Өткенде хабарлағанымыздай, кейінгі апталарда қарағандылық щахматшылар ірі турнирлерге қатысып, шеберліктерін шыңдай түсті.
Көмірлі қалада тұңғыш рет Облыс әкімінің кубогы үшін ерлер мен әйелдер арасында (А және В тобы) халықаралық турнир өтіп жатыр. Оның классикалық әдіспен өткізілетін негізгі жарыстарына Армения, Ресей, Үндістан, Швеция, Украина, Польша, Монғолия, Испания елдерінен гроссмейстерлер мен халықаралық спорт щеберлері қатысуда. Ал ортаң қолды щахматшылар (С тобы) швейцариялық жүйемен сайысқа түсуде.
Осы шахмат мерекесінің бағдарламасында Д және Е тобында әуесқой ойыншылар арасында шапшаң шахмат түрінен жарыстар болып өтті.
Рапид турнирінде (10 минут және әр жүріске 5 секунд қосылады) күткендегідей спорт шеберлері И.Мезенцев пен абайлық В.Могила 9 ойыннан 7,5 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Одан кейінгі орындарға қарағандылық жас таланттар Д. Сатыбалдин, Ә.Аяпов, Н.Панасюк және Ә. Сқақ (7ұпай) жайғасты. Ардагерлер арасынан 6 ұпаймен осы жолдар авторы үздік шықты.
Блиц-турнирде (3минут және әр жүріске 2 секунд) спорт шебері В. Могиланың мерейі үстем болды.
Сондай-ақ «Шахтер» спорт клубы мен көмір департаментінің ардагерлер ұйымы да Шахтер күні мерекесі құрметіне блиц-турнир өткізді. Онда ардагерлер арасынан осы жолдар авторы мен теміртаулық ардагер-металлург С. Кулишкин жүлделі орындарды бөлісті.
Астанада 31 тамыз күні бұрын біз насихаттаған Сенат Кубогының ақтық жарысы болып өтті. Оған республикамыздың түкпір-түкпірінен екі жүз әуесқой ойыншы қатысты. Онда Абай аудандық мәслихатының депутаты Бекмұрат Ағзамов 9 ойыннан 6,5 ұпай нәтижемен депутат санаты бойынша жеңімпаз атанып, алтын медальмен оралды. Ардагерлеріміз С.Игнатьев, П. Руденко, Н. Примаков, С. Могила және балқаштық жас ойыншы Ә.Нұрмағамбетов 5 ұпаймен турнирдің бел ортасынан көрінді.
Аман ЖАНҒОЖИН,
«Ардагер-2012» шахмат командасының жетекшісі.
Суретте: облыстық мәслихаттың төрағасы Н.Қобжанов Сенат Опен турнирінің финалында шахматшы С. Игнатьевті кезекті жеңісімен құттықтауда.