Ұстазға тағзым – ұрпаққа үлгі

Қоғамның дамуы мен ұлттың болашағы – ұстаз еңбегімен тығыз байланысты. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, елдің ертеңін қалыптастыруға үлес қосқан тұлғаларды ұлықтау – бүгінгі ұрпақтың парызы. Осындай өнегелі өмір иелерін еске алу арқылы біз тек өткенге тағзым жасап қана қоймай, келешекке бағыт-бағдар береміз.

Биғожин Қайрат Ерболатұлы – 1964 жылы 19 қаңтарда Қарағанды облысы Шет ауданы Ақсу-Аюлы ауылында қызметкерлер отбасында дүниеге келген. 1981 жылы М.Горький атындағы орта мектепті бітіріп, еңбек жолын ерте бастады. 1982-1984 жылдары Қарулы күштер қатарында азаматтық борышын өтеп, елге оралған соң жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы болды. 1985 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің физика факультетіне түсіп, 1990 жылы тәмамдады. Кейін білімін жетілдіріп, 2003 жылы Қарағанды экономикалық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша аяқтады.

Еңбек жолында түрлі жауапты қызметтер атқарған ол 1991-1994 жылдары техникалық станция директоры болса, 1994 жылдан бастап Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының директоры қызметін абыроймен атқарып, 25 жыл бойы білім саласының дамуына өлшеусіз үлес қосты. 2018 жылдан бастап Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымы Шет аудандық комитеті филиалының басшысы болды. 2023 жылы аудандық мәслихаттың VIII шақырылым депутаты болып сайланды.

Қайрат Ерболатұлы 40 жылға жуық өмірін білім саласына арнап, білікті басшы, жаңашыл ұстаз ретінде танылды. Оның жетекшілігімен мектеп-гимназия мәртебесіне ие болып, заманауи өзгерістер енгізілді. Педагогикалық ұжым облыс, республика көлемінде «Ең үздік мектеп» атанып, көптеген жетістіктерге жетті. Мектеп түлектері жоғары білім көрсеткіштерімен ерекшеленіп, олимпиадалар мен ғылыми жобаларда жүлделі орындарды иеленді. Ол әр баланың болашағына бағыт-бағдар беріп, олардың дұрыс мамандық таңдауына, сапалы білім алуына жол ашқан тұлға еді.

Осындай ардақты азаматты еске алу – кейінгі ұрпақтың парызы. Осы мақсатта 2026 жылдың 30 сәуірінде Шет ауданында мұғалімдер мен аудандық мекеме қызметкерлері арасында волейболдан ауқымды турнир ұйымдастырылды. Аталған игі бастама аудан басшылығының қолдауымен жүзеге асты. Атап айтқанда, аудан әкімі Мұхит Сайлауұлына, Шет аудандық мәслихат төрағасы Саят Социалұлына және «Аманат» партиясының Шет аудандық филиалының басшысы Бауыржан Аманкелдіұлына арнайы хат жолданып, нәтижесінде жан-жақты қолдау көрсетілді. Бұл – елдік істердің бірлікте жүзеге асатынының айқын дәлелі.

Жарыс барысында марқұмның рухына құран бағышталып, тағзым жасалды. Турнирге аудан бойынша 16 команда қатысып, өзара тартысты ойын өрнегін көрсетті. Аталған жарысқа қатысқан командалар қатарында Жарық ЖББМ, 6/6 «Нұрдәулет» (Ақсу-Аюлы), Ж. Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы (2 команда), Ж.Алтайбаев атындағы НОМ, Көктөңкелі ЖББМ, Ы. Алтынсарин атындағы ТМ (РО), Жасөспірімдер мектебі, Шет аудандық қаржы және кәсіпкерлік бөлімі, Батық ЖББМ, аудандық аурухана, Ақсу НОМ, Нұра ЖББМ, Ш.Уәлиханов атындағы ЖББМ, колледж, Мұхтар мектебі және Шет ауданының спорт бөлімі бар.

Нәтижесінде жүлделі I-орынды Шет ауданының спорт бөлімі иеленсе, II-орын Ы. Алтынсарин атындағы РО ТМ командасына бұйырды. Ал III-орынды Шет ауданының Балалар және жасөспірім спорт мектебі қанжығасына байлады.

Жалпы, бұл жарысқа 14 мектеп, 1 бөбекжай және 5 мекеме сұраныс беріп, олардың ішінен 10 мектеп пен 5 мекеме қатысып, барлығы 16 команда сынға түсті. Соның ішінде Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясы 2 командамен қатысуы – ұжымның ұйымшылдығын аңғартты.

Жарыс барысында тек командалық жетістіктер ғана емес, жеке шеберлік те назардан тыс қалмады. Арнайы аталымдар бойынша:

* Үздік байланыстырушы – Құлсары Мирас

* Үздік тосқауылдаушы – Советов Асылан

* Үздік шабуылдаушы – Әубакіров Асхат

* Үздік ойыншы – Амангелді Баубек

* Үздік қорғаушы – Темирбеков Талғат

* Ардагер ойыншы – Бояубаев Берік

* Үздік төреші – Самигуллаев Қайырбек марапатталды.

Сонымен қатар марқұмның отбасы атынан:

* Үздік ойыншы – Амантаев Марат

* Ардагер ойыншы – Қызылов Аманжол арнайы сыйлықтарға ие болды.

Бұл шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілердің де үлесі зор болды. Атап айтқанда, «Аманат» партиясы 100 000 теңге көлемінде сыйлық қорын ұсынса, Ақсу-Аюлы әкімдігі 20 000 теңге бөлді. Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназия ұжымы 158 000 теңге көлемінде қолдау көрсетті. Кәсіподақ тарапынан 100 000 теңге қарастырылып, Биғожиндер отбасы 60 000 теңге көлемінде қолдау көрсетіп, ас берді. Сонымен қатар жеке кәсіпкер «777» тарапынан асқа қолдау көрсетілді.

Осындай игі істің ұйымдастырылуына Ж.Ақылбаев атындағы мектеп-гимназиясының ұжымы мен аудандық кәсіподақ комитеті ерекше еңбек сіңірді. Сонымен бірге Білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық ұйымына, қолдау көрсеткен жеке кәсіпкерлер мен ардагер ұстаздарға айрықша алғыс білдіреміз. Бұл – ұстаздар қауымының бірлігі мен ұйымшылдығын көрсететін тағылымды шара болды.

Бұл турнир – жай ғана спорттық жарыс емес, бұл – ұстазға деген құрмет, өткенге тағзым, кейінгі ұрпаққа үлгі. Осындай тағылымды шаралар арқылы ел ішінде бірлік нығайып, ұрпақ санасына адалдық пен еңбектің құны сіңіріледі.

Ұйымдастыру комитеті барша қолдау көрсеткен азаматтарға алғыс білдіре отырып, алдағы уақытта да осындай игі істердің жалғасын табарына сенім білдіреді.

Бану Аманқызы ТҮСІПХАНОВА,

Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп гимназиясының директорының орынбасары