Саналы ұрпақ тәрбиелеу – сенімді болашақтың кепілі

Мемлекет келешегі өскелең ұрпақтың қолында екенін ескерсек, оның бойындағы адамгершілік қасиеттердің болуы ата-ана, ұстаз, жақсы құрбысынан екені сөзсіз. Жас ұрпақ біздің өміріміздің тікелей жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, мызғымас болашағы. Сондықтан, «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда үлкен өнер. Жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деп Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай, бала тәрбиесі барлығымыздың бірлескен жұмысымыздың нәтижесі. Бұл қоғамға тәуелді. Бүгінгідей жаһандану заманында біліммен бірге тәрбиені таразының тең басын ұстағандай қоса алып жүру өте маңызды. Ұлтымыздың ғұлама ғалымы Әбу Насыр әл-Фараби «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың  қас жауы» деп өз заманында айтып кетсе, бұл қанатты қағида бүгін де өз маңызын жоғалтпақ емес.

Бүгінде ата-ана мен бала арасындағы алтын көпір болып отырған, саналы ата-ана мәдениетін қалыптастырып, ұрпақ тәрбиесіне байланысты барлық мәселені бірлесіп шешуді мақсат еткен «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің  өкілі ретінде жүзеге асып жатқан жұмыс жайлы атап өтейін. Биыл құрылғанына 3 жыл толған бірлестіктің еліміздің 16 аймағында филиалдары жұмыс істейді. Құрылтайшысы әрі идея авторы Нұркен Жарылқапов өз жеке кәсібінен осы жұмысты жүргізуге қаражат жұмсайды. Мұндай азаматтық ұйым шынымен де, мемлекет дамуына зор көмек. Бөтен бала жоқ, әр баланың бақытты, қауіпсіз ортада өсуіне күш салып отырған бірлестікте әр филиалда психологтар бар. Әр үйдің сыры басқа демекші, әр ата-ананың тығырыққа тіреліп, баламен қарым-қатынасын реттей алмай жүрген азаматтар кеңес алып жатады. Жұмысбастылық пен тәрбие мәселесін шетке ысырып, құндылықтарымыздың орны ауысып кеткен уақытта мұндай кеңестердің көмегі ерекше.

Былтырғы жылдың сәуір айында біз «Сенімен Болашақта» ата-ананың нақты мәселелерін шешу үшін бірнеше жобаны іске қостық. Қарағанды ​​облыстық  филиалы қоғам дертіне айналған вейп пен электронды шылымның зиянын түсіндіріп, жасөспірімдер арасында оның таралуын тоқтату мақсатында «Өмірің өз қолыңда» атты жобасын іске асырдық.  Жасөспірімдерге осы әдеттің жаман екенін түсіндіру маңызды, ЖОО; колледж алаңдарында жыл бойы кездесу өткіздік, осы арқылы біз жасөспірімдерге саналы және дұрыс таңдау жасауға мүмкіндік беретін орта жасауға күш салдық. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, темекі шегетіндердің көпшілігі 18 жасқа дейін темекі шегіп бастағандар. Балалар зиянды әдеттерге оңай үйренеді. Биыл өздеріңіз білетіндей, вейптің сатылуына тосқауыл қоятын заң күшіне еніп жатыр. Бұған біздің осы жобамыздың да үлесі болды деп санаймыз.

Қасиетті Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлт ұрпағы тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін атап өтті. Бұл саладағы кемшіліктер бар екені белгілі. Десек те ата-аналар баланы мемлекет, Үкімет не қоғам үшін емес, ең алдымен, өзі үшін дүниеге әкеледі. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс дей келе «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі» деген еді.

«Мейірімділікті анадан, әдептілікті данадан үйрен» дейді халқымыз. Бір-біріне қамқор, қайырымды, мәдениетті де саналы, елжанды, білімді ұрпақ тәрбиелеу бүкіл қоғамға ортақ міндет. Себебі, сол  арқылы тұтас бір буынның құндылықтары мен қасиеттері қалыптасады. Біз, ата-аналар, жастарымызды жаһанданудың теріс әсерінен барлық жағынан қорғауымыз керек. Осы орайда бірлестігіміз тәрбие жұмысын жақсартуға бағытталған шараларды күшейтуді жалғастырады. Бұл салада көптеген проблема жинақталғаны жасырын емес. Соңғы уақытта оқу орындарында қорқыту, зорлық-зомбылық, агрессия фактілері жиілеп кетті. Мұндай жағдайлар тіпті камераға түсіріліп, әлеуметтік желілерге таратылады. Бұл белгілі бір сәнге айналып, балалардың қатыгездігі кейде барлық шекарадан асуда. Мұндай жағдайда міндет пен кінәны білім ұйымдарына артып қою әсте қате түсінік. Мектеп, ата-ана, өскелең ұрпақ ынтымақтастықта, өзара эмпатияда болып, оны қорғау, жеке басы құқығының аяққа тапталмауы да ата-анаға жауапкершілік артады.  Осы орайда әйел аналардың жеке мәдениеті, әкелердің тәрбиелік рөлі, адамгершілік құндылықтарға негізделген тәрбие бағытында  көп шаралар ұйымдастырдық. Атап айтсақ, «Әкелер форумы», «Ауыл – Алаш айнасы», «Балам тұлға болсын десеңіз», «Мен сенің өміріңнің жалғасымын», «Мен елімнің ертеңімін», «Қауіпсіз орта – отбасы тұрақтылығының кепілі», «Баланы қорғау – баршаға парыз» атты т.б. ата-аналар мен оқушыларға, жастарға арналған шаралар кешені. Аймағымыздың қала, аудандарында, ауылдарда  ата-аналармен кездесу диалог алаңдарындағы кері байланыс өте жақсы екенін атап өткім келеді. Жастар алаңдарында шаралар өте сұранысқа ие екенін атап өтіп келеді. Облыстық Әйелдер істері жөніндегі комиссияға, Білім басқармасы мен  Отбасыларды қолдау біріңғай орталығына алғыс айтқым келеді. Түптеп келгенде, біздің мақсатымыз бір. Сондай-ақ, белгілі бір топпен өткен әлеуметтік сауалнама арқылы  біз  басты назарды неге аударуымыз керек, қандай мәселеге басымдылық жасау керегін айқындадық. Мысалы, ішкілікке салынған әкелердің баламен қарым-қатынасына, көп ата-ана баламен ашық сөйлесуге, оның қоршаған ортасымен таныс болуға, уақытты бірге тиімді өткізу сияқты дағдыларға көңіл бөлу керектігі ерекше маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейту жоспарланып отыр.

​            Қазіргі заман сынына қарсы тұру үшін  ұрпақ бойында дағды мен көзқарастарды,  құндылықтарды қалыптастырудың ең дұрыс жолы – Ұлттық тәрбие мен педагогика, саналы ата-ана мәдениеті. Заман мен уақыт бізді күтіп тұрмайды. Бүгінгі күні арнайы жоспар құрып, соның аясында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олар:

Репродуктивті тәрбие;

Буллинг және кибербуллинг, электронды шылым мен вейптің зиянын түсіндіру;

Ата-ана мен мектептің ынтымақты жұмысы жөнінде алгоритімдер;

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу;

Ажырасу мәселесінің алдын алу, әлеуметтік жетімдерді болдырмау;

Отбасылық құндылықтарды дәріптеу;

Суицидтің алдын алу;

Эмоционалды және комуникациялық интелектіні дамыту;

Тұлғалық даму;

Лудомания мен игроманияның, бәстігудің алдын алу;

Диалог алаңдарында спикерлікке арнайы ғалымдарды, психологтарды, қоғам қайраткерлерін, медиаторларды, медицина, заң саласының, үлгілі отбасылардың өкілдерін және жетістікке жеткен тұлғаларды тартамыз. «Сенімен болашақ» Қарағанды филиалының арнайы сарапшылар кеңесінің мүшелерін де спикер ретінде тұрғындар тарпынан өте жақсы қабылдап жатыр. Мұндай шаралар аймағымызға қажет екенін былтырғы жылғы өткен Әкелер форумы дәлелдеді. Ауа-райының күрт бұзылуына қарамастан шалғай ауылдардан, аудандардан  келген әкелер саны төрт жүзге жуық болды.

Ата-ананың санасы ашық, ойы асқақ болғанда ғана тәрбие түзелері анық. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырдағы Жолдауында Әділетті Қазақстанды құру үшін қоғамдық сана мен азаматтардың ниетін өзгеру керектігін атап өтті.

«Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ», – деді өз сөзінде. Ендеше сананы өзгерту үшін де адамгершілік пен ізгілік, адалдық сынды құндылықтарды насихаттай беру қазір аса қажет. Ал, оларды біз жүйелі жұмыстар арқылы іске асыра аламыз.

Біздің табысты дамуымыз отбасы сияқты маңызды әлеуметтік институтқа тікелей байланысты. Егер қазақстандық отбасыларда бақыт пен амандық орнаса, еліміздің болашағы да жарқын болары сөзсіз.

Сөз соңында мектептен барлық мүмкіндікті пайдаланып, білім алу мен тәрбие жұмыстарына қатысып, ұрпағымыз тұлға болып, ел дамуына атсалысатын азамат болуына жол көрсетейік. Өркениет көшіне мәдениетті де саналы ұрпақ өсіріп қосылайық, саналы ата-ана мәдениетін бірге қалыптастырайық дегім келеді.

Индира ЖАНҰЗАҚҚЫЗЫ,

«Сенімен Болашақ» РҚБ

Қарағанды облыстық филиал директоры

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *