Толғанай АЙТБОЛАТҚЫЗЫ: «САНДЫҒЫН АШЫП САҒЫНЫШ ДЕРТКЕ ТОЛЫ ІШТІҢ»

1991жылы Қарағанды облысы Шет ауданы Ақжал кентінде өмірге келген. Ш.Батталова атындағы орта мектебінен кейін Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың филология факультетін тәмәмдаған.

Жастайынан шығармашылыққа жақын боп, «Абай оқуларының» облыстық кезеңінің жеңімпазы.

«Толған ай-тұмар, жыр-жүрек» өлеңдер жинағы 2019 жылы жарық көрді. Бірнеше әннің авторы.

Мәдениет, кітапхана саласының белді қызметкері.

«Шырақ» тілдерді оқыту орталығының әдіскер-оқытушысы.

 

Бала шақтан болашаққа…

 

Қуыршақты қыз есейіп, дала көріп,

Өзгешелеу боп барад(ы) сана, көрік.

Уақыт зырғып тоқтамай, жетіппін мен

Есейетін шаққа кеп, бала болып.

 

Бейқам тірлік ананың құшағында,

Намыс деген бойымның күші-арымда.

Бал сезімді қамсыз кез алаңы жоқ

Қалқып барад(ы) балалықтың ұшағында.

 

Айтылатын балауса айнаға әнім,

Естелікпен соларды ойға аламын.

Қолымдағы қуыршақты бөпе санап

Есімде әлі, көрші қызбен ойнағаным.

 

Анамның қалмайтын қыз қасынан да,

Кез келгенге мойыған ба, жасыған ба,

Ағам тиіссе, бар даусымен жылайтын қыз

Сөз асырмас күйге енді басынан да.

 

Тоқтамайтын уақыттың дөңгелегі,

Адамдарға емес қой сол керегі.

Мектептегі не болғанын жасырмас қыз

Қазір үнсіз қалуды жөн көреді.

 

Қыз – қылықты, лайық боп аялауға,

Басып кейде «бой жетер шақ таяды-ау»-ға.

Әкем бейбақ есеюге қызын қимай

Анам байғұс ақылын аямауда.

 

Кез жеткенше, қыздардың сәні – ошақта,

Ақ орамал тәжі боп басқа қонар шақта

Тағдыр деген арнаның жолын бастар

Бала шақтан барамын болашаққа…

 

P.S

Өрнектеліп жолдармен ой бағалы,

Өмір деген таусылмас айла-амалы.

Таңдамаған тағдырын кішкентай қыз

Толған айға еркелеуін қоймады әлі…

 

***

Қайырмасы секілді айтар әннің,

Балалықты сендегі қайтарар кім…

Деген сұрақ санамда жаңғырумен

Ауылым-ай, өзіңе қайта оралдым.

 

Сендегі күндер бөлек бір-бірінен,

Күндіз ойнап, жазатын жыр түнімен.

Жарық сыйлап тұратын әлеміме

Шабыт жинап алушы ем қыр гүлінен.

 

Тұлпарыңның тұсалған бағын аштың,

Бишіңдеймін, тірілткен жаңбыр астын.

Бозторғайың боп сен деп шырылдайтын

Қияңды аңсап, құмартқан қарлығашпын.

 

Туған ауыл… сағыныш бар саған деген

Суреттеліп сен жайлы санамда өлең.

Сыртқа ұзасам түседі әлі де еске

Құрт жаятын күндерім анамменен.

 

Есімде әлі, тұнығыңа малынған сәт,

Содан жастық жүрекке жалынды алсақ.

Қаланың күйбеңінен шаршағанда

Жүрмін бейқам балалық шағымды аңсап.

 

Туған ауыл.Туған жер бөлінбейтін.

Топырағыңнан нәр алған өңім, кейпім.

Алыс кетіп, сағына оралғанда

Алтын құрсақ анамдайсың төлім дейтін.

 

Шығаратын қонағын төрге тегі,

Қыз бой жетіп, бозбалаң да ер жетеді.

Көк шапанды киіп ап, кеш батқанда

Көп көшеңді кезгенге не жетеді?

 

Додаларда оза шауып, бір дес бермей,

Көкпарыңды күнде ойнатар күй кешкендей.

Тақымыңды қысатын қалпың мына

Ақыныңның жырымен үйлескендей.

 

Қалмасын деп уақыттың көші кейін,

Қалалықпын деп несіне есірейін

Көп қабаттың балконында жыр жазғанша

Ауылымның кеңдегінде көсілейін.

 

Ағайынның ауылдас арайымен,

Аунап қунап ауылдан алайын ем

Түрілместен жыр түңдігім, тұншыққанша

Сүрінбестен сәйгүлік боп шабайын мен.

 

Абыройыңды ауылым еселейін,

Тарихыңды таратып кеше, кейін.

Көп қабаттың тұрғанша төбесінде

Топырағың боп табаныңа төселейін

 

Ауылым ай…

бәрі сенде адамға керектің де

Қызығатын көрік бар келбетіңде.

Қазыналы қойнауыңмен қымбат маған

Алтын мекен өзіңсің жер бетінде!

 

Муза

О,Муза!

Сағынышымсың кеудемнен ешбір өшпеген

Ғаламатымсың, ғашықтар бастан кешпеген,

Жалғыздық жыры жалмаған шақта жалғанда

Өзіңнен құнды қалмады-ау жанда ештеңем.

 

Сезіне сендік әлеммен үндес жарқылды

Жырымды жалғап, сырымды бөліс сәл, түнгі…

Жалғыз сен Муза, жалыныңменен өртеген

Сезіндірместен сағым лебінінен салқынды.

 

Сандығын ашып Сағыныш дертке толы іштің,

Табысқанымша, елеңдеп күттім жол үстін.

«Өмір = (тең) Өлең», «Өлең – Мен – Өмір» жол сырын

Құдай-ау, Музам, өзіңмен ғана бөлістім.

 

Әуенге тербе,

тербеле ұшты құста әні,

сағына түстім, шыққанмен мұңым тысқары.

Жалының өртеп, қабығын тәнім ашысын

Құшақтай түсші…

құш тағы!

 

Жанарымдағы тұрғаны толып ішімде,

Үлбіреп жаным қалғандай осы үшін де.

Өңімде ғана өлең боп, Музам тізілмей,

Жолығайықшы түсімде?

 

Тағдыр жүгін артқандай алты нарға,

Сағыныштың мөлдір мұңы артылар ма…

Айналайын, жарықтық Музам менің

Өлең атты тәжімді тартып алма….

 

***

Жан күйімнің жабыға нәрін іштім

Мен өлең!

Өлең толы сағынышпын.

Тізбегі тағдырының дараланған

Күздегі сағынышты тағы құштым.

 

Жанарыма толғандай жыры әлемнің

Мен әуеннің үндескен сыңары едім.

Күйігім де өзімнің жанымды орар

Биігінде сезімнің тұрар едім.

 

Сенім деген кірлеген жатқа қанша

Қорғамайтын қалпымды оққағарша.

Жаңылыстан жапа шеккен жүрек бейбақ

Сағыныш деп соғады-ау тоқтағанша.

 

Айта алмастан күндерге, шақтарға сын

Ажырамай бағалы бақтан басым.

Қыз мұңымды күздегі өлең еткен

Сағынышым жапырақ боп тапталмасын.

 

Адалдықты әспеттеп арым үшін

Өлең өртім, көңілдегі жарылысым.

Жарлығында Тәңірдің жазылғандай

Тағдырымда таңбаланған сағынышым.

 

***

Сезім болып себелеген жаңбыр, қар,

Жан пәктігін болмас ешбір тән былғар.

Екеумізге ең ортағы өмірде

Қосылуды бұйырмаған тағдыр бар.

 

Еске алушы ем, жаттап алып сөзіңді әр.

Көп ішінен түскен саған көзім дәл.

Екеумізге ең ортағы өмірде

Ешкім ұға алмай жүрген сезім бар.

 

Жалғыздықтан жанның дерті қаланар

(Жүрегіңе сәлемімді ала бар)

Арамызды жалғағанмен хат хабар

Екеумізді бөлген екі қала бар.

 

Бағасынан төмендеген жалғанда ар

«Бақытсыздың» бақыт күнін армандар

Біздің әлем сұрықсыздау көрінер

Айналада ұға алмайтын жандар бар.

 

Түсінгенге түннен қапас түнек бар

Түннен күнге жалғасшы дер тілек бар

Екеумізге ең ортағы біздерде

Үнсіз күймен сүйіп жүрген жүрек бар…

 

Жырауларша…

(Бұқар жырауша)

Жырлайын мен де ендігі

Жалғаумен ізін бабаның.

Жан бітіп, тулай жөнелді,

Қолыма алған қаламым.

Мынау бір жалған дүниеде,

Өзгеріп барады адамың.

Арамдық толған ішінен

Адасып басқан қадамын.

Бәріне күйе жағылмас,

Табарсың, іздеп адалын.

Саудагер қарыз бергенге,

Зорғысын айтып табаның.

Есерің алар жазасын,

Мөлшерін білмей шаманың.

Ашкөздер жүр ғой арада,

Қалдығын сарқып саманың.

Қазақ бол білмей тіліңді,

Жүргенің сөзге күрмеліп,

Сол шығар, қазақ, жаманың.

Тыныштық кетер, бірлігің,

Қытайлар жатса бүгінде,

Жаулап ап жердің қамалын.

Қыздарың шығып жат елге

Аралас ұлтты болғаны

Жақсы ма бала-шағаның.

Қазақтың жерін бөле алмай,

Қырылғаны өз ішінен,

Жақсы ма іні-ағаның.

Түріңтен болған тектілік,

Қалдырған ерлік үлгісін,

Тоныкөк, Білге қағаның.

Солардан келген қайсарлық,

Бүгінде құнсыз ер аты

Арзаны сынды бағаның.

Билікте жүрген кей «аға»

Пайдасы үшін басының

Біледі кімге жағарын.

Желініп жатса ел қоры

Жарлыға тағар кінәні,

Білместен кімге тағарын.

Сыртыңнан келген дұшпаның

Жаулап та барад(ы) ақырын,

Елімнің қала, шаһарын.

Дінсіздік, лаңкес, жауызың

Қаншама қанды төккізіп,

Шақырды Алла қаһарын.

Ұрлыққа түсті ұлдарың,

Оңай бір жолмен жандарын

Білместен қалай бағарын,

Түн кезді қыздар қаракөз,

Ысырып ұят-намысты

Саудаға салып ақ арын.

Әй, бірақ, қазақ бауырым,

Білеміз анық күннен соң,

Күннің де барып батарын

Қараңғы жапқан түннен соң,

Жақсылық сыйлар және де

Қызарып таңның атарын.

Сауданың несі ырысты,

Арамнан болып келсе егер

Нәпақа тапқан сатарың.

Құлдыққа жегіп қинама,

Тамырың болса адамнан,

Ойыншық санап жат арын.

Қазақ боп туған ер болсаң,

Кең жерің туған мекенде

Болсыншы үйір, отарың.

Мұсылман болсаң иманды

Шариғат қарсы некесіз

Болмасын қостан тоқалың.

Іңгәлап қоқыс, балшықта,

Сәбилер жылап жатпасын,

Көзіндей мөлдір ботаның.

Жаһанға атын таратқан,

Әлемді сөзсіз қаратқан.

Жар болған жалғыз Жаратқан

Болсыншы аман ОТАНЫМ!

 

***

Ағайынның пайдасы не

Өшсең, түтіп, жүндейтін

Қолдауды еш білмейтін

Түймедейге ренжісіп

Сөзбен жанды тілдейтін,

Өссең, шалып аяқтан

Іштарлықпен көре алмай

Қызғаышын жеңе алмай

Қуаныш, той асыңа

Шын ниетпен келе алмай

Артса дәулет ырысың,

Дайындап кеп ұрысын

Жақын тартпай бездірген,

Пейілін «ақ» сездірген

Ағайының құрысын

 

Көрші ақысын Тәңірдің

Хақысы дер ұғымнан

Ағайыннан пайда не

Қатар тұрып қырылған.

Мәз боп іштей қуанып

Кездеріңе жығылған

Жаман көрші сөз айтар

Сынын айтып, мін айтып,

Ондай көршің болғанша

Жеке тұрған мың артық

 

Дос дегенің табылмайды

Заман көші өзгеріп

Жақсы досың арылмайды

Желеу, босқа сөзге еріп.

Жақсы доспен күнің жеңіл

Басқан жері гүл көктеп

Жаман доспен жалған көңіл

Жүрер ісін міндеттеп

Адал түрмен алдыңа кеп

Итше тістер балағыңнан

Залымдығың онсыз да көп

Сақта достың арамынан