Өзекті өртеген өрт

Бұл барлығымыздың кінәміз, салғырттымыз бен немқұрайлығымыз. Ішкі мәдениет пен тәртіптің оңды болмауынан. Қарқаралы ауданы мен Баянауыл өлкесінде шарпыған өртті меңзеп отырмыз. Жалпы, мұндай төтенше жағдайға, қайғылы оқиғаға әкелген жайт – өзімізден. Бәрі сіз бен бізден бастау алады. Өрт – тілсіз жау. Табиғат – қатал. Сіз тастаған бір шоқ – мәдениетсіздік пен абыройсыздықтан. «Табиғатты аялайық!» сөзі құр ұранға айналып кеткен. Шынтуайтында, әр жағында қаншама тәрбие жатыр. Ит екеш иттің өзі ластанбаған жерге сарымайды. Ойымызды тарқатайық!

Өрт 6 қазан күні Қарқаралы ауданы, Қоянды ауылының маңында құрғақ шөптің жануынан басталған. Дереу оқиға орнына орман шаруашылығының, ТЖД күштері мен құралдары және ерікті өртке қарсы құралымдар жіберілген.

Өртті сөндіруге ТЖД, ПД, ТЖМ ӘБ күштері мен құралдары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Кувск шаруашылықтары, ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі Қарағанды шаруашылықтары, Қарағанды мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – жалпы 306 адам және 37 бірлік техника жұмылдырылды. Жалпы көлемі 112 текше метрді құраған 62 рет су себу жүзеге асырылған. Соңғы мәліметтер бойынша, жағдай тұрақталды. Дегенмен, бақылауға алынып Қарқаралы ауданында төтенше жағдай жарияланды. «Қарағанды облысында табиғи өрт оқшауланды. Өртенген жер аумағы анықталуда», – деді ТЖД.

Өкінішке орай, өрт сөндіру барысында 24-ӨСБ азаматтық қорғау сержанты Хали Хайрат қаза тапты.

1991 жылы туған Хали Хайрат 2014 жылдың 12 мамырынан бастап азаматтық қорғау органдарында қызмет еткен. Ол Саран қаласында тұрған, жоғары кәсібилігі мен жауапкершілігімен ерекшеленген.

Қаза тапқан өрт сөндірушінің үйіне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, оның орынбасары Әлібек Әлденей және Саран қаласының әкімі Еркін Баулықов барды.

– Хали Хайраттың өртті сөндіру кезінде көрсеткен ерлігі – нағыз батылдық пен жанқиярлықтың үлгісі. Ол өз өмірін адамдарға қызмет етуге және туған жерін қорғауға арнады. Осы қайғылы сағатта біз қайғы азабын Халидің туыстарымен бөлісеміз, әрине, біздің сөздеріміз бен қолдауымыз бұл отбасына ардақты ұлы, аяулы әкені қайтармайды. Ол туралы естелік жарқын болсын, ал құтқарушылардың келесі буыны оның ісін жалғастыра берсін! – деп Ермағанбет Бөлекпаев Хали Хайраттың отбасына көңіл айтты.

Марқұмның отбасына жерлеу шараларын өткізуге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Үйде фельдшерлік және психологиялық қызметтер кезекшілік етеді. Отбасын қолдау бойынша барлық қажетті шара Қарағанды облысы әкімдігінің тұрақты бақылауында болады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Сотқа дейінгі тергеу басталды.

Алдын ала есеп бойынша 40 мың гектарға жуық аумақ өртенген.

Ерболт ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *