Облыс көлемінде жүзеге асып жатқан жобаларға партиялар мен қоғамдық кеңестер тарапынан тұрақты бақылау жүргізіліп отырады. Әрине, халық игілігіне қызмет етуге тиіс бұл жобалардың кемшіліксіз жүзеге асқаны атқарушы билікке де керек. Сондықтан әр тараптан жасалған бақылау жұмыс сапасын жақсартпай қоймасы анық.
Аймақтағы жолдар сапасы тұрақты назарда. Облыс әкімдігімен қатар, жергілікті кеңестер де қырағы назарда ұстап отыр. Соның арқасында кейінгі жылдары кетеуі кете бастаған жолдарға жөндеу жұмыстары жасала бастады.
Бүгінде Қарағанды-Теміртау автожолындағы ақауларды жою жұмыстары басталды. Мердігер ұйым 240 бетон плитаны ауыстырып, жалпы ұзындығы 11 712 метр цемент-бетон жабынындағы жарықтарды жоюға тиіс. Жалпы ұзындығы 15,6 шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
Қарағанды-Теміртау тасжолы – елорданы елдің оңтүстік өңірлерімен қосатын Орталық-Оңтүстік маңызды көлік дәлізінің бөлігі. Тасжолды күрделі жөндеу жұмыстары 2017 жылы «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында басталған еді.
Жалпы, Қарағанды облысында партиялық бақылау жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Мәселен, Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша жол картасына 137 шара енгізілген. Жобалардың басым бөлігі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған. Қазіргі уақытта жобалардың дені мәреге жетті. Бүгінде 16 проблемалық мәселе бойынша партия тұрақты бақылау жасап отыр. Олардың шешу жолдары партияның кеңейтілген тұрақты отырыстарында қаралып тұрады.
Манас АҚСАРЫ