Шаңғы шеберлері анықталды

Қарқаралыда қысқы спорт маусымы шаңғы жарысынан марафонмен жабылды. Биыл жарысқа Қарқаралы ауданы, Қарағанды, Теміртау, Павлодар және басқа қалалардан 53 шаңғышы шықты.

IV ашық облыстық марафонды Қарқаралы спортшысы және белсендісі Думан Бейсенаев аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен ұйымдастырды.

Қатысушылар арасында жас спортшылар да, шаңғы спортының ардагерлері де болды. Назгүл Әліпова 64 жаста, тауларды көріп, жарыстарға қатысу арманын жүзеге асыру үшін Павлодардан келген.

– Мен Қарқаралыға келіп, тауларды көріп, шаңғымен жүгіргім келді. Енді бұл арман орындалып, жарысты сәтті аяқтадым, – деп бөлісті Назгүл Әліпова.

Теміртаулық Татьяна Прилукова төртінші рет шаңғы марафонына қатысып отыр. Ол 55 жаста.

– Бұл жерге жыл сайын қуана келемін. Керемет табиғат, тамаша ұйымдастыру, жарыс рухы – осының бәрі марафонды ерекше етеді, – дейді шаңғышы.

Қарқаралы ауданының Көктас ауылынан келген 69 жастағы Жұмаш Құрманғалиев ең егде қатысушы атанды, ол үшін мұндай жарыстар сүйікті спортымен айналысуға және қуат алуға мүмкіндік береді.

Барлық марафоншы бір уақытта бастау алды, бірақ қашықтықтар жасына және жынысына қарай әртүрлі болды. 14-17 жастағы жігіттер 10 шақырымды, осы жастағы қыздар 3 шақырымды бағындырды. 18-39 жастағы ерлер 30 км, әйелдер 15 км қашықтықта жарысты.

Ерлер арасындағы марафон қорытындысы бойынша Рафаил Тинчурин (Қарағанды) абсолютті чемпион атанды, екінші орынды Сергей Головизин (Қарағанды), үшінші орынды Виталий Литвиненко (Павлодар) иеленді.

Әйелдер арасында Инна Вишнякова (Теміртау) жеңіске жетті, екінші орынды Ангелина Старожилова (Қарағанды), үшінші орынды Светлана Дьякова (Қарағанды) иеленді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай және арнайы сыйлықтарға, ал барлық қатысушы төсбелгілерге ие болды.

Қарқаралы қаласы қысқы спорт түрлері мен белсенді демалысты дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мұнда шаңғы трассасы, тюбингпен сырғанау үшін сырғанақ бар, ал биыл мұз айдыны ашылды. Олимпиадалық резерв мектебінде балаларға арналған шаңғы секциясы жұмыс істейді.

Арман ҚҰРМАНҒАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *