Қарағанды облысының барлық қаласы мен ауданында «Жасыл ел – 2024» жастар еңбек жасағы жұмысқа кірісті. Оған аймақтың 14 жастан 34 жасқа дейінгі (қоса алғанда) тұрғындары қатысуда. Жауынгерлер елді мекендерді көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізеді, түрлі тақырыптық іс-шара мен экологиялық акцияға қатысады. Биыл «Жасыл ел» жастар еңбек жасағына 4 800 адам кірді.
Қарқаралы ауданы бойынша «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтары сарбаздарының жұмыстары 1 маусымда басталды.
Соның ішінде биылғы жылы Қасым Аманжолов ауылдық округіне «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағына 4 орын бөлінген болатын. Еңбек жасағына қатысып жатқан сарбаздар 18 жастан 35 жас аралығындағы азаматтар.
– Қасым Аманжолов ауылдық округіне «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағына жастарды қабылдау барысында негізгі ден көп балалы отбасы, әлеуметтік осал топ, мүгедектігі бар азаматтарға қойылды, – дейді «Қасым Аманжолов ауылдық округі әкімі аппараты» ММ-нің бас маманы Елдар Құмарұлы Жұмажан.
Жұмыссыздарды жазғы маусымда еңбекпен қамтып, өз напақасын тапсын деген ниетте құрылған жасаққа осы ауылдан 4 адам қабылданды.
Айта кету керек, оның ішінде 1 адам – көп балалы отбасыдан шыққан, 1 жұмысшы – 3 топ мүгедек, 1-і – әлеуметтік осал топтағы отбасыдан шыққан, 1 адам – студент.
Қазіргі уақытта «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының сарбаздары ауылдық округ орталығында абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен айналысып жатыр.
Әділ БЕК