Алдағы он жылда Қазақстан энергияға сұраныс күрт өседі. Сарапшылардың айтуынша 2030 жылға қарай елдегі энергия тапшылығы 30 пайызға жуықтайды. Яғни жедел түрде жақын жылдары жалпы қуаты 26,5 ГВт болатын жаңа өндіруші көздерді іске қосу қажет. Осы тұрғыдан келгенде сарапшылар атом электр станциясы тығырықтан шығатын төте жол болатынына сенімді. Себебі атом энергиясы табиғатқа зиянсыз және экологиялық тұрғыдан қауіпсіз қуат көзі саналады. «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан ӘМІРТАЕВ та ғалымдардың бұл пікірі орынды екенін айтып отыр.
Бүгінде дүниежүзіндегі дамушы елдер көмірден бас тартып, атом энергетикасына арқа сүйей бастады. Ал Қазақстанда көмірдің үш ғасырға жететін қоры бар. Осы тұрғыдан қарағанда жұртшылық тарапынан көмірі мол Қазақстанға ато электр станциясының қажеті қаншалықты деген сұрақ туындайтыны заңды.
Бұл сұраққа ғалымдар бірнеше тараптан қарастырып жауап беріп отыр. біріншіден қоршаған ортаны қорғау мәселесі. Көмірді өндіру және тұтыну кезінде табиғатқа орасан зиян келеді. Атмосфераға миллиондаған тонна зиянды қалдық ұшады. Бұл елдің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша дүниежүзілік қауымдастық алдындағы міндеттемесін орындауға жол ашады. Және өндіріс пен экономиканы дамыту үшін атом энергетикасы өте арзан қуат көзі болып отыр. Сондықтан 6 қазанда ато электр станциясын салу бойынша өтетін референдумның ел дамуын айқындаудағы ролі зор болмақ.
Осы орайда «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өздерінің тарапынан да тиісті жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Және партия төрағасы энергия тапшылығы туындап отырған сәттерден нақты мысалдар келтірді.
Президент өз Жолдауында референдум жайлы мәдлімдеген сәттен бастап бір кісідей жұмылып жұмыс істеп келеміз. Атом электр станциясы алдымен энергия тапшылығын жою үшін керек. Мәселен, түрік инвесторлары 500 млн долларға Кентау байыту комбинатын іске қосуда. Энергия жоқ. Көбісі атом энергиясын жел, күн энергиясымен салыстырады. Алайда оның тұрақсыз екенін ұмытпайық, – дейді Азаматхан Әміртаев.
Соынмен қатар партия төрағасы экологиялық жағынан келгенде де атом электр станциясының маңызы зор екенін тілге тиек етті.
Қазақстан 2016 жылы Парижде климаттың өзгеруіне байланысты келісімге қол қойды. Келісім бойынша 2030 жылы еліміз көміртекті ауаға шығаруды 15-20 пайызға дейін төмендетуге тиіс. Егер 2016 жылы 323 млн тонна көміртегі ауаға жіберілген болса, бүгінгі күні 353 млн тоннаға артты. Яғни, азайтудың орнына өсіріп отырмыз. Ал 2030 жылы халықаралық ұйымдар экологиялық ахуалды қайта тексеріп, есеп алады. Бұл мәселені қалай шешеміз? Атом электр станциясының ауаны ластау деңгейі өте төмен. Біздің партия жаңа жобаны, жасыл экономиканы толықтай қолдайды, – дейді ол.
Қазір елдегі саяси және қоғамдық ұйымдар АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабқа бірікті. Штаб құрамында 6 саяси партияның, республикалық қоғамдық бірлестіктің атынан келген 250-ге жуық мүше бар. Штабты құрудағы басты мақсат – халық арасында кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жалпыұлттық маңызы бар идея маңайында тұтастыру болып отыр.
Жақында AMANAT партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов штабтың алғашқы отырысын өткізді. Жиында Ерлан Жақанұлы АЭС құрылысының мән-маңызына тоқталды. Мәжіліс спикерінің айтуынша, қазір Қазақстан электр энергиясының тапшылығын сезініп отыр. Сондықтан көрші елдерден импорттауға мәжбүр.
АЭС құрылысы – Қазақстанның алдағы ұзақ жылдардағы табысты дамуының кепілі болатын серпінді жоба. Еліміздегі және әлемдегі барлық озық ойлы тұлғалар атом энергетикасын пайдаланудың тиімділігін жақсы түсінеді. Бұл – ең алдымен, қауіпсіз, сенімді, экологиялық таза жоба. Біз үлкен таңдау алдында тұрмыз. Сондықтан Халықтық штабтың міндеті – ел арасында кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қоғамды АЭС-ті қолдауға жұмылдыру. 6 қазанда өтетін референдум біздің бірлігімізді көрсетеді, – деді Ерлан Жақанұлы.
Қазіргі таңда Халықтық штаб құрамында құрамында «Ауыл» партиясы, «Ақ жол» Қазақстан демократиялық партиясы, «Respublica» партиясы, Қазақстан халық партиясы, «Байтақ» партиясы, Қазақстан Азаматтық альянсы, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ, «Жастар Рухы» жастар қанаты, Ұлттық спорт қауымдастығы, «Ассамблея жастары» РҚБ, Қазақстанның Ядролық қоғамы, Тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындары қауымдастығы, Қазақстан электр энергетикалық қауымдастығы және басқа да ұйымдар бар.
Манас АҚСАРЫ.