Күй – қазақ халқының жан дүниесін, ішкі сырын сөзсіз жеткізетін ұлы өнер. Домбыраның қос ішегінен төгілген әрбір әуенде халықтың тарихы, тағдыры мен қуанышы, мұңы мен үміті жатыр. Күй – үнсіз тіл, бірақ ол жүрекке жол тауып, сананы тербеп, жанды толқытады.
Осы мақалада күй өнерін өмірінің мәніне айналдырған, домбыра тілін сөйлеткен күйші Мұқатаев Сымбат Имантайұлының рухани әлемі сөз болады. «Күймен сөйлеген жүрек» – бұл тек өнер иесінің ғана емес, күллі қазақтың жүрегіне шыққан сазды үннің көрінісі.
Сымбат Имантайұлы 1970 жылы Шет ауданы, Жарылғап батыр ауылдық округіне қарасты Қарғалы елді мекенінде дүниеге келген.
Кейіпкеріммен кездескенімде:
– Сымбат мырза, шыққан тегіңізді айтып берсеңіз? – деп сұрадым.
– Біздің тегіміздің өзіндік тарихы бар. Біз – Найман елінің ұрпағымыз. Ата-бабаларымыз Семей облысы, Аягөз ауданына қарасты Сұлутал деген жерде өмір сүрген. Алайда, тағдыр тауқыметі оларды талай сынға салған. 1928 жылы үлкен атамыздың ағайын-туыстарының дүние–мүлкі тәркілене бастап, ел ішіне ауыр нәубет әкеледі. Сол қиыншылықтың салдарынан бірқатар ағайын Қытай асып, Шәуешек өңіріне қоныс аударады. Көштің ішінде менің үлкен әкем де болған. Кейін елге қайта оралып, артта қалған туыстарын алып кетпек болғанда, НКВД қызметкерлерінің қолына түсіп, Қарағанды қаласындағы абақтыға қамалады. Екі жыл өткен соң түрмеден қашып шығып, Шет ауданының Қарғалы ауылындағы шөпшілерге қосылып, ел ішіне сіңіп кетеді. Сол кезде өз тегін жасырып, «Құсайынов емес, сары даладағы көде шөптің атымен Көдебаевпын» деп таныстырады. Өйткені, шын атын айтса, қайта ұсталып кету қаупі зор еді. Осылайша үлкен әкем Мұқатай жаңа ортаға бейімделіп, шаңырақ көтеріп, Қарғалы өңірінде тұрақтап қалады. Өмір бойы адал еңбек етіп, жеті бала тәрбиелеп өсіреді. Мен немересі болсам да, он жеті жасқа дейін сол кісінің тәрбиесінде болып, тәлімін алдым.
1958 жылы, араға отыз жыл салып, үлкен әкем ұлы Имантаймен бірге Семей өңіріне барып, көптен көрмеген аталас туыстарын тауып қауышады. Кейін тағы бір барғанында мені де ертіп барған еді. Ол кезде мен небәрі бірінші сынып оқушысы болатынмын.
Бүгінде Қытайда қалып қойған ағайындардың кейбір ұрпақтары да елге оралып, Қазақстанда өмір сүріп жатқандары бар. Солардың бірі – Астананың іргесіндегі Қосшы қаласында тұратын Мәден Мақсұтханұлы ағайымыз. Ағайын арасындағы байланыс үзілмей, араласып тұрамыз.
Атам 85 жасында дүниеден өтті. Қайтар сәтінде балаларын қасына жинап алып: «Намазым шығарылғанда мені Құсайынұлы Мұқатай деп атаңдар» деп аманат қалдырды. Онысы әрине, жүрегінде сақталған шын тегіне деген құрметі мен сағынышы екені белгілі.
«Жүк ауырын нар көтереді» демекші, өмірдің бар ауыртпалығын қайыспай көтеріп, ұрпағына адалдықтың, төзімнің, мықты рухтың үлгісін қалдырған бабаларымның тағдыры – тағылымға толы тарих» – деп естелігін аяқтады.
Сымбаттың әкесі Имантай бүкіл саналы өмірін ауыл шаруашылығына арнады. Арнайы дипломы болмаса да, ата-баба кәсібін жалғастырып, мал бағу мен оны өсіру ісін жетік меңгергенін баршаға көрсете білді. Малдың күтімі мен ем-домын жасап, ветеринарлық қызметті жауапкершіліпен атқарды.
Қолы қалт еткенде қолынан домбыра түспеген. Ән айту да жақсы ермегі болған. Үлкен сахнаға шықпаса да, кешкілікте үй ішінде, қонақтарда әуелетіп ән шырқаған. Орындайтын сүйікті әні Бәкір Тәжібаевтың «Ақбұлағы» екен. Тағы бір қасиеті, жылқыға жақын болып бәйгеге шабатын сәйгүліктерді баптаумен айналысқан. «Имантайкөк» атты тұлпары талай бәйгеде озып, ел арасында кеңінен танымал болған.
Имантай ақсақал «Ақшатау» кеңшары мемлекет иелігінен кетіп, жекешеленуге жатқанда Ақадыр кентіне көшіп келеді. Кейін Жезқазған қаласындағы кіші баласының қолына барып, 2017 жылы 71 жасында ұзаққа созылған науқастан қайтыс болады.
Ал енді анасына келетін болсақ, қазіргі уақытта Қарағанды қаласында баласымен, немерелерімен тұрып жатқан жайы бар. Шаяхметова Қарашаш шешеміз Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Бес баланы тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Ол кісі тағылымды тәрбиесімен ұрпағын тазалық пен тәртіпке үйреткен. Балалары анасын бір қабағынан-ақ түсініп, көңіл-күйін ұғып өскен. Қонақжайлығы бір төбе, дастарханы кең, берекелі әрі жомарт жан ретінде барша қауымға танылған.
Сымбат Имантайұлы 1977 жылы Қарғалы ауылындағы М.Мәметова атындағы мектебіне барады. Он бір жасынан бастап қолына домбыра ұстайды. Әрине, бұл өнер ең алдымен әкесі Имантайдан дарыған. Ең алғашқы ұстазы да сол кісі. Мектепте домбыра үйірмесі болмағанымен, мұғалімі Сүлейменов Қалдыбай мерекелік кештерде оған домбырамен ән айтқызған. Қалай домбыраны шертуді, қандай әнді айтуды үйреткен. Әнші бала әкесі айтатын «Ақбұлақ», Е.Альхожиннің «Қанатым», Е.Хасанғалиевтің «Атамекен», І.Жақановтың «Толағай», Н.Тілендиевтің «Алатау», тағы басқа әндерді сахнада орындап жүреді.
Сегізжылдық мектепті тәмамдаған өнерлі жас жігіт Жамбыл облысының Тараз қаласындағы мәдени-ағарту училищесіне оқуға түседі. Оқыған мамандығы автоклуб меңгерушілігі еді. Осы оқу орнында жүргенде күй тартуды меңгере бастайды. Бастапқы кезде халық күйлері «Айжан қыз», «Кеңес», Құрманғазының «Кісен ашқан», «Алатау», Түркештің «Көңілашар», Тәттімбеттің «Сарыжайлау», Нұрғисаның «Әлқисса», тағы басқаларын ойнауға жаттығады. Халық алдындағы концерттерге қатысып, сахналарда үйренген күйлерін орындап жүреді.
Үш жыл өткен соң оқуын аяқтап, жолдамамен сол уақыттағы Ақадыр аудандық мәдениет бөліміне автоклуб меңгерушісі болып жұмысқа тұрады. Алайда, көп ұзамай әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Ресей Федерациясының Череповец қаласында өтеп келеді.
Әскерден кейін 1991 жылы Ақшатау ауылының Ж.Алтайбаев атындағы мектебіне ән-күй пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Осы жерде домбыра үйірмесін ашып, оқушыларға ән айтуды, күй тартуды үйретеді. Дарынды балалар қай жерде болса да табылады – тек оларды байқап, баптай білу керек.
Жақсы маман қашанда көзге тез түседі. 1994 жылы оның қабілеті мен еңбегін бағалаған аудан басшыларының бірі Ақадыр кентіндегі Ә.Хасенов атындағы балалар өнер мектебіне домбыра сыныбының мұғалімі ретінде жұмысқа шақырады.
Өнер мектебінде қызмет атқарып жүргенде еңбектен қол үзбей Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университетінде «Халық аспаптары оркестрінің жетекшісі, арнайы пәндер оқытушысы» мамандығы бойынша оқып, жоғары білім алып шығады.
Аталған мектепті бірнеше жыл бойы мәдениет саласының майталманы, кезінде ауданның мәдениет бөлімін басқарған, бірнеше әннің авторы, күйші-сазгер Бектұрсынов Қуанышбек басқарды. Оның жас ұстазға көрсеткен қамқорлығы мен қолдауы айрықша болды десек, артық емес. Себебі, ол – Арқа өңірінде қалыптасқан шертпе күй дәстүрінің хас шебері. Осылайша, Сымбат Имантайұлы өзі де ұстаз бола жүріп, ағасының тәлімін алып, күй өнерінің қыр-сырын терең меңгерді. Үйренген күйлерінің арасында Ә.Хасеновтың «Қоңыры», Қыздарбектің «Қосбасары», Әбдидің «Қосбасары», М.Хамзиннің «Жайлауы», Сүгірдің «Қосбасары», Қ.Бектұрсыновтың «Қосбасары», Ы.Тәукейдің «Өмір Кәріп» атты шығармасы бар. Бүгінгі таңда күй өнерінің шеберіне айналып, кемел жасқа жеткен ұстаздың репертуарында қырықтан астам күй бар екен.
Сымбат Имантайұлы жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында 2010 жылы өнер мектебінің директоры болып тағайындалады. Алайда, 2018 жылы Шет ауданы бойынша оңтайландыру шараларының жүргізілуіне байланысты мектеп жеке мәртебесінен айрылып, аудан орталығында орналасқан С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің филиалы болып қайта құрылды. Қазіргі уақытта ол мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары әрі домбырадан аға оқытушы болып еңбегін жалғастырып келеді.
Ал енді музыка маманының шәкірттерін баулуда жетістіктеріне тоқталайық.
2019 жылы Тараз қаласында өткен Халықаралық «Жас толқын» өнер байқауының «Вальс снежинок» атты фестиваль-конкурсында Ақажан Нұрдәулет жүлделі орыннан көрініп, арнайы дипломмен құрметтелді.
2020 жылы Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – бастауы бар бағыттың» атты республикалық білім және өнер байқауында шәкірті Қанатбек Елдос оза шауып І дәрежелі дипломына қол жеткізді.
2021 жылы «Қазақстан таланттары Өнер Білім дамыту орталығының» үйымдастыруымен Алматы облысында өткізілген республикалық «Ерліктерің мәңгі ұрпақ есінде» атты жастар мен ересектер байқауында Молдаш Алдияр биіктен көрініп, І дәрежелі дипломымен марпатталды.
2022 жылы Орал қаласында өткен республикалық байқаудың «Аспапта орындаушы» жанрында жоғарыда атап өткен Ақажан Нұрдәулет І дәрежелі дипломының иесі атанды. Нұрдәулет кейін Тараз қаласында өткізілген ІІІ республикалық «Oner kerueni» байқауында тағы да топ жарып, бірінші орынды иеленді.
Облыстық, аудандық байқауларында жоғары көрсеткіштерді көрсеткен Бөгенбаева Асылжан, Төлеубай Гулфариз, тағы басқа шәкірттері жүлделі орындарды алып жүр. Аға оқытушының шәкірттерінің жетістіктерін айта берсек, жалғасын таба беретіні анық.
Оқытушы, Сымбат ұстаз республика көлемінде ұйымдастырылған түрлі байқауға шәкірттерін қатыстырып, олардың жүлделі орындардан көрінуіне үлкен үлес қосты. Ұстаз еңбегінің жемісі – шәкірт жетістігі десек, оның тәрбиелеген дарынды жастары талай додада топ жарып, ұстаз мерейін үстем етті. Осындай табанды еңбегі мен кәсіби шеберлігінің арқасында Сымбат Имантайұлы түрлі марапаттарға ие болып, еңбегі жоғары бағаланды.
Атап айтқанда, еңбегінің еленуі ретінде 2015 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық бизнес-рейтингі ұйымдастыру комитетінің шешімімен ол «Еңбек сіңірген мемлекеттік қызметкер» орденіне ие болды. Бұл марапат – оның білім беру саласындағы ұзақ жылғы табанды еңбегінің айқын дәлелі ретінде танылды.
2017 жылдың 22 қыркүйегіндегі №118 бұйрығы негізінде Республикалық қоғамдық марапаттар мен атақтар жөніндегі марапат алқасының шешімімен оған «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сол жылы «Қазақстан Таланттары Өнер – Білім дамыту» шығармашылық орталығы тарапынан да жоғары бағаланып, «Қазақ елінің үздік ұстазы» төсбелгісін иеленді.
Ұстаздың еңбегі одан әрі де лайықты бағаланып, 2020 жылы «Platon» Халықаралық білім дамыту орталығының шешімімен «Ұлы дала ұстазы» медалімен марапатталса, сол жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған республикалық байқауда жеңімпаз шәкіртін дайындаудағы жетістігі үшін «Үздік жетекші» атағына ие болды.
2021 жылы «Атадан-мұра» қоғамдық қорының шешімімен оған «Үздік ұстаз» төсбелгісі табысталды. Сонымен қатар, өнер мен мәдениетті дамытуға қосқан зор үлесі ескеріліп, «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалімен де құрметтелді.
Тәжірибелі ұстазымыз облыстық білім департаментінің, аудандық білім бөлімінің, Шет ауданы және Ақадыр кенті әкімдерінің Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталған.
Отыз бес жыл еңбек өтілі бар Мұқатаев Сымбаттың қажырлы еңбегі – жас ұрпақты тәрбиелеу ісіндегі табандылықтың, шығармашылық ізденістің және ұстаздық миссияға адалдықтың жарқын көрінісі.
Сымбат Имантайұлы жайында оның бұрынғы басшысы әрі ұстазы болған, бүгінде зейнеткерлікке шыққан, сексеннің сеңгіріндегі ақсақал Бектұрсынов Қуанышбек ағамыз:
— Сымбатты шертпе күй өнеріндегі өз шәкіртім деп толық сеніммен айта аламын. Ол – сауатты, үнемі ізденіс үстінде жүретін, нотамен еркін жұмыс істей алатын, өнерге деген талғамы биік күйші.
Ауылда мұғалім болып жүрген кезінде оның бойындағы табиғи дарынын аңғарып, аудан орталығына өз қолыммен алып келдім. Біраз уақыт менің қарамағымда еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтады. Күй орындау мәнерін өзімнің мектебім негізінде қалыптастырып, шертпе күйдің нәзік иірімдері мен терең сырларын меңгеруіне бағыт-бағдар бердім. Бүгінде ол сол жолды абыроймен жалғастырып, бірқатар күйлерді шебер орындап жүрген, өнері кемелденген, толысқан күйші ретінде қалыптасты — деп әділ бағасын берді.
Білікті ұстаз, өнер мен спортты қатар алып жүрген жан-жақты азаматтардың бірі. Ол тек шәкірт тәрбиелеуде ғана емес, саламатты өмір салтын насихаттауда да үлгі бола білген тұлға. Студенттік шақтан бастау алған спортқа деген сүйіспеншілігі бүгінге дейін үзілмей, қырық жылдан уақыттан бері үстел теннисін серік етіп келеді. Бұл дегеніміз табандылық пен тұрақтылықтың айқын көрінісі. Спорттағы жетістіктері де аз емес. Ол кент біріншіліктерінде, аудандық және облыстық спартакиадаларда үнемі бой көрсетіп, талай мәрте жүлделі орындардан көрініп жүр. Әр жарыс оның шеберлігін шыңдап қана қоймай, қайсар мінезін, жеңіске деген жігерін айқындай түседі. Ұстаз ретінде де білім саласы қызметкерлері арасында өтетін түрлі деңгейдегі жарыстарға белсене қатысып, әріптестері арасында абырой биігінен көрініп жүр.
Спорттағы әріптестері де оның еңбегін жоғары бағалайды. Соның жарқын дәлелі ретінде бірнеше жыл бұрын оның мерейлі 50 жасқа толуына орай арнайы кент біріншілігін ұйымдастырып, жоғары деңгейде өткізген болатын.
Осындай өнер мен спортты қатар ұштастыра білген, өмірдің әр саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырып жүрген Сымбат ұстаз, спортшы – шын мәнінде кейінгі буынға үлгі боларлық азамат.
Сымбат Имантайұлы 1992 жылы Жания Құтжанқызымен шаңырақ көтерді. Жанияның білімі жоғары, Қарағанды Мемлекеттік зерттеу университетінің «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын тәмамдаған білікті ұстаз. Қазіргі таңда Ақадыр кентіндегі М.Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектепте еңбек етіп келеді.
Ерлі-зайыптылар екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Бүгінде олардан тараған ұрпақтың қызығын көріп, бес немере (екі немере, 3 жиен) сүйіп отырған ардақты ата мен мейірімді әже атанып отыр.
Тұңғыш ұлдары Жәнібек Қарағанды қаласындағы политехникалық университетінің «Радиоэлектроника және телекоммуникация» мамандығында білім алған. Қазіргі уақытта автосервиспен айналысып, кәсіпкерлік нысанда еңбек етуде. Зайыбы Әсел Төлеутайқызы ҚарМУ-дың информатика факультетін тәмамдаған. Қаладағы бизнес орталығында әкімші болып қызмет атқарады. Екеуі Ермұхамбет, Асылым есімді балаларын тәрбиелеп отыр.
Қыздары Жібек Шымкент қаласының М.Әуезов атындағы университетінің хореография факультетін бітірген. Қазіргі кезде Ақадыр кентіндегі өнер мектебінде мамандығы бойынша қызмет атқарады. Жолдасы Жасқанат Тасболатұлы Алматы қаласындағы теміржол инженерлері институтын тәмамдаған. Ақадыр станциясындағы әскериленген күзет бөлімінде қызмет етеді. Бейбарыс, Бекарыс, Әмина есімді балаларын тәрбиелеп отыр.
Кенже ұлдары Саламат Қарағанды қаласының Мемлекеттік Зерттеу университетінің ІV курс студенті. Болашақта дене шынықтыру пәнінің ұстазы болуды мақсат етеді.
Мұқатаев Сымбат Имантайұлы – шертпе күйдің шебері ғана емес, ұлт өнерінің шынайы жанашыры, шәкірт тәрбиесінде өзіндік орны бар білікті ұстаз. Оның домбырадан төгілген әрбір күйі тыңдарман жүрегіне жол тауып, терең толғаныс сыйлайды. Жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен тынымсыз еғбегінің арқасында ол талай жасқа бағыт беріп, күй өнерінің өрісін кеңейтіп келеді.
Бүгінде де шығармашылық ізденістен танбай, ұлттық өнердің дамуына өз үлесін қосып жүрген Сымбат Имантайұлы – кейінгі буынға үлгі болатын тұлға. Оның еңбегі мен өнегелі жолы әлі талай шәкірттің шамшырағына айналып, қазақтың шертпе күй өнерімен бірге жасай беретініне сенім мол.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
