Әсемжан БЕДЕЛХАНҰЛЫ: «Сыр сандық»

 

Ізгілерге

О, тоба бұл бір келген сынақ маған,

Десе де бұл сынаққа шыдап бағам.

Халқымнан, достарымнан айналайын,

Жарға итеріп құлдиға құлатпаған.

Қиын-қыстау сәттерде көмектесіп,

Жабырқаған кездерде жылатпаған…

 

Досқа сағыныш

Айсыз түн қап-қараңғы адасатын,

Отырмын мен далада ауаша тым.

Әттең-ай осындайда бір дос керек.

Іштегі ойларыңмен санасатын.

 

Бір сәтке көтеріліп көңіл құрғыр.

Әзілің қалжыңың да жарасатын,

Отырып ананы айтып мынаны айтып.

Қуанып кейде тіпті балаша тым.

 

Кейбір кез еске түссе мырс етемін.

Асқа да табақтағы таласатын,

Бірақ-бірақ досыңның орны бөлек.

Қуаныш пен қайғыңда жанасатын…

 

ҚАЙДАСЫҢ КӨКТЕМ?

Қайдасың көктем күтудемін мен сені?!

Қара бұлт торлап түсіріп тұр ғой еңсені,

Ақ қардан мынау арыла алмай даламыз.

Сағындық сені күттірмей көктем келші енді.

 

Қайдасың көктем келсеңші енді жадырап?!

Құлпырсын далам, құлпырсын мынау атырап.

Желегін киіп гүлдерін тақсын Жер Анам.

Бұлақтар сыңсып өзендер ақсын шашырап.

 

Қайдасың көктем, ақ қарды мынау қусаңшы.

Қымтанып алып ерімей жатыр бір тамшы.

Шуағыңды шашып, нұрыңды төкші аямай

Себезгелетіп жылы жаңбырменен жусаңшы.

 

Қайдасың көктем, уақытың болды келетін,

Наурыз да келді пісіріп бауырсақ көжесін.

Сағынып жүрмін.

көктемнің айлы кешінде,

Ақсүйек ойнап әткеншекті де тебетін…

 

ЖАРЫМА

Балалардың шешесі асыл жарым.

Мен әрдайым өзіңнің қасыңдамын.

Маған басқа бақыттың керегі не,

Бақыт сенің мойныма асылғаның.

 

Мен сенімен шаттанып марқаямын,

Сен болмасаң қазымыр, шарқаямын.

Бес күн мынау жалғанда қол ұстасып,

Өзіңмен бір жастықта қартаямын…

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *