде тұрмыстық газ баллондарын сақтауға және пайдалануға тыйым салынады. Сондай-ақ, баллондарды суықтан жылы жерге кіргізгенде жылыту аспаптары мен пештердің жанына қоюға болмайды. Тұрмыстық газ баллондарын тек мамандандырылған станцияларда толтыру керек. Ал, оның сыйымдылығы 85%-дан аспауы керек екен.
Төтенше жағдайлар департаменті сондай-ақ, жұмыс істеп тұрған газ құрылғыларын қараусыз қалдырмауды, газдың шығуын тексеру үшін ашық отты пайдаланбауды және балаларға газ құрылғыларын пайдалануға жол бермеу керектігін ескертеді.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ