Дойбышылар жеңісі

Қарағанды облысының дойбышылары Ташкентте өткен құрлықтық біріншіліктен сегіз медаль және Азия чемпионы атағымен оралды.

100 және 64 шаршы дойбыдан өткен Азия чемпионаты Азия конфедерациясы тарихындағы ең ауқымды турнирлердің біріне айналды. Оған 15 елден 328 спортшы қатысты. Жарыстар әртүрлі жас санаттары бойынша ұйымдастырылып, «классика», «рапид», «блиц» және түрік дойбысы бағдарламаларын қамтыды.

Қазақстан құрамасы сапында Қарағанды облысынан Балқаш, Теміртау және Абай ауданынан келген жеті спортшы өнер көрсетті.

Турнирдің басты кейіпкері Манара Әбеубекова болды. «Балқашцветмет» байыту фабрикасының флотация маманы әрі қосымша білім беру педагогі халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері саналады. Ал 2024 жылы ол әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Спортшы дойбымен бала кезінен айналысып, 2006 жылдан бері жарыстарға қатысып келеді.

Азия чемпионатында Манара Әбеубекова жеті дисциплинаның барлығында өнер көрсетіп, әрқайсысында жүлдегерлер қатарынан көрінді. Оның қоржынында бір алтын, бес күміс және бір қола медаль бар. 64 шаршы дойбының классикалық бағдарламасында ол Азия чемпионы атағын жеңіп алды.

– Бәсекелестік өте жоғары болды, әсіресе Моңғолия мен Қытай спортшылары мықты қарсылас атанды. 64 шаршы дойбының классикалық бағдарламасындағы финалдық партия өте тартысты өтті: мен Өзбекстаннан келген тәжірибелі қарсыласпен ойнадым. Соған қарамастан жеңіске жеттім, – деді Манара Әбеубекова.

22 жасқа дейінгі қыздар арасындағы классикалық бағдарламада қола медальді Қарағанды индустриялық университетінің студенті Аружан Батыршаева жеңіп алды.

Облыс құрамасының көшбасшысы Мария Костицына 100 шаршы дойбыдан блиц бағдарламасында төртінші орын алып, жүлдеден бір қадам ғана қалып қойды.

Чемпионат дебютанттары да өздерін сенімді көрсетті. Олег Фёдоров ерлер арасында лайықты нәтиже тіркесе,

Балқаш қаласындағы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері Омархан Мәжікенов, Камила Қасенова және Сәнім Сағатова халықаралық аренада алғаш рет өнер көрсетіп, осындай деңгейдегі жарыстың тәжірибесін жинақтады.