Жарқ еткен жұлдыз

Академик Ебней Бөкетовтің 100 жылдық мерейтойына орай шетел тілдері факультетінің шетел тілдері кафедрасының оқытушыларының ұйымдастыруымен бірқатар мәдени мерекелік іс-шаралар өтті. Соның бірі арнайы шақырылған қонақтардың қатысуымен ерекше есте қаларлықтай өткен кездесу. Қонақтар қатарында филология ғылымдарының докторы, профессор, шетел тілдері факультетінің негізін қалаушы Бөкетова Н.Ы., шетел тілдері факультетінің ардагер ұстазы, доцент Қағазбаев Ж. А., экономика факультетінің доценті Қазбеков Т. Б., сондай-ақ тарих факультетінің аға оқытушысы Аймақов Е. Н. болды.

Келген қонақтар мен студенттер Нұрсұлу Ыбырайқызының жетекшілігіменен шығарылған бейнефильмді тамашалады. Кездесуде қонақтар Ебней Арстанұлының өмір жолы, оның ғылым мен білім саласына қосқан зор үлесі,  ғылыми жетістіктері жайлы маңызды да қызықты мәліметтермен, естеліктерімен бөлісті. Ебней Арстанұлының ғылыммен ғана шектеліп қоймай, әдебиетке, поэзиға қызығушылығының жоғары болғаны тілге тиек етіліп, Нұрсұлу қонақтар өлеңдер оқып, поэзиядан сыр шертіп, тыңдармандарды бір сергітіп тастады.

Бұл тамаша сәтті студенттер ән, күй, би сынды өнерлерін ортаға салып жалғастырып әкетті, кездесуге ерекше атмосфера сыйлды.

Олар Ебней Арстанұлына арнап өздері шығарған қазақ және шетел тілдеріндегі өлеңдерін көрермендерге тарту етті. Студенттердің жүректерінен шыққан өлеңдегі тұлғаға деген құрмет, алғыс, мақтаныш әр тыңдарманның жүрегінен орын алды, бұл студенттердің тұлғаның өмірбаянына бей жай қарамайтынын көрсетті және нәтижесінде «Өлең жинағын»  шығару ұйғарылды.

Іс-шара соңында Жаңбырбай Ахметұлы студенттерге арнап шабыт беретін арнайы тренинг өткізіп, олардың болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталған құнды кеңестерімен бөлісті. Кездесу барша қатысушылар мен қонақтарға ерекше әсер қалдырып, мерейтойлық мәдени шараның жоғары деңгейде өткені, сондай-ақ Евней Бөкетовтің мұрасының ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатыны ерекше атап өтілді, қатысушылар естелік сыйлықтарға ие болды.

Сонымен қатар, бұл шараның жалғасы бейнеролик сайысы түрінде ағылшын, неміс, француз, қытай тілдерінде 1-ші курс студенттері арасында өткізілді.

Студенттердің жұмысына баға берген әділқазылардың қатарында факультетіміздің оқытушыларымен бірге Қазақстан Республикасындағы АҚШ пен Франция Елшілігі бағдарламасы бойынша жұмыс жасап жатқан шетелдік оқытушылар Джон Марусчак және Элен Гарнье де болды. Шетелдік әріптестеріміз де студенттердің жұмысына тәнті болып, жоғары баға берді. Жүлделі орын алған студенттер мерекелік шарада марапатталды.

Сонымен, өткізілген мерейтойлық шаралар тек жарқын, есте қаларлық оқиғаға ғана айналып қоймай, сонымен қатар Ебней Арстанұлының мұрасы оның оқушылары мен ізбасарларының жүректерінде және саналарында мәңгі қалатынын растады. Бұл тамаша сәт баршамызға шабыт, шығармашылық сыйлай отырып, ұзақ уақыт бойы есте сақталып, ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтып, еліміздегі ғылыми және мәдени дамудың жоғары деңгейін қолдауға ықпал ететін болады деген сенімдеміз.

 

Шолпан Төлеубаева,

Жанар Көпеева,

Е. Бөкетов атындағы

Қарағанды зерттеу университетінің

шетел тілдері факультетінің

аға оқытушылары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *