Өткен күн – тарих

Ауған соғысы да адамзат тарихына жазылып қалды. Бұл майданға 22 мың Қазақстандық жауынгер-интернационалист қаттысса, оның 1 000-ға жуығы соғыс даласынан оралмаған. 1988 жылы сәуірде Кеңес үкіметі әскери бөлімдерін әкете бастады. Соңғы әскери колонна 1989 жылы ақпанның 15-і күні Ауғанстан жерін тастап шыққан.

Осы соғыста қаза тапқан 1 000 жауынгердің 86-сы қарағандылық азамат. Арасында тіптен хабарсыз кеткендер де бар.

Қарағанды облысының Ауған соғысы Ардагерлері және мүгедектерінің одағы қоғамдық бірлестігі төрағасы, полковник Серғали Жұмағұлұлы Тоқтабеков:

– 9 жыл, 51 күнге созылған соғыс аяқталып, 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскері Ауғанстан жерінен толықтай шығарылды. Қарағанды облысы бұл соғыста 86 азаматын жоғалтты. 2 адам із-түзсіз кетті. Жыл сайын 15 ақпанда Жеңіс саябағындағы Ауғанстандағы соғыс ардагерлеріне арналып соғылған ескерткіш-обелискке жиналып, марқұмдарды еске алып, гүл шоқтарын қоямыз, – дейді.

Ауған соғысы ардагерлеріне бүгінгі күні көмек беріліп тұрады. Бірақ, 2020 жылы жаңа «Ардагерлер заңы» шығып біраз жеңілдікті алып тастаған. Мысалы ұшақ пен поезда тегін жүру мүмкіндігі заңда қарастырылмаған.

– Ай сайын 26 500 теңге арнайы мемлекеттік жәрдемақы, жылына бір рет 15 ақпанда 200 мың теңге аламыз, – дейді Серғали Жұмағұлұлы.

Сонымен қатар ардагерлер қоғамдық көлікте арнайы «Оңай» картасымен тегін жүреді. Жылына бір рет 305 мың теңге бөлініп, санаторийда ем алады.

Ардагерлер  мектеп, колледж, институттарда оқушы, студенттермен кездесу өткізіп ерлік сабақтарына қатысады.

Облыс аумағында арнайы іс-шаралар да жалауын желбіретеді. Майдангерлерді еске алу мақсатында жарыстар ұйымдастырылып жатқаны тағы бар.

Сонымен қатар жыл сайын Ауған соғысының ардагері Қызыл ту орденінің иегері Теміртау қаласының тұрғыны Мейрам Кәрібаев волейболдан турнир өткізіп тұрады.

– Мейрам Кәрібаевты нағыз батыр десек те болады. Оны уақытында Батыр атағына да ұсынған, бірақ солақай саясат тек Қызыл ту  орденін беріп қоя салған. Ауған майданында екі аяғынан айырылса да, өзінің ерік-жігерінің арқасында бүгінде арамызда ерлік сабағын өткізіп жүріп жатыр, – дейді Серғали Жұмағұлұлы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ