Семей мен Қарағанды селбескен күн

Өткен аптада кеншілер шаһарының төрінде Қарағанды мен Абай облыстарының басы түйісті, бейнелеп айтқанда. Қарағанды қаласының 90 жылдығы аясында «Ордалы Қарағандым, шежірелі Қарқаралым» атты Қарағанды мен Абай  облыстарының ақындары мен дәстүрлі өнер өкілдері арасында республикалық командалық айтыс өткені соның бір жарқын мысалы десті зиялылар.

Қазір Қарағанды шаһарының айдарынан жел есіп тұр әсірелеп айтқанда. Мұнда Семей топырағы емес, қазақ руханиятының алтын діңгегі Абай елі көшіп келді десе болғандай. Әсірелеп айтқанда, алып Абай мен ұлт көшбасшысы Әлихан кездескендей ғаламат орнады. Оның дәлелі – Қарағанды төрінде дүркіреп өткен Айтыс пен өнер жәрмеңкесі, дәстүрлі ән мен жыр. Әрине осылай әсірелей беруге болады. Ал анығында әуелі бала Абай небары 6 жасында әкесі Құнанбайға еріп Қарқаралыға келіп, қонақ болғаны тарихтан белгілі. Онда Құнекең Алшынбайға сүйеніп, мешіт салу ісін қолға алғаны, тағысын тағы әңгімелер жетіп артылады. Сол игі дәстүр жалғасын тауып жатқаны қуантады. Абай салған сол ізбен одан кейін алашордашылар Қарқаралыдан Семейге барғаны бітпейтін әңгіме тағы да. Осы жолғы ұлан-асыр той мен думан сол ұлы сапарлардың жемісі.

Сонымен ресми іс-шара Абай облысы делегациясы мен Қарағанды облысының ресми тұлғаларының ұлы ақындар Абай Құнанбаев пен Қасым Аманжоловтың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды. Қасым Аманжоловтың Абайға жазған өлеңін еске түсірді бұл шара. Қасымның ең бір ұлы шумақтары Абайға мұң шаққанда туған. «Бұл даланы анам жаспен суарған, Бұл далада атам қолға ту алған, Бұл далаға жылап келіп уанғам, Бұл даланы көріп алғаш қуанғам, Бұл далада өскен жанда жоқ арман!» деп Қасым Абайға мұң шақты.

Кеншілер мәдениет сарайының кәделі залында айтысты облыс әкімі Ермағамбет Бөлекпаев құттықтау сөзімен ашты.

– Қарағанды кешегі Қаз дауысты Қазыбек бидің, Мәдидің, Қасымның, Жақып Ақбаевтың елі. Бір сөзбен мәдениеттің ордасы деуге толық негіз бар. Сол көне даналықтың көзіндей болған айтысты осы дәуірге жетелеп келе жатқан бірегей жандар ел аузында. Сондай тұлғаның бірі, айтыстың атасы Жүрсін Ерман ағамыз ортамызда. Айтыс туралы ағамыздан артық ешкім білмесе керек. Қазақтың бірегей өнерінің ары қарай дамуына жол ашық. Біз де әрқашан айтысқа қолдау білдіруге дайынбыз, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы Арқа жұртшылығы атынан Жүрсін Ерманның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Айтыс ақындарынғана емес, мұндай шаралар ұлттық өнер өкілдерінің шығармашылық дамуына жағдай жасауды, еліміздегі облыстар арасында шығармашылық байланысты жетілдіруді көздейтіні анық.

Айтыс барысында Қарағанды облысы айтыс ақындарының «Арқа» кітабының тұсауы кесіліп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен баспасөз-конференциясы өтті. Онда ұйымдастырушылар мен қазылар алқасының мүшелері жаңа жоба – командалық айтыс туралы айтып берді.

– Бұл мегажоба жыл басында басталды. Оған Қазақстанның 20 өңірінен 20 команда қатысады, ол төрт кезеңнен тұрады. Финал Ақтауда келесі жылдың наурыз айында өтеді. Жобаның ерекшелігі – бес жанр бойынша өтеді: айтыс, дәстүрлі ән айту, жыр, терме және күй. Сондай-ақ, бұл жобада қазылар алқасына да ерекше талаптар қойылатынын, яғни әрбір жанр бойынша оны бағалай алатын жеке өкілдер болатынын атап өтемін, – деп түсіндірді мегажобаның бастамашысы және ұйымдастырушысы Аманжол Әлтай.

Сонымен қатар, баспасөз конференциясында Қарағанды облысының Мәдени-ойын-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы құрастырған «Арқа» кітабы таныстырылды. Онда өңір ақындарының өмірбаяны, жетістіктері мен үздік айтыстары жарияланған.

Командалық айтыста екі облыстан 18 өнерпаз бақ сынасты. Сүре, қайым, түре, қыз-жігіт айтысы, жыр, терме, күй, дәстүрлі ән сайысы көпшілік көрерменді қуантты. Айтысты ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев жүргізді.

Өнер додасының қазыларына ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман төрағалық етті. Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай,ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ақын Жанарбек Әшімжан, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, күйші Жанғали Жүзбай, Қазақстанның халық әртісі, әнші Рамазан Стамғазы, фольклортанушы ғалым, эпикалық жыршылық өнердің көрнекті өкілі Берік Жүсіп қазылық етті.

Әр командада сегіз адамнан: төрт айтыскер, термеші, күйші, жыршы және дәстүрлі әндерді орындаушы қатысты. Қарағанды облысының намысын Айтбай Жұмағұлов, Тілеген Әділов, Мақсат Аханов, Дидар Қами, Нұрмұхаммед Байсүгір сынды айтыскерлер қорғады. Сержан Мұсаин, Дәуренбек Әркен, Балқан Смағұлов, Мұхтар Әділов және Мағжан Мыңбайлар әншілік пен күйшілік өнер жағынан атсалысты.

Дүбірлі додада Қарағанды облысының командасы жеңіске жетті. Барлық өнерпаздарға қаржылай сыйлықтар табысталды.

Ерзат Ермағамбет

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *