Түркістан – мәңгілік мұра, қасиетті қала

Бұл сапар өзгелерден ерекше рухани сапар болды. Ағымдағы жылдың 26-27 наурыз күндері Түркістан қаласының орталығында орналасқан «Ұлы Дала Елі» орталығының  5 жылдығына арналған «Ұлы Дала өркениеті: Тарих пен тағылым» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысып қайттым.

Конференция өте жоғары деңгейде өтті. Еліміздің бірнеше облысынан келген музей мамандары конференцияда жасанды интеллект, цифрландыру, музейдің туризмдегі рөлі секілді өзекті мәселелерді кеңінен талқылады.  Конференция соңында қатысушылар қарар жобасын қабылдап, консультация үшін уәкілетті органдарға жіберуге уағдаласты.

Қазіргі жаһандану, цифрландыру және ақпараттық қоғам жағдайында тарихи және мәдени мұраны сақтау мен ұсынудың дәстүрлі әдістері трансформациялануда. Музейлер экспонаттарды сақтау орны емес, тарихи жадты жаңа форматта ұсынатын және қоғаммен белсенді коммуникция орнататын мәдени мекемелерге айналды.

«Қай халықтың болсада рухани әлеміне саяхат оның көне ескерткіштерімен, тарихи орындарымен танысудан басталады», деп еліміздің біртуар азаматы Өзбекәлі Жәнібеков атамыз айтқандай, бүгінгі өскелең ұрпаққа тәрбие беруде, музейлердің  танымдық тұлғалық жетекші рөл атқарары сөзсіз. Осы бай дүниелермен танысу үшін ең бірінші сол елдің, елді мекеннің, қаланың музейімен танысқан абзал.

Түркістан қаласы облыс орталығына айналған кезде әрбір өңір жаңа мәртебеге ие болған шаһарға сый ретінде құрылыс салып түркістандықтарға сыйға тартқан екен «Ұлы Дала Елі» орталығы — Атырау облысының сыйы. Түркі әлемінің тұмарына айналған Түркістанда өз қолтаңбаларын қалдыру мақсатымен ғимараттың сыртын «жайықтың толқынындай тулап тұрсын» — деген ниетпен көк түске бояса керек. Адамзат баласының қиялында шек жоқ қой, шіркін! Шынында да, айналасынан ерекшеленіп тұрған ғимарат тулаған теңіз толқыны секілді! Әдемі-ақ! Алыс-жақын шет елдерден, еліміздің түкпір-түкпірінен Түркістанға табан тіреген әрбір турист, әрбір мейман, арнайы саммиттер мен конференцияларға, түрлі жиындарға келген делегаттар «Ұлы Дала елі» орталығына  ат басын бұрмай кетпиді екен.

Орталық 2021 жылдан бастап халыққа қазмет көрсете бастапты.

Түркістанның әкімшілік-аумақтық жаңаруы еліміздің мұрасын, түркі бірлігінің заманауи тұжырымдамасын қалыптастыру тұрғысынан таныстыруға арналған Ұлы Дала елі орталығы ең көрнекті нысанның бірі.

Орталық 8 экспозициялық аймақтан тұрады:

  1. «Ұлы Дала металлургиясы»
  2. «Ұлы Даланың салт аттылық мәдениеті»
  3. «Ұлы Дала жауһарлары»
  4. «Қазақстан – түркі әлемінің қара шаңырағы»
  5. «Қазақ хандығы»
  6. «Ұлы Даланың қала мәдениеті»
  7. «Болашақ Қазақстан»
  8. «Қазақстан — алма мен қызғалдақтың отаны»

Осы тамаша залдарға музейдің экскурсия жетекшісі, экскурсия өткізіп таныстырып шыққан соң Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің аумағына шолу экскурсия жасадық Хандар монументі, Шынартөбе, сияқты көрікті жерлерге естелікке суретке түсіп, қай  ғимараттарды қай облыс сыйға тартқанын тыңдап  тамаша бір рухани ләззат алып ерекше эмоцияға бөлендік.

Конференцияның екінші күні қасиетті, киелі жерлерге саяхаттан бастадық Қожа Ахмет өлерінде маған келетін адам ең алдымен Арыстан бабтың басына зиярат етсін деп өсиет қылыпты. «Арыстан бабқа түне, Түркістандағы Әзірет Сұлтаннан тіле» деген сөз содан қалыпты. Бізде алдымен Арыстан баб кесенесіне барып зиярат жасап, одан соң мемлекет қайраткері, этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты, қазақ мәдениетінің нағыз жанашыры Өзбекәлі Жәнібеков атамыздың басына құран бағыштап, одан әрі Отырар қалашығына ат басын бұрдық. Түркістан облысындағы ең көне қалашықтың бірі Отырардың өзінің тарихы өте тереңде жатыр, осындай тарихы терең, қонауындағы әр тасы тарихтан сыр шертетін қасиетті жерге барып топырағын басудың өзі керемет бір әсер сыйлайтыны сөзсіз.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидай бабамыз дүниеге келген жерге барып, тарих қойнауына үңілу мен үшін үлкен мәртебе болды. Кезінде тек Қазақстан тарихы кітабынан ғана оқып білген қаланы өз көзіңмен көріп, топырағын басудағы әсерді  сөзбен жеткізу мүмкін емес. «Жүз рет естігенше, бір рет көр»-деген сөздің төркінін тағы да тереңнен ұққандаймын.

Одан соң әрине Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың мавзолейіне бардық, мұндағы Тайқазанға қалай тоқталмай кетесің?

Тайқазан Қазақстанға қалай оралды?

Төрткүл дүниеге аты мәлім, түркі жұртының рухани мұрасының бірі-Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі Тайқазанның тағдыры талай тарихи кезеңдермен байланысты. ХХ ғасырдың басында кесенеден әкетіліп, Санкт-Петербургтегі Эрмитаж музейінде ұзақ жыл сақталған бұл қасиетті жәдігердің елге қайта оралуы оңай болған жоқ.

Тайқазанның тарихи отаны — Түркістанға қайта жеткізілуіне мемлекет және қоғам қайраткері, тарихшы-этнограф Өзбекәлі Жәнібековтың еңбегі ерекше. Ол ұлттық мұраларды түгендеп, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру ісіне бар күш-жігерін жұмсады. Жәнібековтың бастамасымен Тайқазан қайтадан Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне әкелініп, өз орнына қойылды. Бұл оқиға қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртып, ұлттық құндылықтарды сақтаудағы маңызды кезеңдердің бірі болды.

Бүгінде Тайқазан тек сәулет ескерткішінің бір бөлігі ғана емес тұтас ұлттың рухани символына айналған жәдігер. Оның елге оралуы-қазақ халқының мәдени мұрасын қорғау жолындағы үлкен жеңістердің бірі. Ал осы тарихи істің жүзеге асуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың қатарында Өзбекәлі Жәнібековтың есімі айрықша аталады.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесі – аса үлкен порталды, күмбезді құрылыс, ғимарат 8 бөлмеден тұрады: 1.Қазандық — мұнда тайқазан орналасқан. 2.Үлкен Ақсарай – мұнда белгілі қазақ ханы Абылай ханның құлыптасын көруге болады. 3. Кіші Ақсарай – Мұнда барлығы 43 құлыптас бар. 4. Құдықхана- құдығы бар бөлме. 5. Кітапхана – Бұл залда көне қолжазба кітаптарының, баспа басылымдарының кітапханасы орналасқан. 6.Асхана – мұнда ескі пештер, қазан, ағаш астаулар сақталған. 7. Қабірхана- Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі. 8. Мешіт – намаз оқитын орын. Осы жерлердің бәрін аралап бабаларымызға құран бағыштап, дұға жасап қайттық.

Тамаша тарихи, қасиетті жерлерді аралатып, осындай әсерлі экскурсия жүргізіп, жан тебірентер рухани ләззәт силаған әріптестерім «Ұлы дала Елі» орталығының ұжымына және сол ұжымды басқарып отырған Гүлжанат Ибраһимқызына алғысымыз шексіз,  орталық қызметкерлерін 5 жылдық мерейлі меретойымен құттықтаймыз, орталықтағы әріптестерімізге зор денсаулық, еңбектеріне табыс, шығармашылық шабыт тілейміз. Алда алар асуларыңыз бен бағындырар белестеріңіз көп болсын! Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, халық игілігі үшін атқарып жатқан  қызметтеріңізге сәттілік тілеймін.

 МЕЙРАМГҮЛ  ЕЛУБАЕВА

Мәдениет саласының үздігі.

Қарағанды облыстық

бейнелеу өнері музейі

басшысының орынбасары