Заңсыз қоқыс үйінділері анықталды

Тұрмыстық қалдықтар мен құрылыс қоқыстарының заңсыз жинақталатын үйінділері – Қарағанды облысындағы экологтар мен жергілікті атқарушы органдар үнемі күресіп отыратын мәселе. Профилактикалық жұмыстарға қарамастан, рұқсат етілмеген полигондар қайта пайда болады.

Олар ғарыштық мониторинг арқылы анықталады. Көбінесе экологиялық заңнаманы бұзушыларды анықтау мүмкін емес. Сондықтан жергілікті атқарушы органдар қоқысты полигондарға шығаруға мәжбүр.

Заңсыз полигондардың ғарыштық мониторингі 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жылы облыс бойынша 1300-ге жуық заңсыз полигондар болған. 2023 жылы олардың саны екі есеге кеміді – 739.

Қарағанды облысы бойынша экология департаменті заңсыз полигондарға рейдтер жүргізуде. Қоқысты рұқсатсыз жинау фактілері тіпті мемлекеттік орман қорының аумағында да бар.

– Біз Қазыбек би атындағы аудан әкімдігімен бірлесіп, Қарағандыда аумақтарды тазарту бойынша іс-шаралар өткіземіз. Қалдықтарды қайда тастауға болатынын және онымен кім айналысатынын түсіндіру жұмыстарына қарамастан, кейбір тұрғындар талаптарды елемейді, қоқысты қажет емес жерге тастайды, – деп атап өтті Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің басшысы Дархан Исжанов. – Біз өңірде осындай рейдтерді осы аптадан бастап жүргізе бастадық және олар ауа-райы суығанға дейін жалғасады.

Рейдтердің негізгі мақсаты экологиялық білім беруді насихаттау, халықтың назарын қоршаған ортаның ластану проблемасына аудару болып табылады. Оларға аудан әкімдіктерінің мамандары да қатысады.

– Біз күн сайын аудан тұрғындарының шағымдары бойынша орындарға шығамыз. Полигондарды анықтаймыз. Егер олар рұқсатсыз деп табылса, ол жер мемлекеттік немесе жеке меншікте екенін анықтау керек. Егер жеке меншікте болса, оны тазалауды ұсынамыз, полициямен ескерту жасаймыз. Егер жеке меншік иелері шара қолданбаса, айыппұлдар жазылады. Қазіргі уақытта мердігерлік ұйымдар стихиялық қоқыстарды жою жұмыстарын жүргізуде, – дейді Қазыбек би атындағы аудан әкімдігінің тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Жалғас Жұмабеков.

Экология департаментінің басшысы абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар туралы айтып, облыс тұрғындарына қоршаған ортаға ұқыпты қарауды сұрады.

ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің «Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ инфрақұрылым нысандарын бұзу, қаланың және елді мекендердің жасыл желектерін жою және зақымдау» 505-бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30 АЕК, орта кәсіпкерлікке – 40 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 100 АЕК айыппұл салынады немесе ескерту жасалады.

– Біздің облыс тұрғындары қоршаған ортаға ұқыпты қарағанын қалаймын. Өйткені, рұқсат етілмеген жерлерде қалдыратын қоқыс уақыт өте келе үлкен полигондарға айналады. Сондай-ақ, 27 сәуір, сенбіде «Таза Қазақстан» акциясы аясында кезекті республикалық сенбілікке шығуға және облыс аумағында тәртіп орнатуға шақырғым келеді, – деді Дархан Исжанов.

Экология департаментінің мәліметінше, өткізілген сенбіліктер нәтижесінде 20 мың тоннадан астам қалдықтар жиналып, полигондарға шығарылды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *