ҒҰМЫРДЫҢ 70 ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕСІ

Ауылдас, сыныптас адамның тұлғалық өсуін байқау үшін кейде сырттай қарау керек екені рас. Өзіміздің Әкім немесе ауыл баласынан бүгінгі деңгейіне дейінгі жол 70 жылдық адам өмірінің қайталанбас тағдыры, қуанышы мен реніші аралас ұмытылмайтын тәтті күндердің көрінісі, бар мен жоқты саралайтын есеп беру кезеңі деп ойлаймын.

Адам баласының бір қызығы бірге өскен досының, замандасының жетістігін кейде байқамай қалып жатады. Көз алдыңда сол баяғы мектептегі сөмкесін арқалап, асыр салып жүрген тентек бала елестейді де тұрады. Бірақ уақыт – ең үлкен сыншы. Ол адамның қалай қалыптасқанын, қалай толысқанын және айналасына қаншалықты пайдасы тигенін саралап береді. Әкімнің бүгінгі 70 жасқа толған мерейлі белесі – осы ойдың айқын дәлелі.

Ұстаздық жол – ұлы соқпақ. Біз оны бала кезден білсек те, оның шын мәніндегі «биіктігін» әріптестері мен шәкірттерінің ілтипаты арқылы тани түстік. Ол еңбек жолын қарапайым мұғалімдіктен бастады. Білім беру саласындағы әрбір баспалдақты саналы түрде басып, мектеп басшысына дейін көтерілді. Бұл – тек мансап емес, бұл – жауапкершілік. Жүздеген баланың тағдырына жол сілтеп, ұжымның бірлігін сақтау кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс.

Әкімнің басшылық қызметтегі ұстамдылығы, әр іске тиянақтылығы оның кәсіби деңгейінің өскенін, азамат ретінде толысқанын көрсетті. Бірге қызмет істеген жандар оның талапшылдығымен қоса, адамгершілік биігін де ерекше бағалайды. Бүгінде жетпістің желкесіне мініп, белесіне шығып ел ағасы атанған Әкім  деңгейінде. Біз үшін ол әлі де сол баяғы адал, ақкөңіл дос. Бірақ бүгінгі тәжірибесі толысқан, айтар сөзі салмақты, ұжымына сыйлы байыпты басшы атанған..

Оның өмір жолынан басқаларда кездеспейтін құндылықтарды көруге болады. Ең бастысы таңдаған мамандығына, істеген қызметіне деген қызығушылық, үнемі алға ұмтылушылық, қолында бар мүмкіндіктерді пайдаланып, бір орында тұрып қалмай алға ұмтылушылық. Ауыл баласының көбінде өмірге қажетті осы бір елдің алдында болайыншы деген талпыныс бола бермейді, содан барып күйкі тірліктің маңайында шыр айналып жүре береді. Жерге байланған психологиялық қоршауды бұзып шығу бәлендей білімділікті қажет етпейді, бірақ айналаңа зерделілікпен қарап, елдің баласының істеп жатқанына бір мезгіл көңіл аударуың қажет.

Жеткен жетістігіңе тоқтап қалмай, эаман ағымына сай білімің мен біліктілігіңді жетілдіріп отыруды да естен шығармаған жөн. Бұл үшін доктор немесе профессор болудың қажеті жоқ, ақырын жүріп, анық бассаң болды, сол жеткілікті. Әкімнің басқалардан өзгешелігі сол, осы әдісті шебер меңгерген. Еті тірілігінің арқасында мектеп директоры болды, аудан көлемінде алдыңғы қатарлылардың бірі болып көзге түсті, тиісті атақтарын алды, басшылық жасаған мектептері оқу үлгерімі жөнінен алғашқы бестіктің ішінде болды. Мұның бәрі тынымсыз еңбектің жемісі деп ойлаймын. Қанша алғыр болсаңда, қанша танысың болса да еңбек көрсеткіші басты роль ойнайды.

Ұжым ортасында қандай екенін білмеймін, біздің ортамызда қарапайым қалпынан айныған емес. Қандай биікке шықса да, арамыздағы достық қалпын сақтай білуі еш өзгерген емес. Өйткені ол — біз үшін кешегі ауылда өскен Әкім.

Ауылдағы басқа да отбасылар сияқты Әкім еңбекқор ортада өсті, өзінің белсенділігі арқасында ата-анасына көмектесті. Ол бала кезде әкесінің таңмен таласа тұрып  тері илеп, пеш жағып отырған түтінін, анасының таң алакеуден тұрып, қолынан түспеген жұмысын көріп өсті. Торсыққа жарамды теріні ыстап, оны дайын өнім күйіне жеткізуге дейінгі еңбек қажырлылықты қажет ететін. Біз өмір сүрген тұста ондай мамандар өте тапшы болатын. Ол іске әрине бала еңбегі де пайдаланылатын. Бүгінде оның аға-апалары мен бауырлары – жоғары білімді мамандар: бірі мемлекеттік қызметте, бірі мектепте ұстаз, енді бірі құрылыс саласында қызмет етті. Бәрінің ортақ тірегі – сол ардақты анасы мен шебер әкесі. Өткен өміріне көз жүгірте отырып Әкім айтады: «Маған ең үлкен мұра – ата-анамның еңбегі». Онысы рас та.

Мектепте жазған алғашқы мақаласынан бастап, бүгінгі жауапты қызметіне дейін барлығында сол отбасының береген еңбекқорлық ұстанымын, табандылығы мен адамгершілігін басшылыққа алғаны тағы шындық.

Құдай қосқан қосағы Роза Оразбекқызы да ұстаздық қызметте, қала мектептерінің бірінде тәлімгерлікпен айналысады. Білім саласындағы үш тілділік жүйенің оқытудың толық курсын бітірген.

Үлкен қызы Гүлнар – экономист, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне философия мамандығы бойынша докторантурада оқып жатыр. Жолдасы Дүйсембаев Азамат – халықаралық «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының түлегі, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Маркетинг және рекрутинг басқармасының басшысы, экономика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Ғылыми ізденістерімен қатар қоғамдық-мәдени шараларды ұйымдастырудың көшбасшысы, Вашингтондағы Қазақ-Американ қауымдастығы және Солтүстік Америкадағы Қазақстан мәдени- іскерлік қауымдастығымен байланыс орнатқан. Мұхтар Мағауинды ақтық сапарға шығарып салған қазақтың бірі.

Шырын Ақтау қаласына тұрмысқа шыққан, 4 баласы бар, өзінің мамандығы экономист, жолдасы бизнес саласында.

Әкімнің кенжесі Ұлан кәсіпкерлікпен шұғылданады, өмірлік қосағын таңдау үстінде, «бұйырған күні қолдарын жылы суға малатын болады» деп емексітіп қояды. Ол күн де алыс емес шығар.

Еңбекқор, шаруашыл ортада өскен Әкім бүгінде Қарағанды қаласының тұрғыны, Мектепте жазған алғашқы мақаласынан бастап, бүгінгі жауапты қызметіне дейін барлығында сол отбасының береген еңбекқорлық ұстанымын, табандылығы мен адамгершілігін басшылыққа алғаны шындық.ынан орын тепкен, зейнеткерлікке шықса да еңбектен қалған емес. Тынымсыз, мазасыз жан. Сол себептен жұбайы Роза жұмысқа шығарып жіберсе керек.

Ауылдағы отырыстардың бірінде Тайтөлеу ағамыз «Әкім қоңыр жігіт қой» деп қалды. Алғашында сөз мағынасын ұқпай қалдық. Артынан аңдасақ, ауылдасына берген нақты бағасы екен. Қазақта «қоңыр» сөзі тек түсті емес, қарапайымдылықты, дархандықты, тұйықтықты және жайлылықты білдіретін терең мағыналы ұғым екен. Сабырлы, табиғи болмысы бар сенімді жанды сипаттайтын жылы сөз.

Ойды ой жалғайды, жадыңды жаңартады. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін бойымызды еркіндік биледі, шаруашылықта жұмыс көлемі азайды, бұрынғыдай емес, 5-6 отбасы бірігіп, сылтау тауып бас қосуды да жиілеттік. Әкімнің анасы Қияжан апамыз Алматыға жиі барады. Ондағы қыздары бар, қайнағасы Төлеубай ақсақалдың балалары бар, бәрі бірігіп базарлықты мол салып береді. Қыздың үлкені Мұхсын прокурор, Мұхтарима адвокат, қолдарында барын ауылға жіберіп жатады. Ол заттардың бәрі қоржыннан шыққаннан кейін көк әбдіренің түбіне түседі.

Шақырған күні қонақтан қалмаймыз, дастарқанның үстінде Алматыдан келген тәтті дәмдінің бәрі болады. Бірінші үстелден тұрмай жатып Қияжан анамыз кіреді. Балаларының жақтырған жақтырмағанына қарамайды, көк әбдірені ашып, сәлем-сауқатын таратады. Үнемі солай. Өмірдің қысқа екенін, көк әбдіренің күндердің күнінде тарс жабыларын ойламағанбыз ғой. Анамыз дүниеден өткеннен кейін көк әбдірені естен де шығарып алдық, оғанда 30 жылдың жүзі болып қалыпты. Алла қаласа оның да ашылар күні жақын, Әкім 70-ке келгелі жатыр. Дүбірлі той болады деп шыдамсыздана күтіп жүрген жай бар, сол бір жақсы күнде кездескенше!

Ал енді құрметті Әкім /Шалгерей/! Сексеннің сеңгіріне, тоқсанның толқынына, жүздің жүйрігіне аман-есен жете бер. Отбасыңның берекесі, ағайынның тірегі болып жүре бер. Сенің әрбір жетістігің – біздің де жетістігіміз, біздің де мақтанышымыз. Ғұмырлы бол!

Аңғар СМАҒҰЛ,

ҚР журналистер

одағының мүшесі