Үш рекорд орнатылды

Қостанайда ауыр атлетикадан ерлер мен әйелдер арасында өткен республикалық біріншілікте қарағандылық спортшылар тоғыз медаль иеленді: бес алтын, екі күміс және екі қола. Әсіресе, әлем чемпионы Артем Антропов Қазақстанның үш рекордын орнатып, ерекше көзге түсті.

– Артем 109 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Үш рекорд орнатты: екеуі серпи көтеруде және біреуі қоссайыс сомасында. Бұрын бұл топтағы серпи көтеру бойынша елдегі ең жақсы нәтиже 219 кг болатын. Антропов бастапқыда 220 кг жасап, содан кейін 231 кг көтерді, бұл әлемдік рекордтан бір кг кем. Нәтижесінде қоссайыс – серпи көтеру мен жұлқи көтеруде – 401 кг көтеріп, елдің үздік көрсеткішін жаңартты, – дейді спортшының жаттықтырушысы Иван Снегуров.

Қарағанды облысы құрама командасының басқа да мүшелері – Жоғары спорт шеберлігі мектебінің, Ә.Молдағұлова атындағы олимпиада резервінің мектеп-интернат-колледжінің және Облыстық кешенді спорт мектебінің тәрбиеленушілері де нәтижелі өнер көрсетті.

Алтын медальді Дарья Балабаюк (с/д 59 кг), Олеся Теренюк (с/д 45 кг), Любовь Ковальчук (с/д 87 +), Нұрбол Ешімбеков (с/д 55 кг) иеленді. Күміс жүлде Никита Грамачков (с/д 55 кг) және Кирилл Староверкинге (с/д 96 кг) бұйырды. Қола жүлдегерлер – Александр Бабенко (с/д 61 кг) және Владимир Измайлов (с/д 109 +).

Нұрбол Ешімбеков халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ал Никита Грамачков спорт шебері нормативін орындады.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *