Өткенде «Аманат» партиясы ғимаратында «Қоғамдық саясат институты» Анар Фазылжанмен кездесу өткізді. Сонда бір сенат депутаты сұрақ қойды. Сөз арасында: – Кезінде «қылтима», «қолтырауын» деген секілді күлкілі сөздер де шықты ғой деп қалды.
Артынан микрофон сұрап алып, қолтырауын деген сөз бұрыннан барын айттым. Ескіге жүйрік жігіттердің айтуына қарағанда ол сөз «Қобыланды батыр» жырында да кездеседі екен.
Қолтырауын деген сөзге алғаш боп шәк келтірген тұңғыш президентіміз ғой. Анығында сол кісінің айналасындағылар. Ол кісінің 2018 жылы 10 қаңтарда жариялаған жолдауында «Если мы хотим, чтобы казахский язык жил в веках, нужно его осовременить, не утяжеляя избыточной терминологией. Однако за последние годы на казахский язык было переведено семь тысяч устоявшихся и общепринятых в мире терминов. Такие «нововведения» иногда доходят до смешного. Например, «ғаламтор» («Интернет»), «қолтырауын» («крокодил»), «күй сандық» («фортепиано») и таких примеров полно» – деп келетін сөз бар.
Қолтырауын үшін-ақ осы абзацты тұтасымен мансұқ етуге болады. Бірақ, бір сөзі қате, басқа сөзі дұрыс дейік десек, ғаламтор мен күйсандық та әп-әдемі сөз. Интернет пен фортепиано қазақ айтпай қойды деп жоғалып кететін сөздер емес (жоғалып кетсе де өз шаруасы ғой). Интернет те біреудің ойлап тапқан сөзі, екі сөздің қосындысынан шығып тұр. Ал фортепиано қазақтың айтуына ыңғайсыз сөз. Күйсандығымыз күй боп сайрап тұрған сөз. «Устоявшийся и общепринятые в мире термины» деген де жаңсақтық. Әлемде қабылданған, я болмаса қазіргілер айтпақшы халықаралық термин деген ұғым жоқ. Әр халық өзінше сөйлейді.
Қазақ тілін заманауиландыру (осовременить) деген сөз оны орыс тіліне ұқсату деген сөз болмаса керек. Бірақ президенттің аузына осы сөзді салу арқылы әлдекімдер қазақ тілінің дамуын біраз жылға баяулатып тастады. Сол уақытта осы идеяны ол кісіге кім ұсынған болуы мүмкін? Қалай ойлайсыздар? Сол адамдарды тауып ап, бүгінде есекке теріс мінгізсек, жаман болмаймыз.
Жә, енді бағанағы сенаторымыздың сөзіндегі екінші мысалға да тоқтала кетейік. Қылтима деген сөз. Бұл шаптырма, жерта*ақ үшеуі әзіл боп шығып тарап кеткен, ешқашан ғылыми ортада, терминкомда қаралмаған сөздер. Осы сөздерді айтып, мырс-мырс күліп, қазақтың жаңа сөздеріне қарсы болып отыратын адамдар ойланғаны жөн. Күнделікті қолданып жүрген қаншама сөзіміз (құжат, тұжырым, мәлімдеме, шағым, саябақ, бағдаршам, т.б) соңғы қырық жылда ғана шығып, орныққан. Қылжақ үшін шыққан үш сөзге бола қазақтың жаңа сөздеріне қарсы болуға болмайды. Қазақтың жаңа сөзіне қарсы болған адам орыстың ескі сөзіне барып жүгінуге мәжбүр болады.
Сосын қазақтың сөзіне күлсеңіз, ерінбей басқа тілдердің сөздері қайдан шыққанын қарап көріңіз. О жақта да күлетін нәрсе жетеді. Мәселен, «Педигри» деген әйгілі иттің тамағы бар ғой. Бұрын теледидардан жарнамасын ылғи беріп жататын. Сол француздың «pé de grue» деген сөзінен шыққан екен. Ол дегеніңіз тырнаның аяғы деген сөзді білдіреді екен. Кезінде құжат толтырғанда, шыққан тегі деген жерде ][ осыған ұқсас белгі тұрады екен. Осыны тырнаның аяғы, яғни pé de grue деп атайды екен (Ол уақытта норманд басқыншылығынан кейін ағылшындар француздың көп сөзін сіңіріп алған деседі). Осыдан келіп ағылшын тілінде pedigree деген сөз пайда болған. Ата-тек, ру, жеті ата, шежіре дегенді білдіреді.
Арман ӘЛМЕНБЕТ
